Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұрын баланың тұсауын кімдерге кестірмеген?

Бұрын баланың тұсауын кімдерге кестірмеген?

Тұсау кесу - қазақ халқының бала тәрбиесіндегі орны елеулі әдет-ғұрпы. Бұл бала жығылмай жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын дәстүр. Міндетті түрде орындалатын салт. Баланың тұсауын танымайтын адамға кестіруге бола ма? Бұл сұраққа Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері, этнолог Нұрлыбек Айдарбекұлы Досымбетов жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Этнолог Нұрлыбек Айдарбекұлы тұсау кесу салтының түпкі мәнін және бұрын баланың тұсауын кімдерге кестірмегенін айтып өтті.

"Күні бүгінге дейін сақталған қазақтың салт-дәстүрлерінің бірі – тұсаукесер. Сәбиді қаз тұра бастағаннан тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып. Сондай-ақ, тұсаукесер сәбидің өмір жолы ашық болсын деген жақсы ниетке негізделген. Тұсауды сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсау кесетін адам ретінде ауылдағы жылдам басатын әйелге кестіреді. Отбасын құрмаған немесе жасы келген кісілерге тұсауды кестірмеген. Тұсауды өткір пышақпен кеседі. Өмірі қайшыланып қалады деп қайшымен кеспейді. Тұсау кескен кісіге әркім шамасына қарай сыйлық берген. Тұсау кесуші не берсе де разы болып, өзіне сенім білдіріп, тұсау кестіргеніне ризашылық білдірген. Сәби тез жүріп кетсе, тұсау кесушінің қолы жеңіл болды десетін. Бүгінгі таңда, тұсаукесердің орындалу барысы, мән-мағынасы біршама өзгеріске ұшырады", - деді маман.

Қазір баланың тұсауын танымал адамдарға кестіру сәнге айналды. Маман бұл орайда өз пікірін білдіріп, тұсау кесетін адамды таңдағанда не нәрсеге мән беру керегін айтты.

"Негізінен, қазіргі таңда баланың тұсауын мінезін жақсы білетін туыстарыңа, достарыңа кестірген дұрыс деп есептеймін. Танымал адамдарға арнайы кестіретіндер де көбейген. Халық тарапынан сұраныс көбейгендіктен, өзінің танымалдылығын пайдаланып, тұсаукесерді арнайы табыс көзіне айналдырған жандар да жеткілікті. Осы орайда, танымал адамдар ретінде тұсау кестіруге сұраныстағы жандар негізінен шоу-бизнесте жүрген әншілер екендігін айта кету керек.  Кейбір жандар тұсау кестірер кезде әншінің халыққа танымалдылығын ғана назарға алып, оның жеке өмірде қандай адам екендігіне мән бермейді. Мүмкін, ол танымал әнші ажырасқан немесе түрлі зиянды әдеттерге әуес болуы мүмкін. Сондықтан, халық алдында танымал екен деп кез келген "көлденең келген көк аттыға" тұсау кестіре берген дұрыс емес. Қазіргі таңда тұсау кесетін адамды таңдаған кезде оның мінез-құлқына, қабілетіне, білім деңгейіне мән берген дұрыс деп есептеймін. Сондай-ақ, отбасылы, бала-шағалы екендігін де назарға алған дұрыс шығар. Себебі, тұсаукесер ұрпағыңның болашағы жарқын болсын деген ырымға негізделгендіктен таңдаған тұсау кесуші адамның да жақсы болғандығы дұрыс", - деп қорытындылады Нұрлыбек Айдарбекұлы.

Фото: qarmaqshy-tany.kz
11 тамыз 2023 ж. 407 0