Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көңіл толқынысының көрінісі күйде

Көңіл толқынысының көрінісі күйде

"Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.." – деп қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әли жырлағандай, қасиетті қара домбыраның киесін халқымыз көнеден-ақ терең ұғынған. Ақын осы жырында "Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын, Деп бір хаһан шанағына құйған оның қорғасын" келтірілген хан баласының өлімін естірткен күйші жайлы аңызды ес білген баладан еңкейген қарияға дейін жақсы біледі. Себебі мұның тарихы ауыздан-ауызға жетіп, жиі айтылады.
Бірақ бұл домбыраның құдіретін көрсететін бір ғана мысал емес. Күйшінің ішіндегі көңіл толқынысымен қауыша кетіп, талай дүниенің туылуына себепші болған да осы домбыра.
Мысалы, көпке танымал Қаратау күй мектебінің өкілі, дәулескер күйші Төлеген Момбековтің "Салтанат" күйін білмейтін қазақ жоқ шығар. Бірақ тыңдаған жанды мұңға батыратын осы бір туындының тарихымен таныс жандар аз. Көңілімізді мұңның жетегіне ертіп кететін күйдің мұнша ауыр болуына не себеп болды екен?
1969 жылы Төлеген Момбековтің асыл жары Пернеш қайтыс болып, Райхан, Қызжан, Дана, Гүлжан, Салтанат атты бес қызымен, Қайрат атты бір ұлымен қалған Төкеңе бұл қаза қатты батады. Жан күйзелісіне толы осы жылы өмірге бірінен соң бірі төрт күй келеді. Сол кезде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істейтін Төлеген бір күні жұмыстан шаршап үйіне келсе, Қайраты төрт жасар Салтанат деген қызын жылатып қойыпты. Сонда Салтанат өлген шешесін ұмытпай: "Апама айтам" деп зар еңіреп жылайды. Осы сөзді құлағы шалып қалған күйші сондай бір ауыр күй кешіп, қатты толқиды. Қызын жұбатып отырып: "Қайтемін, жаным-ау" деп қосыла жылайды. Сосын сүйеніші де, жұбанышы да болған домбырасын сабалай береді. Ертеңіне жаңа күй шығады. Күйдің атын қызын жұбату ретінде "Салтанат" деп қояды.
Міне, тарихының өзі танысқан жанның жүрегін қозғайтын осы бір оқиғаны халыққа сол күйінше жеткізіп, күйшінің жұбанышы болған қос ішекті қара домбыраның құдіретіне қалай ғана бас имеспіз. Қазақпен біте қайнасқан осы бір аспап қашанда халықпен егіз ұғым болып қала бермек. Домбыра дархан даланың үнін көктің кең жүзіне жеткізе берсе, елдігіміздің ертеңі де еңселене бермек. Сол себепті оған құрмет өлшеусіз болуы керек.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
02 шілде 2022 ж. 2 410 0