Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтарды әскерге тіркеудің жаңа форматы енгізіледі

Азаматтарды әскерге тіркеудің жаңа форматы енгізіледі

2024 жылы 1 қаңтарда Қарулы күштерде 17 жастағы қазақстандықтарды проактивті режимде тіркеудің пилоттық жобасы басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қорғаныс ведомствосының бұл жобасы "Электронды үкімет" порталы және еGov мобильдік қосымшасы арқылы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді көздейтін "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бағытталған.

Үкімет қорғаныс министрлігінің 2024 жылы азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді автоматты түрде жүргізу туралы бастамасын қолдады.

    Тіркеу азаматтарды әскери есепке алу, олардың саны мен әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау мақсатында жүзеге асырылады. Егер бұрын бұл деректер аудандар мен қалалардың қорғаныс істері жөніндегі басқармалары мен бөлімдерінде өткізілетін шаралар барысында анықталса, енді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциялық өзара іс-қимыл деңгейі 17 жастағы жастарды олардың тікелей қатысуынсыз әскери есепке алуға мүмкіндік береді, - дейді қорғаныс министрлігіндегілер.

Жастардың денсаулық жағдайы туралы мәліметтер денсаулық сақтау ұйымдарының ақпараттық жүйелерінен алынады.

Ведомство ақпаратынша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2007 жылы туған Қазақстан азаматтары тіркелуге жатады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл шамамен 120 мың бозбала.

Проактивті режим әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді ұйымдастыру және жүргізу үшін жыл сайын бөлінетін миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Қызметті автоматтандыру сол сияқты шақыру учаскесіне тіркелу туралы куәліктерді алу қажеттігін де жояды, деп нақтылады министрлік.

19 тамыз 2023 ж. 227 0