Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тажалды да жеңгенбіз

Тажалды да жеңгенбіз

Бәсекелестік қай уақыттан бері дамыған елдер арасындағы басты тартысқа айналған. Бұл әсіресе әлемде қырғи-қабақ соғыс болып, державалар атом қаруын ойлап тауып, жетілдіріп жатқан кезде тіпті өрши түсті. Кеңес одағы да бәсекелестерінен қалмай, бұл залым доданың басты ойыншысына айналды. Ядролық қаруды дамытып отыру үшін ұдайы оны сынақтардан өткізіп отыру керек еді, бұл сынақтардың бағасы да ауыр еді.Қоршаған орта және адам қауіпсіздігі мен денсаулығына әсер ететін ауыр зардаптардарды қызыл үкімет айқын білді. Отаршылдық пиғылдағы Кеңес үкіметі бұл ауыр салдарды қабылдау үшін Қазақстанды таңдады.Батысымызда Капутин Яр полигонын салса, шығысымыздан қара түндей Семей полигоны пайда болды.
Сол уақыттарда жасырын ұсталғанымен кейіннен мәлім болғандай арнайы 18 миллион гектар жер бөліп, 1949 жылы Семей ядролық қару алаңы ашылған. Алғашында адамға да, жануарға да, жалпы тірі тіршілік иесіне орасан зор зиян тигізетін ашық жарыластар жасалды. Әр сынақтан кейін радиация тарап, одан шамамен 500 мыңдай адам зардап шеккен. 1949 жыл мен 1963 жылдың арасында болған ашық сынақтар зардаптарының есебі көп болды. Аймақтағы ауру-сырқаттың есебін Кеңес одағы ыдырағанға дейін барынша мұқият жасырып келді. Бірақ Семейде онкологиялық, жүрек аурулары, жүйке жүйесі мен психикалық аурулар күрт артты. Көптеген жазықсыз жандар, көптеген отбасылар өз жақындарының қиналысына шыдай алмай қайғы кешті. Семейде жалпы саны 456 ядролық сынақ болса, соның 116-сы ашық әуе кеңістігінде жүзеге асырылды. Қазірде зерттеушілердің пайымдауынша бұл жарылыстар әлемдегі ең қуатты, күші жағынан ауыр жарылыстар болған.
Атап өтсек әлемдік тарихтағы ең орасан зор апат болып табылатын Хиросимаға 1945 жылы тасталған ядролық атом бомбаларынан Семейде сынақтан өткізген атом бомбасының қуаты 2,5 мың есеге қуатты болған.Ядролық жарылыстардан ең сорақы жері қауіпсіздік. Шаралар тиісті дайындықсыз, жауапкершіліксіз жүргізілген. Халыққа алғашқы сынақтардың өтетіндігін ешқандай да билік өкілдері ескертпей, сынақ кезінде тосыннан болған жарылысты көргенде халықтың қандай жантүршігерлік сезімдерді бастан кешіргені айтпаса да түсінікті. Ядролық сынақтардың болатындығын ескерту тек қана 1953 жылдан бастап ғана жүргізілген.Одан бұрынғы уақыттарда жарылыстар туралы ешқандай түсіндірімелер берілмеген. Адамдарды қорғау мақсатында жергілікті тұрғындарды сынақ алаңынан алыстатып, қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстары мүлдем жүргізілмеген, адамдарға көмек көрсетіліп, эвакуацияға қажетті мемлекет тарапынан қолдау болмағасын адамдар қираған үйлерде, сол радицалық аймақтарға малын бағып, шаруашылығын жүргізіп адамдар бұрынғыша өмір сүруін жалғастыра берген. Қиналыстарды тікелей қабылдап, ауыр күндерді бастарынан кешірген.
1963 жылдан бастап сынақтар жер астында өткізілгенімен, оның зардабы да аз болмады. Мысалы, атап айтсақ, 1989 жылы 12 ақпан күні жоспар бойынша кезекті сынақ өткізіледі. Бұл сынақ кезінде жерасты үңгірлерінің бірінде қуаты 70 килотоннадан асатын ядролық атом жарылды. Оның салдарынан сол жерде саңылаулар пайда болып, саңылаулардан бірнеше тәулік бойы радиациялық газдар жер бетіне шығып, тарап тұрған.Ол газдардан пайда болған радиациялық бұлт сол аймақта бүркеп, аймақтағы ахуалды қиындатты. Бұл жағдайдан кейін санжылғы азаптарға шыдамаған Қазақстан халқының наразылық көрсетуі басталды. Елімізде «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы қалыптасты. 1989 жылы ақпан айында наразылар өздерінің ең алғашқы қарсылық митингісін ұйымдастырды. Қозғалысты қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды. Онда: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада – Семей» қозғалысын құрдық» – делінген болатын. Осы қозғалыстың күшімен 1991 жылы 29 тамыз күні Семей полигоны жабылды. Осылайша біз тажалды да жеңгенбіз.
Семей сынақ полигоны тек сол аумақтағы жергілікті халықтың ғана қасіреті емес еді. Бұл барша қазақтың басына түскен қорқынышты алапатқа айналды. Бұл ретте біздің ауданнан да қаншама азамат әлі күнге дейін радиацияның кесірін көріп келеді. Сынақ полигонына ауданның 150-дей адамы қатысса, бүгінде соның жартысы өмірден өткен. Қазірде Аралда 70-тен аса Семей сынақ полигоны ардагерлері бар. Солақай саясаттың сынағына түскен жандарға бүгінде жыл сайын құрмет көрсетіліп, батыр деп танып төрге оздырады. Дегенмен солардың 28-і ғана мемлекет тарапынан көмек алып, жеңілдіктерге ие болып отыр. Осы ретте өзге де Семей полигоны ардагерлеріне осындай жеңілдіктер қарастырудың жолы жасалса нұр үстіне нұр болар еді дегіміз келеді.
Қаражан ІЗТІЛЕУОВ,
Арал аудандық Семей сынақ полигоны
ардагерлері кеңесінің төрағасы
30 тамыз 2023 ж. 174 0