Өтірік күлу өнер ме?
Қазақ үш арсыздың бірі – күлкі деп біледі. Жаратылыс пайда болғалы адам баласының шаттық күйін білдіретін эмоциясын түрлі мақал-мəтелдерден де анық байқаймыз. Мәселен «Малсызға малға балап ұйқы берер, арсызға арға балап күлкі берер», «Дарақының күлкісі қанбас, жалқаудың ұйқысы қанбас», «Санасы жоқ – ұйқышыл, ақылы жоқ –күлкішіл», «Ит мезі болса үреді, кісі мезі болса күледі», «Артық байлық адамды аздырады, артық күлкі жиреніш қоздырады» деген тәмсілдер күлкінің адам қасиетін де анықтап беретінін аңғаруға болады. Біз күнделікті өмірде қарқылдап, жырқылдап, жымиып, миығынан, сыпайы, орынсыз немесе адамдыққа сай мəнді-мағыналы күлкі куәсі болып жүрміз. Алайда өтірік күлетін жандарды да жиі кездестіреміз. Бұл қабылдаушыға әртүрлі әсер етуі мүмкін. Бүгін осы жайында әңгіме өрбітіп көрелік.
– Ежелден екі езуіне күлкі үйірілген халқымыз күлкінің бағасын біліп, бағамдаған. Ғұламалардың бағамдауынша қалай күлгеніне қарап кісінің – әдептілігі, неге күлгеніне қарап – оның парасат-пайымы мен ақыл-өрісі танылады. Қазақ: «Неменеңе жетісіп күлесің?» – деді. Семсер тілді Сейіт Кенжеахметұлы: «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» – дейді. Орақ тілді Оспанхан ағамыз ше? – Шырағым, жырқ-жырқ етпей шын күле көр, – деді.
...Жалпы, күлкінің қадірі мен қасиеті қандай? «Ынты-шынтымен бір рет күлген адамның өмір жасы 15 минут ұзарады» дегеннен басқа не білеміз? «Ит іші пысса үреді, адам шаршаса күледі» дейміз. Шаршаса күледі! Сұңғыла сөз. Бізді шаршататын не нәрсе? Міне, күлкінің түп-тамыры қайда? Абайға жүгінейікші, ұлы Абайға. «Алажаздай ән салып, көгал қуып гөләйттаған» шегірткені мысал етіп, мысқылдағанда айтпағы не? – деп Көпен Әмірбек көкеміз екіұдай ой тастап еді. Ал белгілі сықақшы, жазушы Оспанхан Әубәкіров:
Шын күлкімен ән жазып,
Нота сыздық.
Апырай,
Өтірік күлкі не деген опасыздық?!
Сыйыспайды-ау,
Ойбай-ай, сыйыспайды-ау!
Бұ не деген сұмпайы күлкісымақ,
Езуіңмен езуің қиыспайды-ау!
Бұ сорлы өтірік
Қанша өрбіп ұзады екен?
(Кейде адам осындайда қызады екен)
Өтірік күлкі өліктің күлкісіндей,
Адамның бет-әлпетін бұзады екен.
Шын болса жылаған да жарасады,
Өтірік күліп біреулер бір-біріне,
Қайтіп қана бет шыдап қарасады?
Шын күлкі – ұжданның ғой құлдық етер…
Ағатай, жырқ-жырқ етпей шын күле гөр, – деп өтірік күлкінің өңменнен өтетін жағымсыздығын сипаттаса керек.
Бірақ сәл ғана жылы жымиудың келесі адамға жанын жадыратар жылулық сыйлайтынын да естен шығармаған абзал. Хадистерде Алла елшісі үнемі Хақ тағаламен бірге болудың тілмен жеткізгісіз қуанышы мен лəззатынан болар, қашанда жүзі күлімсіреп, жан дүниесінің күллі жаратылыс атаулыға деген махаббат пен сүйіспеншілікке толы екенін сездіретіні айтылады. Əрине, ондағы бұл керемет мінез сахабаларына да əсер етпей қоймады. Олар да жылы ғана жымиып қоюды өздеріне əдет ете бастады. Бұл жайында Үммү Дəрда (р.а.) былай дейді: «Күйеуім Əбу Дəрда бір нəрсе айтпақ болса, сөзін күлімсіреп барып бастайтын. Бір күні мен оған: «Сенің мына қылығыңды көрген ел не ойлайды?» – дегенімде, ол: «Алла елшісі сөйлемекші болғанда үнемі күлімсірейтін», – деп жауап берген еді». Кісі жүзіне жылы жүзбен күлімдеп қарауды садақаға, сауапты амалға жатқызған.
Ғылымда да күлкі адам психикасына оң әсер етіп, күйзелісі мен уайымын басатыны дәлелденген. Оксфорд университетінің зерттеушілері тіпті, өтірік күлкінің өзі сондай қасиеті бар екенін зерттеп білген.
Күлкінің адамға пайдалы екені белгілі. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Ішінде қайғысы мен уайымы бар адамның күле алмасы тағы анық. Бірақ Оксфорд университетінің зерттеушілері іштен тұнжырап жүргенше, аз да болса күліп жүргеннің пайдасы әлдеқайда көп дейді.
– Өйткені зерттеу көрсеткендей, адам күлген сәтте кеуде бұлшық еті жиырылып, оның диафрагмалық белсенділігі артады да, өкпеге ауаның кіріп-шығуы жеңілдейді. Ал бұл өз кезегінде мида бақыт гормонын – эндорфинді бөлуді белсенді етеді, – дейді ғалымдар. Ал қанға түскен эндорфин адамға жағымды эмоция сыйлап, бойын арам ойлардан жеңілдетеді. Эндорфиннің тағы бір қасиеті – кортизол сынды күйзеліс гормонын басуға қабілетті. Әрі мида азот оксидін бөлуге көмектеседі. Ол бұлшық еттің босаңсып, ағзаның антистрестік қабілетінің күшеюіне ықпал етеді. Азот оксиді қан тамырларын кеңейтуге қабілетті. Содан адамның қан қысымға шалдығуы азаяды. Сондықтан күлкі артериалды қан қысымынан ада етеді деген тұжырымдарды да жоққа шығаруға болмайды.
Қалай болғанда да шынайы күлкіні әдет қылған жанның денсаулығында оң өзгеріс болары хақ. Оның үстіне жұртқа күлімсірей қарау адамдар арасындағы жақындыққа дәнекер болмақ. Ал арсыз, жарамсақ, жағыну үшін жақ арасынан шығатын қылық көпке жақпаса да күнделікті өмірде кездестіре береміз.
Р. ҚАЙРАТҰЛЫ
qazaly.kz