Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сынақ полигонының зардабы

Сынақ полигонының зардабы

Осыдан 33 жыл бұрын, яғни 1989 жылдың 25 ақпанында Семейдегі сынақ полигонын жабу үшін ұлы күрес басталған болатын. Белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен "Невада-Семей" антиядролық қозғалысы құрылды. Бұл қозғалыс Қазақстанда ядролық қаруларды сынауды дереу тоқтату жөнінде ашық мәлімдеме жариялап, еліміздің барлық қоғамдық, шығармашылық, діни ұйымдарына, бейбітшілік қорғау комитетіне, басқа да халықаралық ұйымдарға үндеу жариялаған еді. Сөйтіп, қозғалыс халықаралық мойындауға ие болды.
Тарихи деректерге көз жүгіртсек, полигонның 40 жылдық сынақ трагедиясында 459 әртүрлі ядролық жарылыстар, соның ішінде әуе мен жер астында 116 сынақ жасалған. Осы жарылыстардың әсерінен радиоактивті шөгінділер жарылыс болған эпицентрден бұлттар мен жел арқылы таралды. 1953 жылы 12 тамызда Семей ядролық полигонының төңірегіндегі жарылыс қуаты 480 килотонна болған. Жарылыстан кейін пайда болған радиоактивті газдардың саңырауқұлақ секілді бұлты 16 километр биіктікке көтерілген. 1955 жылдың 22 қарашасында жер үстінде жарылған сутегі бомбасы адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сынақ еді. Осынау жарылыстың салдарынан бір кездері жартастардан құралған Дегелең тауы қиыршық тас үйіндісіне айналған екен.
Осы уақытта 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалып, мыңдаған адамның денсаулығы мен өміріне залал келтірілді. Тек 1949-1963 жылдары жалғыз Семей полигонында сынақтан өткізілген жарылыстардың күші Хиросимаға тасталған ядролық бомбадан 2,5 мың есе жоғары болған. 40 жылдан астам уақыт ел аумағында ауада, жер астында жүргізілген сынақтан  Қазақстан үлкен зардап шекті. Қаншама миллион адам радиация ортасында қалды, мыңдаған сәби ауру болып туылды, өмір бойы арбаға таңылғандары қаншама?! Өзен, көлдер тартылды, қаншама гектар жер жарамсыз күйге түсті.
Елімізге қаншама қайғы-қасірет әкелген полигон Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылдың 29 тамызында жабылды. Ел егемендігін алған тұста, 1992 жылы «Семей ядролық полигонында зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау» деп аталған Заң қабылданғаны көпшілікке мәлім. Биыл қазақ даласына үлкен қасірет әкелген Семей полигонының жабылғанына 31 жыл толады. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың  «Бүгінде Қазақстан – өзінің зымырандық-ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан және әлемдегі ең ірі атом сынақ полигонын жапқан мемлекет ретінде барша әлемге үлгі» деп мәлімдегеніндей, еліміз өз тәуел­сіз­дігінің 30 жылы ішінде бейбітшілікті және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, жап­пай қырып-жою қаруын таратпауға елеулі үлес қосып келеді.
Иә, бұл зұлматтың куәгері болып, сол өңірде әскери борышын атқарғандардың қатарында аралдық 130 азамат болды.  Өкініштісі, осы сынаққа қатысқан 60 адам жарылыстың зардабынан ауруға шалдығып, өмірден ерте өтті.
 – Мен де осы сынақтың салдарын өз көзіммен көріп, зардабын шеккен жанның бірімін. 1967-1971 жылдары Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышымды өтедім. Жастықтың әсері ме, бұл жердің құпиялылығын байқамайтын да едік. Толықтай арнайы киім кигізіп, қауіпсіз киіндіріп, бір аймаққа алып баратын. Біз тұрған жерден алыстау тұста жасалған алапат қарудың зобалаңдарын да көрдік... Әскерден аман-есен оралғаныма Аллаға шүкіршілік етемін. Бүгінде бойымызға сіңген удың әсері ұрпағымызға жалғаспаса екен деген қауіппен өмір сүріп келеміз. Қазіргі таңда Семей сынақ полигоны аумағында болған азаматтарға мемлекет тарапынан көптеген жағдай мен жеңілдіктер жасалып, 28 адам әлеуметтік көмек алып келеді, – деді Семей атом сынақ полигоны ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаражан Ізтілеуов сол бір ауыр күндерді еске алып.
Иә, ендігі жерде басынан қаншама қиындықты өткерген қазақ халқының тәуелсіздігі тұғырлы, сынақ мекені саналған қазақ даласы мәңгілік жұмақ мекен болып, ешқашан жарылыс үні естілмесе екен деп тілейік.
К. МАХСҰТ
26 ақпан 2022 ж. 1 626 0