Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда Эрмитаж сұратқан «сүйек домбыра» сақтаулы

Аралда Эрмитаж сұратқан «сүйек домбыра» сақтаулы

         6000 мыңдық тарихы бар, қазақ халқының өмірінде ерекше орын алатын аспаптың бірі – киелі қазақ домбырасы. Ұлттық сазды аспап – қазақтың жаны, тарихы, музыкалық құдіреті. Ол бар жерде қазақ халқының тілі, өнері, тарихы бірге жүреді.
        Домбыра тарихына көз жіберсек, ұлы ойшыл Әбу-Насыр әл-Фарабидің еңбектерінде кездесетін тамбур деген аспаптың болғанын білеміз. Мысалы өзбектердің домбыраға ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында айтылса,  қазақтың  халық  аспабы  домбыра  ХIY ғасыр жазбаларында да кездеседі. Өткен жүз жылдықта  ұлы халық композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер, жыршылар осы қазақтың қара домбырасы арқылы дүйім жұртты аузына қаратқан.        Домбыра турасында аңыз-әпсана қазақ даласында жетерлік. Оның барлығы да күй құдіретін айқындап көрсетеді. Тіпті, әуез құдіретін түйсінген қазақ ертеректе күй арқылы да ойын жеткізген. Бұған дәлел – "Ақсақ құлан" күйі. Жошы хан ұлының қалай өлгенін қазақтың қара домбырасымен жеткізіп, хан кейіннен жаза ретінде домбыра көмейіне қорғасын құйғаны бүгінге жеткен аңыздың бір парасы. Міне, бұл ескі әңгіменің барлығы да домбыра қасиетін көрсетсе керек.
       Қазіргі таңда күйші-жыршыларымыздан сақталған ұлттық аспаптар еліміздің түкпір-түкпірінде музейлерде сақтаулы. Арал аудандық тарихи-өлкетану музей қорында да осындай ерекше ұлттық құндылық сақтаулы. Ол 1992 жылдан бері мұражай экспонаттарының құндылығын арттырып тұрған бірыңғай сүйектен жасалған  домбыра.  Авторы – республикаға танымал зергер-ұста, алтынның сынығы ҚР Қолөнершеберлер Одағы мүшесі Құдайберген Құлмамбетов ағамыз.
       Аспаптың құндылығы бірыңғай сүйектерден жасалғандығында.   Ұзындығы 72 см, ені 16 см болатын аспап көптің қызығушылығын тудырады. Құнды жәдігердің тарихы туралы автор былай дейді:
       «1982 жылы  Арал аудандық  тұтынушылар одағы  жанынан кооператив дүкен ашылып, сонда жұмыс істедім. Сол кезде  ет  соятын құсқанадан арнайы 30 сомға 10 келі жас тайлақ етін алып  қайнатып, майын алып, қабырғасы сылынды. Сөйтіп, домбыраның басқада бөліктерін жасауға  баспақ, қой, ешкі сүйектерін пайдаландым. Домбыра 1985 жылы дайын болды. Оны 1988 жылы Алматы қаласынадағы республикалық көрмеге апарып, ерекше домбырам көптің қызығушылығын оятты.»
        Музей қорын толықтырып тұрған бұл аспапты сол кезде Ресейдегі және дүние жүзіндегі ең ірі көркемсурет және тарихи-мәдени мұражай Эрмитажға да сұратқан. Алайда автор сұранысты орындамай, кейін аудандық музей қорына өткізді. Негізінен көрме үшін жасалған туындының құлағын келтірсе, нақышқа салып, сырлы саз тартуға да болады.
              Өткен жылдан бері қазақтың көне аспабын насихаттап, қастерлеу мақсатында арнайы күн белгіленді. Бір қарағанда  қарапайым болып көрінетін осынау аспаптың тыңдаушының жүрегіне қуаныш сыйлайтын құдіреті шексіз.
«Домбыра  жүрегіммен үндес едің,
Өзіңмен сырласымдай тілдесемін
Бабамнан қалған мұра сен болмасаң
Өнердің не екенін білмес едің» – 
        деп ақиық ақын Мұқағали  Мақатаев  жырлағандай  қазақ домбырасы әрбір шаңырақтың  киелі мұрасы, қастерлі дүниесі болуы шарт.
        Бүгінде әлем халқы қазақ музыкасы жайлы сөз етсе, домбыра міндетті түрде қатар айтылады. Оған қазақ музыканттарының қосқан үлесі зор. Сондай жанның бірі – Аралдың тумасы, күйші-композитор Жасарал Еңсепов. Қазақ эстрадасына ДЭККО (Д-домбыра Э- эстрада К- күй К -компьютер О -орындаушы) ағымын алып келіп, ұлттық аспапты компьютерлендіріп, эстрадалық бағытта насихаттады. Ұлы Асылбек Еңсеповтың орындауымен жаңа бағыт ел арасына тез танылып, халық жүрегінен орын тапты. Туған жер перзенттерінің осындай зор еңбегі біздің кеудемізде мақтаныш сезімін оятады.
Гүлнар  КАРИМОЛДАҚЫЗЫ,
 Арал аудандық тарихи-өлкетану музей  ғылыми қызметкері
07 шілде 2020 ж. 1 537 0