Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Емнің ең жеңілі – күлкі

Емнің ең жеңілі – күлкі

Күлкі адам өмірін ұзартады дейміз. Мүмкін... Үнемі шаттанып, күліп жүретін адамның өмірі қуанышқа толы болатыны сөзсіз. Ал күлімдеп жүру адамның өзінің ғана емес, өзгелердің де көңіл күйі көтеріңкі болуына септігі тиетіні де рас. Тіпті күлкі арқылы адамды емдеуге болатынын естіп пе едіңіз?

Медицина ілімінің атасы Гиппократ «жан-тәніңмен рақат­танып күлу – емнің ең үлкені» деген екен. Қазір медицинада күлкі терапиясы да қолданылады. Мұны ғылыми түрде «гелотоло­гия» деп атайды екен. Мамандар­дың айтуынша, күлкі иммундық жүйені жақсартып, жүрек пен өкпеге, қан айналымына оң әсер ететіндіктен, бұл – қым­бат дәрілер мен тағамдардан әл­де­қайда нәтижелі әрі тегін ши­па. Күлкі терапиясы бірқатар дамы­ған елде науқастардың қатерлі ісік пен ауыр кеселдерден айығу үшін қолданылады.

Күлкі терапиясы ХХ ғасыр­дың 70-жылдары пайда болыпты. 1964 жылы америкалық Нор­­ман Казинс деген журналист күлкі терапиясы арқылы айық­пас кеселді жеңіп шығады. Ол өзінің ауруын ұмыту үшін түрлі комедиялық жанрдағы фильм мен қызық­ты журналды оқып, күні бойы ішін басып күлумен бола­ды. Уа­қыт өте келе, Норман науқа­сы­нан толығымен айығады. Осы­дан бастап Калифорния уни­вер­ситетінің ғалымдары күл­кі­нің иммунитетті жақсартып, адам ағзасын қорғайтынын дә­лел­­деген. Күлген кезде стресс гор­мондарының деңгейі төмен­деп, түрлі вирусқа төтеп бере­тін Т-лимфоциттерінің көле­мі ұлғаяды екен. Сондай-ақ ғалым­дар күлкі адам ағзасындағы қа­тер­­лі ісік клеткаларының пайда болуына жол бермейтінін анық­тапты.

Гепотология ғылымын зерттеп жүрген невролог-дәрігер Уильям Фрайдың зерттеуінше, күлкі тыныс алу жолдарындағы қан тамырларының жұмысын жақсартып, өзін жақсы сезінуге, өзіне сенімді болуға тәрбиелейді. Жүзінен күлкі кетпейтіндер бас­қа­ларға қарағанда торығу мен күйзеліске көп шалдықпайтын көрінеді.

Қазір де науқастарды күлкі терапиясы арқылы емдеу АҚШ, Канада, Израиль сияқты елдерде 20 жылдан аса уақыт бойы қолданылып келеді. Ал біздің елде күлкі терапиясы жаңадан дамып келе жатқан көрінеді.

«Рухани қоғам әлемі» қоғам­дық қорының төрайымы, психолог, сарапшы маман Лимана Қойшиева мұндай емдеу түрі Астанада барын айтады. Онда адамды кәдімгі шаттандыра күл­діру арқылы емдейді. Бірақ ондай кезде емделушінің қасында маман болуға тиіс екен.

«Қазір мұндай емдеудің түрі біздің елде де бар. Бізде мұны «үнді әдістемесі» деп атап жүр. Мұны көбінесе жасы ұлғайған, яғни күміс жастағы адамдарға қолданады. Бірақ күлкі ем екен деп дарақыланып кетуге та­ғы бол­майды. Ол тіпті кері әсе­рін тигізуі мүмкін. Қатты қар­қылдап күлем деп, ауырып қа­луы мүмкін. Өйткені кей адам­­да тығылып жататын іштегі күй­­зеліс болады, сол көзден жас аққанша күлген кезде ашылып кетуі мүмкін. Сол себепті ұзақ жасаудың мәнісі сол екен деп айғалап күле беруге тағы бол­майды. Бұл жердегі күлу – жы­мию, көңілді жүру дегенді біл­діреді», дейді маман.

Маманның айтуынша, күл­кі адам миының сол жақ жар­тысының жұмысын жақ­сар­тады. Сонымен қатар 5 ми­нуттық рия­сыз күлкі, 40 минуттық релакспен тең. Сондықтан көбі­рек күліп, көңілді жүру пайдалы. Күлу арқылы адамның эмоцио­налды иммунитеті көтеріледі, ол өмірге деген құштарлықты арттырады.

«Күлкімен емдеу бақытты болған, ерекше қуанған сәттерді еске алу арқылы жасалады. Күл­діру арқылы емдеумен айналысатын Тілеулиев деген дәрігерді өз көзіммен көрдім. Ол кісі ХVIII ғасырда болған еуропалық бір психиатр дәрігердің тәжіри­бе­сіне сүйенетінін айтқан еді. Ол да қуанту, яғни бақытты кезең­дерді еске түсіру тәрізді тәсіл қолда­нады», дейді Л.Қойшиева.

Бір қызығы, Жапонияда ту­бер­­кулезбен ауыратын нау­қас­тарға классикалық ем-шаралар­мен қоса күлкі терапиясы қа­тар жүрсе, ал Нидерландтағы әр­бір ауруханада медицина қыз­мет­керлерімен қатар күлдірушілер де жұмыс істейді екен.

«Күліп жарқырап жүру – расында адамның ұзақ өмір сүруіне көмектеседі. Сонымен бірге есте сақтау қабілетіне де пайдалы, өйткені мидың жұмысына әсері бар. Сосын күйзелісте жүрген адам көп жағдайда көңілді ви­део­ларға қарап, көңілін көтереді. Ол күйзелісте жүрген адам­ның уайымын ұмыттырады. Бірақ ол орынсыз болмауы керек. Се­бе­бі бұл өмір сүруді сондай жеңілдетіп жібереді, тіпті адам өзінің барлық проб­лема­сын ұмытып кетеді. Сөйтіп, бейқам­дыққа үйренеді. Адам ақыл­дан, ойдан қалады. Мысалы, демократиялық елдерде арзан күлкі, ойын-сауық аз болады. Ал авторитарлық елдерде бұл керісінше. Адамдардың проблемасын ұмыттыру үшін ойын-сауық, арзан күлкіге мүм­кіндік береді. Ондайға әуес қоғам жұмыс істе­гісі келмейді. Жұрт­тың нара­зылығын басу үшін әлеуметтік қиыншылықты күл­кімен көмгісі келеді. Артық күлкі адамды масаңсытады», дейді Лимана Құттыбекқызы.

Хакім Абай «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» дегенімен, төртінші қарасөзінде «әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетінін» айтады. «Күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек» дейді. Де­­мек қатты күлкіге салынып кет­­­­пе­сең де, көңілді жүру де өмір­­­ге қажетті нәрсе екенін аңға­­ра­мыз.

egemen.kz
29 тамыз 2023 ж. 263 0