Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Конституция – ең басты құндылығымыз

Конституция – ең басты құндылығымыз

Еліміздің Ата Заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды. Міне, Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 28 жыл толып отыр.
Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықтық ел ретінде айқындайтын басты құжаты саналатын Конституция – барлық құжаттардың бастауы. Қандай мемлекеттік орган, мекеме, ұйым болсын өз қызметінде Конституцияны басшылыққа алатыны анық.
Өткен жылы маусымда өткен жалпыұлттық референдумда Конституциялық реформа жасалды, яғни Ата заңға өзгерістер енгізілді. Заңның үштен бір бөлігі қайта жазылды. Бас құжаттың жаңғыруы ел азаматтарының жеке бас құқығынан бастап мемлекеттің саяси басқару жүйесіне дейінгі тармақты қамтиды.
Алдағы уақытта да Ата Заңымыздың мақсаты – еліміздің әлеуметтік жағдайын көтеретін әрі азаматтардың қазіргі заманға сай өмір сүруіне барлық жағдайды жасайтын, мемлекеттің өркениетті елдер қатарында болу жолындағы қадамымызды реттейтін бағдаршам болмақ. Конституцияда елдің әрбір азаматының, ұлттар мен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсат-міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Қоғамдық өмірдегі барлық құндылықтардың ішінде адам құқықтары мен бостандықтары өте маңызды болып саналады.
Мемлекет басшысы перспективадағы дамуымыздың нақты бағыттарын 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және өткен жылдың 11 қаңтарындағы Парламентте, сондай-ақ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөздерінде тағы да нақтылап көрсетіп, Жаңа Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік даму бағыттарын анықтап берген еді. Конституцияның аясында ел игілігі үшін көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі жарияланғаннан бастап еліміздің сыртқы саяси стратегиясын бекітіліп, әлемдегі қаншама мемлекетіпен дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
Әрбір азаматтың заңмен белгіленген құқықтарын білу қажеттігі –қазіргі заман талабы. Халқы заңын сыйлайтын, құқық қорғау органына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Конституциямыз қабылданған күннен бастап барлық салада үлкен жетістіктерге жетіп, іргелі елге айналдық. Соның бірі еліміздің Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына 2010 жылы төрағалық еттуі. Қысқы Азиада ойындарының өтуімен еліміздің баға жетпес жетістіктерін мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ бас қаламыз Астанада 2017 жылы ЕХРО халықаралық көрмесінің өтуі еліміздің жетістіктерін көрсету арқылы дүние жүзі халқының алдындағы беделі арта түсті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құрудағы нақты әрі әділ қадамдарды жүзеге асыру үшін халықтың ауызбірлігі, ынтымағы аса қажет екендігін атап айтқан болатын.
Жаңарған мемлекет Конституциясы негізінде жаңа Қазақстанды құру – бүкіл Қазақстан халқының ортақ міндеті. Сондықтан ендігі кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір¬лігімізді сақтай отырып, ынтымақ пен қажырлы еңбектің арқасында экономикасы дамыған, әлеуеті өркендеген жаңа Қа¬зақстанды бірге құруға атсалысайық, ағайын!
К. МАХСҰТ 
30 тамыз 2023 ж. 159 0