Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамзатқа қауіп төндірген зұлмат еді

Адамзатқа қауіп төндірген зұлмат еді

Осыдан 73 жыл бұрын, яғни 1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында тұңғыш рет атом бомбасы сынақтан өткізілген еді. Елімізге қаншама қайғы-қасірет әкелген полигон Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылдың 29 тамызында «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығы шықты. Бұл әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тарту жөніндегі өркениетті тұрғыда Қазақстанның маңызы зор тарихи құжаты болды.
Тарихи деректерге көз салсақ, полигонның 40 жылдық сынақ трагедиясында 459 әртүрлі ядролық жарылыстар, соның ішінде әуе мен жер астында 116 сынақ жасалған. Осы жарылыстардың әсерінен радиоактивті шөгінділер жарылыс болған эпицентрден бұлттар мен жел арқылы таралды. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді. 1955 жылдың 22 қарашасында жер үстінде жарылған сутегі бомбасы адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сынақ еді.
Семей полигонын КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру үшін ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілгенімен, айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілген болатын. 40 жылдан астам уақытта ел аумағында ауада, жер астында жүргізілген сынақтан Қазақстан үлкен зардап шекті. Қаншама миллион адам радиация ортасында қалды, мыңдаған сәби ауру болып туылды, өмір бойы арбаға таңылғандары қаншама?! Өзен, көлдер тартылды, қаншама гектар жер жарамсыз боп қалды.
Семейдегі ядролық сынақтың салдарынан зардап шеккен аурулардың нақты саны 1990 жылға дейін жасырылып келді. Жүйке-психологиялық ауруға шалдыққандар 960-тан 1624-ке, ақыл-ойы кем адамдар 3105-тен 4612-ге, невроз және жүйке тамыр дерті бар адамдар 3692-ге жеткен. Сары ауру, іш ауруы, туберкулез аурулары халықты әбден әлсіретіп, көпшілігі нағыз тұқым қуалайтын дауасыз дертке – рак, паралич, анемия және тері ауруларына душар болды. Сынақ зардаптары адамзат баласын ауру-сырқаудың небір түріне шалдықтырды.
Ядролық полигонды жабу үшін ғалымдар, жазушылар, қызметкерлер, жұмысшылар және басқа көптеген адамдарды біріктірген «Невада-Семей» қозғалысының ұйымдастырушысы болған танымал қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің еңбегі зор болды.
Ел егемендігін алған тұста, 1992 жылы «Семей ядролық полигонында зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау» деп аталған Заң қабылданғаны белгілі. Биыл қазақ даласына үлкен қасірет әкелген Семей полигонының жабылғанына 31 жыл толады. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев: «Бүгінде Қазақстан – өзінің зымырандық-ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан және әлемдегі ең ірі атом сынақ полигонын жапқан мемлекет ретінде барша әлемге үлгі» деп мәлімдеген болатын.

Осы сынақты өз көзімен көріп, сол өңірде аралдық 130 азамат әскери борышын өтеген екен. Сол сынақтың куәгері болған, бүгінде Семей атом сынақ полигоны ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаражан Ізтілеуов:
– Сол жылдары Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышымды өтедім. Осы сынақтың зардабын шеккен жанның бірімін. Сол зұлматтың куәгері болған аудан бойынша 74 замандасым осынау жарылыстың зардабынан ауруға шалдығып, өмірмен ерте қош айтысқаны өкінішті... Жас болдық па, бұл жердің құпиялылығына назар аудармаған да екенбіз. Бірақ сол екі жылдың ішінде небір жағдайларға кезіктік. Арнайы киім кигізіп, тұмшалап киіндіріп, бір аймаққа алып баратын. Бізден алыстау жерде алапат қарудың саңырауқұлақ тәрізді болып көкке көтерілгенін көрдік. Сынақ біткеннен кейін де жердің қозғалып тұратынын сезетінбіз. Бүгінде сол кездерді еске алсам, тұла бойым түршігеді. Әскерден аман-есен оралғаныма Аллаға шүкіршілік етемін. Сол кездегі бойымызға сіңген удың әсері ұрпағымызға жалғаспаса екен деген қауіппен өмір сүрудеміз. Қазіргі таңда Семей сынақ полигоны аумағында болған ардагерлерге мемлекет тарапынан көптеген жағдай мен жеңілдіктер жасалып, ? адам әлеуметтік көмек алып келеді, – деді сол бір ауыр күндерді еске алып.
Кеңестік солақай саясаттың салдарынан елге-жерге жасалған қастандықтан қазақ елі қаншама зардап шекті.Талай қиындық пен қайғы-қасіретті бастан кешкен қазақ халқы үшін тәуелсіздік пен бейбітшіліктен асқан қастерлі ұғым жоқ. Ендігі жерде елімізде жарылыс үні естілмесін, келешек ұрпағымыз мұндай сұмдықты көрмесін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын демекпіз.

К. МАХСҰТ
27 тамыз 2022 ж. 407 0