Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тойдың да тойы болады...

Тойдың да тойы болады...

Жақынымыздың қуанышына бірге қуана білетін қазақ үшін той ұғымы барлығымызға таныс дүние. Күн жылынып жер бетін көк басқалы той жасауды жоспарлап, қолға алатын жандар көбейетіні белгілі. Иә, осы уақытта тойдан қалмайтын барша қазақ барын киіп, мейрамхана жағалап кетеді. Кей кезде біздің өзге ұлттардан ерекшеленетін қасиеттеріміздің бірі осы тойшылдығымыз емес пе деп қаламыз. Себебі барын шашып, дүркіретіп той жасайтын қазақтар ғана секілді. Иә, бірі баршылықтан барын шашар, ал енді бірі екі баланың бақыты үшін қатарынан қалмасын деп қарызданып жатады.
Өзінің жақындарын шақырып, қуаныштарын бөлісу үшін емес, барын көрсетіп, «менде баршылық» дегендей жасалып жатқан той секілді көрінеді кейбірі. Иә, келген қонақтардың ақ тілектері мен шын ниеттерін ысырып қойып, кімнің қанша әкелгенін аңдып тұратындары тағы бар. Расымен де, қазіргі той бәсекеге толы секілді көрінетіні көңілге қаяу түсіреді. Ал балаларына қатарынан қалдырмай, әдемі той жасау үшін несие алатын ата-аналардың жағдайы тіпті бөлек. Бір күндік қуанышты 5-6 тіпті, 10 жылдап төлейтіні анық. Өздері барды ішіп, қымбат киінбесе де, баласының қуанышы үшін қолдан келгенін аямайды. Ал кейін жалғыз ұлдың «қалаға бөлек кетемін» демесіне бола ма, тойдан кейінгі қарызды ұмытып, қала өміріне қызығып кететіндері де жоқ емес.
Той көрсетілімін басынан бастайықшы. Алдымен кешкі 19.00-де басталады деген той, 21.00-сіз басталмайтыны белгілі. Ал құдалардың келуін тағатсыздана күткен жұрт оларсыз дастархан басына жайғаспайтыны бөлек әңгіме. Құдалар келіп, қонақтар жиналып, екі жасты тағы күтетіні бар. Бұл уақытта екі жас қымбат көлік жалдап, қала аралап, той серуенін жасап жүреді. Мұның өзі біршама қаражатты қажет ететін дүние. 10 шақты қымбат, биік көліктермен көшені шулатып өтетін «гулянка» дейтін салт бұрын қазақта болмағаны анық. Осы сәттерде жоғары жылдамдықпен жүрген биік көліктердің жол-апатына ұшырамасына кім кепіл?! Әрине, мұндайдың беті аулақ, дегенмен қауіпсіздік қашанда қажет екенін ұмытпаған жөн. Ал, қала аралап жастар келіп, мейрамханаға енді делік.
Осы сәтте біршама қаржыға жалданған той басқаратын асаба әдеттегідей жастарды отырғызып, тойды бастап кетеді. Алдымен сөз жігіт жақтың үлкендері мен туыстарына берілетінін барлығымыз білеміз. Біздің қазақ тойда сөз тимесе ауырып қалады емес пе?! Алайда барлығына бірдей сөз беріп тұратын уақыт қайда? Асаба жұп-жұптап ғана сөз беріп жатқанда, кей жандардың сөйлеуге шабыты ашылып, «не дейміз енді» деп тұрып алмасы бар ма?! Сөйтіп тұрғанда қонақтардың іші пысып, мейрамхана іші гүбір-гүбір әңгіме, у-шуға айналады. Соңында әншілерге уақыт болмай қалып жататын сәттер болады. Негізі тойдың сәні сол ән мен би, қуанышты сәтте түрлі ойындар ойнап көңіл көтеру емес пе?!
Ал, тойдағы торттың бағасын білесіз бе? 70-80 мыңның үстінде тұратын 3-4 қабатты тортты ортаға әкеліп жастарға пышақ ұстатып, кескізу дәстүрі де бұрын қазақта болмаған. Осы тұста Зейнеп Ахметова апамыздың мына бір сөзі еріксіз ойға оралады: «Торт – жеті атамыздан қалған ас емес. Торт кесу жоралғысы басталар алдында, тойдың үстінде жарықты сөндіреді. Бұл нағыз қазақ ұғымына қайшы дүние. Әдетте «Шырағың сөнбесін» дейді қазақ. Шынын айтқанда, отау көтеріп, азамат болып, бір шаңыраққа ие болып жатқан жігітке қолына пышақ беріп, әйелдер секілді торт кестіру қазаққа жат қылық» – деген еді. Дәстүрімізді ұмытып, жат жоралғыларға ерік берген қазақ қоғамының келешегі қандай болар екен деген ойда қаласың кейде.
Кей тойларда атақты абасалар мен әншілерді шақырып жатады. Мұның өзі тойдың жарты бағасынан кем тұрамасы анық. Айта берсек, тойдағы шығынның реті таусылмайды. Мейрамхананы жалдаудың өзінен бастап, оның безендірілуі, қалыңдықтың көйлегі мен жігіттің киімі деген секілді дүниелердің өзі арзанға түспейді. Ал, тойбастар ше? Соңғы кездері тойбастарды тойдың соңында беріп жатады. Бұл дегеніміз тойға келген халықтың кайтып кетпеуін қамтамасыз етудің бір жолы. Иә, жасыратыны жоқ қазір тойға келген жандардың көбісі тойбастарды күтеді. Ал оның әдемі және көлемді болуы той иелерінің абыройына қарайды. Тойбастарды да бәсекелестікке айналдырып үлгерген қазақ мақтанышпен қымбат дүниелер таратқанды қалайды. Мұның барлығы дұрыс дүние емес екендігі анық. Тойға адам сынап емес, сол отбасының қуанышын бөлісу үшін келеді.
Қазақ көңілі кең, дарқан халық. Қуанышты бөлісу үшін әрдайым қолындағы барын беруге дайын елміз. Дегенмен, «тапқанымыз тойда шашылсын» деп астамшылдыққа салынғанымыз болмас. Бір жылдары шымкенттік жас жұбайлар елді таңқалдырған болатын. Яғни, қымбат көлік жалдап жастар серуенін жасаудың орнына, сол шығынға балаларды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілеріне арнап дастарқан жайған болатын. Көңілді кеш ұйымдастырып, ән мен би билеп, балаларды қуантып қайтқан еді. Міне, бәсекелесіп бекерге мал шашып, шығынға батқанша кішкене болсын сауапты іс істеп жарысқанымыз жөн.
А. НҰРЛАНОВА
21 тамыз 2023 ж. 139 0