Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Нағыз қазақ – қазақ емес...

Нағыз қазақ – қазақ емес...

Қазақ қашанда төл өнерді төрге оздырып, құрметтеген халық. Соның ішінде дәстүрлі домбыра тарту өнері өз алдына, қара талдан қашалып, қос ішекпен үн берген аспаптың өзін де ұдайы құрметтеп, айрықша қастер тұтады. Ұлы даланың үнін, мұңы мен зарын, қуанышы мен шаттығын шанағына сыйғызған асыл қазына жайлы сөз қозғау асылында қазаққа ғана тән болар. Өйткені қазақтың аяулы ақыны Қадір Мырза Әлі «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деді емес пе?! Көшпелі заман тұсында қазақ айтқан сал-серілердің өзі осы киелі аспапты құрмет тұтқан. Қайда барса да жанынан тастамай, жанымен егіз еткенін де білеміз. Енді осы қос ішекті қоңыр үннің шығу тарихына үңіліп, тереңнен тартқан тамырын басып көрсек...
Осыдан тура 5 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен арнайы домбыра күні белгіленгені көптің есінде болар. Сол кезде қазақтың жанымен егіз аспаптың асқақ болмысына тәнті болмаған жан кемде-кем шығар. Өйткені ұлттық құндылықтарды дәріптеуде арнайы мерекелер шоғыры қалыптаспаған. Соның ішінде домбыраға мұндай құрметпен қарау әлбетте мақтанарлық дүние еді. Бәрін айт та, бірін айт, сол сәттен бастап шілде айының алғашқы жексенбісі домбыра күні ретінде аталып өтіліп келеді.
Жалпы, қазақтың домбырасын, оның көмейінен төгілер күйді әлем халқы біледі десек артық айтқандық емес. Оған дәлел 2010 жылы Шыңжаң өңіріндегі Толы ауданының 10 мың домбырашысы бір сәтте қазақ халқының «Кеңес» күйін орындап, бұл жетістік Гиннестің рекордтар кітабына тіркелген болатын. Одан кейін араға екі жыл салып, қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған кішкентай домбыра «әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген еді. Мұнан бөлек, ЮНЕСКО-да адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне қазақтың қара домбырасын қосқан болатын.
Енді әңгімеміздің әлқиссасына ойыссақ. Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен ескерткіштер домбыраның ежелгі түркі дәуірінде пайда болғанын көрсетеді. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады.Белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеу дерегі бойынша Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі. Әрі саз аспабының мойнында ежелгі түріктің руна жазуы бар. Шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған, пернелері ағаштың қабығынан таспаланып тілініп жапсырылған, басы бұғы мен бұланның басына ұқсас және ол тас бетіндегі ежелгі түрік ескерткіштерінен көп айырмашылығы жоқ. Табылған саз аспабының пішіні бүгінгі күнгі Алтай домбырасына ұқсас. Бұл жәдігер біздің заманымыздағы 5-6 ғасырға жатқызылған.
Қазақ қоғамында «Домбыра» атауының шығу төркініне қатысты талас-тартыс көп.Түркі тілдес халықтарда домбыра тектес шертпелі аспаптарды қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак, бурят – домбро, монғол – домбор, түрік – томбра, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп айтады. Осындайда домбыра аспабы түркі халықтарының барлыған ортақ дүние ме деген ой келетін шығар. Жоқ, олай емес. Бұл қазаққа тиесілі аспаптың заманында көпге үлгі және белгілі болғанын байқатады. Әр ұлттың өзіне тән аспаптары бар. Соны ішінде домбыра тәрізді шертпелі аспаптар баршылық. Алайда оның барлығы осы негізде жасалған әр халықтың ерекшеліктеріне сай әзірленген.
Кей деректерге сүйенсек, «домбыра» сөзі көне шумерден аударғанда «кішкене садақ» деген мағынаны білдіреді. Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, «домбыра» сөзі «қозы құйрық» сөзімен байланысты «дунбаһ» және «бурра» деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек.
Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі «дөп бұра» немесе «дәл бұра», «дем бұра» деген сөздердің тізбегінен жасалған.Тағы бір деректерде «домбыра» атауы «дом+бұра» деген сөздерінен шыққан делінеді. «Дом» сөзі қазір «домығып, ісініп кету» мағынасында қолданылып жүр. Ал «бұра»,«күйге келтір» дегенге саяды.
Түрлі зерттеулерге сүйенсек, домбыра мен өзге халықтардың осы тектес аспаптары сонау орта ғасырларда белгілі болған. Мысалы, әл-Фарабидің еңбектерін оқысаңыз, тамбур аспабы жайлы кездеседі. Өзбектердің домбыраға ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» трактатында айтылды.
Жалпы, әрбір қазақ үшін киелі домбыра – ұлтымыздың символы. Қазақ күйі адам жанын тебірентеді, керемет сезімге бөлейді, жүрекке бойлап, терең бойлайды. Көпшелілер заманында да солай болған, бүгін де солай. Домбыра бағзы заманнан бері қазақ халқымен бірге жасап келеді. Адамдар оны қайғыда да, қуанышта да қолынан түсірмейді. Сыңғырлаған домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келеді. Аталған аспап туралы қазақ ертегілерінде де, аңыз әңгімелерінде де айтылады.
Дайындаған А.БИСЕНОВ
02 шілде 2023 ж. 391 0