Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Семей полигонының сарбазы

Семей полигонының сарбазы

Кең далам, атамекен, туған жерім, Басыңа не түспеді, қайран елім. Өмірдің сан сынағын өткізсең де, Сенен артық жерім жоқ мына менің. Ұлан-асыр қазақ елінің басынан не өтпеді дерсің?! Солардың бірі, тіпті бірегейі соңындағы зардабының халыққа тигізер зиянын жорта ескермей, ұрпағымызға дейін улаған қырық жыл бойғы жарылған атом сынағы.
Семей ядролық сынақ полигоны ядролық сынақ жасайтын әлемдегі ірі полигондардың бірі болған. Ең алғашқы сынақ полигонда 1949 жылғы 29 тамызда жасалған болатын. Онда барлығы 468 ядролық сынақ жасалғаны анықталды. 1949 бен 1962 жылдары 30 жер беті сынағы жасалды және 88 ядролық ауада сыналды, олардың арасында бірінші термоядролық қондырғы мен алғашқы сутегі бомбасы бар, 6 қондырғы үлкен биіктікте, ғарышта сыналса, жер бетіндегі сынақтан басқа полигонда 340-тан астам жер асты сынағы –тік ұңғылар мен көлбеу туннельдерде жасалынған деген деректер бар. 1991 жылы 29 тамызда полигон ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен жабылды. Екі миллионнан астам адамды қайғымұңға бөктірген Семей полигонының жабылғанына биыл 29 жыл толып отыр. Елбасының ерекше Жарлығы қазақ халқын ғана емес, бүкіл әлемді аждаһадан аман алып қалған тарихи шешім болды.
Міне, осы тарихи шешімнің шыққан күніне орай Отан алдында адал борышын өтеген батыл, елі үшін іс тындырған , тілегі – бейбітшілік болған атом сарбазы Теберік Ибрашев туралы сыр шертпекпін.
Мың өліп, мың тірілген халықтың бір ғана арманы бар. Ол – бейбіт өмір сүру, елдің тыныштығы.
Жастық шағын от жалынға арнаған,
Бейбіт өмір тілегі бар самғаған.
Ұрандап полигонға қарсы шыққан,
Қызылжарда қыран бар қорған болған.
1971-1973 жылдары «Семипалатинск-22» деп аталатын жерде 07357 нөмірлі әскери бөлімде борышын өтеген. Теберік аға борышын өтеп жүргенде тәртіптің қатал болғаны соншалық, қай жерде болғаныңды ешқашан, ешкімге тіс жарып айтпау керектігін күңірене еске алады. Сол кездегі Кеңес үкіметінің саясатының өте қаталдығын, жария болған жағдайда шара қолданылатындығын қорқынышпен еске алады. Бұл кісі жарылыс алаңдарын жабдықтау базасында қызмет еткен. Вагондардан құстұмсық ракеталарды кранмен түсіріп, жүк көліктеріне тиеп жіберетінмін, бірақ қайда апарып жатыр, қайда қойды, көмді ме, жарып жіберді ме деген қызығушылық болған емес, оған байланысты ешқандай сұрақ қойылмайтын, дейді сұхбат барысында .
Елбасының Семей атом сынақтарын тоқтатып, әлемге үлгі болған ерлігі халықтың мәңгі жүрегінде қалды.
Теберік Ибрашев – бүгінде бір әулеттің отағасы, көп жылдар Райым ауылдық округінде жүргізуші болып жұмыс істеп, абыроймен зейнетке шыққан. Жары Нұрсұлу да ауылдағы Қызылжар амбулаториясында ұзақ жыл қызмет істеп, қазір зейнетте. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке. Өз еліміздің, жеріміздің гүлге оранып, бейбіт өмірде өмір сүріп жатқан адамзат баласы ендігәрі ешқандай қасірет тартпасын. Қазақ халқы енді ешқашан жарылыс үнін естімесе екен деп тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болса, одан артық бақыт бар ма?!
Сөзінің соңында Теберік аға: «Біздің тілегіміз біреу, ол – бейбітшілік»,– деп қазақ халқына амандық тіледі.
Құрметтейік атомның сарбаздарын,
Отан үшін сынаққа төтеп берген.
Елбасының тарихи оң шешімі.
Қазағыма қуат пен үміт берген.


Бағила Есенбаева,
Қызылжар ауылы
16 маусым 2020 ж. 773 0