Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жаһанға үрей әкелген апат

Жаһанға үрей әкелген апат

Биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығына 30 жыл толады. Семей ядролық полигоны бұрынғы КСРО-да ең алғышқы және ең ірі ядролық полигон болған. Оны Кеңес мемлекеттік құжаттарында Семей ядролық сынақ полигоны немесе СЯСП деп атады. Ресми атауы: 2-ші Мемлекеттік орталық сынақ полигоны (2 МОСП). Әлемде мұндай әскери объектілер тек төртеу болған еді.
Бұл полигон біздің еліміздің жерінде және Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысында, Семей қаласынан солтүстік-батыс жерінде (130 шақырым) орналасқан. Полигон 18500 шаршы метр аумақты алып жатты.
Кеңес әскерлері ең алғашқы ядролық сынақты 29 тамызда 1949 жылы өткізген еді. Бомбаның күші 22 килотоннадан тұрды. Қазақ даласына үлкен қасірет әкелген сынақ аймағында 1949-1989 жылдарда 456 ядролық жарылыс жасалған.
 Полигон ең алдымен Қазақстанның жер, суға, ауаға орасан зор нұқсан әкелді. Осылайша, Қазақстанның жеріне, фаунаға, флорасына, адамдардың денсаулығына ядролық жарылыстар үлкен залал келтірді. Ядролық сынақтар адамдарға бұрын болмаған аурулар әкелді. Қатерлі ісік, жүйке жүйесі аурулары, тағы басқа  аурулар саны өсті, адам өлімі де көбейді. 1962 жылдан бастап қана Семей жерінде радиацияға ұшыраған адамдарды медициналық тексерулерден өткізе бастады.
1989 жылы ақпанда бүкіл республикалық митингте бірінші кеңестік антиядролық қозғалысы "Невада-Семей" дүниеге келді. Оны ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Екі жылдан кейін Елбасының Жарлығымен бұл полигон толық жабылды!
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан Республикасының Президенті табанды түрде елде ядролық қаруды жою саясатын жүргізді. Осылайша, ядролық қарудан бас тарту біздің Отанымыздың қауіпсіздігін нығайта түсті.
Семей полигоны жабылғанымен, оның зардабы толық жойылған жоқ. Осы тұрғыда ақын, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов:
Мен сайлаушылардың аманатын орындадым. Ол– Семей полигоны жабылсын деген бір ғана тілек еді. Осылайша біз ядролық жарылысты бірге тоқтаттық. Соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды. Ол «Невада –Семипалатинск» қозғалысы құрылғаннан кейін жарты жыл өткен кез еді. Сол жылы қарашаның 20-да Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңесі Семей полигонын жабу туралы қаулы қабылдады. Екі жыл ешқандай сынақ өткізілген жоқ. Ал 1991 жылы Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесі, Қазақстан Үкіметі Семей полигонын біржолата жабуға шешім қабылдады, –деді.
Бұл – жаратылыстың қателігі емес, адамзаттың қолдан жасаған қастандығы. Қырық жыл ажал ошағына айналған аумақтың жабылуы барша қазақстандық үшін ұмытылмас күн.
Журналист Сүйеубай Байқадиұлы 2012 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде «... қайнарлық қайсар азамат, марқұм Болат Жәкішев полигон зардабынан қайтыс болғандардың тізімін жасап жүрген еді. Ол қайтыс болғалы он жылдан асты. Деректеріне жүгінсек, 1963 жылдан бері қатерлі ісік ауруларынан Қайнардың өзінде 200-ден аса адам қайтыс болған, 20-дан астам қыз-жігіт өзіне қол жұмсап, 18 адам ақ қан ауруынан қайтпас сапарға аттанған. Жантүршігерлік қасірет!  Бұл – тек сандық деректер ғана.
 Осындай экологиялық апатты аймақта әскери борышын өтеушілер, сынақ полигонын қалпына келтірушілер арасында аралдық жерлестеріміз де болды. Олар: Семей полигоны ардагерлерінің төрағасы Қаражан Ізтілеуов, Қуантқан Сүлейменов, Шарапат Қапанов, Базарбай Шыныбеков, Берік Кенжебаев сынды азаматтар.  Оларды адамзат тарихында орын алған орасан қатердің зардабы әлі күнге мазалайтыны анық. Семейдегі жарылыстың қаупі Хиросима, Нагасакидегі жарылыстан 4 есе күшті екен. Сонда бұл сынақтың 456 рет жасалғанын ойлаудың өзі көңілге үрей ұялатады. Қиындықтар артта қалды. Десек те полигон зардабын шеккен жандардың жадында өшпестей жара қалды. Бүгінде жерлестеріміз бойларына сіңген удың зардабы кейінгі ұрпағына тарамаса екен деген тілекпен өмір сүруде.

К.МАХСҰТ 
28 тамыз 2021 ж. 821 0