Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Орынды сөйлей білудің 11 ережесі

Орынды сөйлей білудің 11 ережесі

Сонау 1692 жылы Мэтью Хейл (Mattew Hale) есімді ағылшын заңгері балаларына адаммен дұрыс сұхбат жасай алудың қарапайым ережелерін түсіндіріп, оны хатқа түсіріп, өсиет қылып қалдырып кеткен екен. Назарларыңызға осы хаттағы қағидалардың мазмұнын ұсынамыз. • Өтірік айтпаңыз «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», яғни жалған сөздің қашан да арты ашылары анық. Мүмкін әдейі, мүмкін аңдамай айтқан өтірік сөзіңіз бір-ақ сәтте абыройыңызды айрандай төгіп, дардай атыңызға кір келтіруі мүмкін. Сол себепті, жалған сөзді жақын көрмеңіз. Оның үстіне өтірікті айтқан сайын, бұл әрекеттің әдетке айналуы мүмкін. • Хабарыңыз жоқ шаруа жайлы әңгіме туса, араласпаңыз Өзіңіз білмейтін шаруаға араласпаңыз және сол төңіректегі әңгімеге де кіріспеңіз. Тек құлағыңыз түрулі болсын, әңгіме арасында керек деп тапқан ақпарат болса есте сақтап қалуға тырысыңыз. Айтар болсаңыз, бұл әңгімені кімнің аузынан естігеніңізді немесе өзіңіздің болжам екенін ескертіңіз. «Айтылған сөз – атылған оқ». Отыз тістен шыққан сөзіңіз отыз рулы елге тарауы мүмкін. Қате айтсаңыз, біреуге кесірі тиюі мүмкін екенін естен шығармаңыз. • Аз сөйлеңіз Бос сөз сөйлеуден аулақ болыңыз. Алайда, мүлде сөйлемей қалуға да болмайды. Тек әр сөзіңіз жүйелі, анық, нақты дәлелдермен толығып тұрсын. Әр сөзден ілік іздеп отыратын адамдар да кездеседі, осындай жандардың сөзіңізді жоққа шығаруына жол бермеңіз. Яғни, қысқа әрі нұсқа сөйлеп үйреніңіз. • Ұстамды болыңыз Пікірталас орын алған жағдайда ашуға бой алдырмаңыз. Өз-өзіңізді қолыңызда ұстап, байсалдылықпен жауап қайтарыңыз. Қарсыласыңызды айқаймен емес, орынды айтылған сөзбен тоқтатуға тырысыңыз. • Біреудің сөзін үзбеңіз Біреу сөйлеп жатқанда, оның әңгімесін үзбеңіз. Тыңдай білуді үйреніңіз. Адам аяқасты келе қалған ойды ұмытып қалмас үшін, сол уақытта айтып тастағысы келеді. Сап ете қалған ойды бірден айтуға асықпай, әңгіме айтушының сөйлемінің соңын күтіңіз, осы уақытта келген ой да бір жүйеге түсіп, дами түседі. • Әңгімеңіздің маңызы бар ма, бірінші соны ойлап алыңыз Айтқыңыз келген сөзді жеткізбес бұрын, бірінші іштей ойланып алыңыз. Әңгімеңіздің өзіңізге қарсы шықпауына көз жеткізіңіз. Тағы, қаншалықты сіздің пайдаңызға шешілетініне де бас қатырыңыз. • Мақтанбаңыз Даңғой, атаққұмар адамдардың ортасында отырсаңыз, олардың әңгімесіне қатты көңіл бөлмей-ақ қойыңыз. Ең бастысы, олардың қасиетін өзіңізге жұқтырып алмаңыз және есте сақтаңыз: ешқашан жеке басыңыздың жетістіктерін айтып көп ортасында біреуден артық екеніңізді дәлелдеуден аулақ болыңыз. Жетістікке жеткеніңіз рас болса, айналаңыздағы адамдар сізді онсыз да мойындайды. • Ортада жоқ адамды жамандамаңыз «Өзі жоқтың көзі жоқ» деп, қасыңда отырмаған адамды жамандау сізге абырой әпермейді. Сырттан тон пішіп, көзге тіке қарап айта алмайтын әңгіме таратудан аулық болыңыз. • Адамның кемшіліктерін күлкі етпеңіз Бірнеше адамның көзінше адамның кемшіліктерін келеке қылып, сықылықтап күлмеңіз. Бұл әрекет адамгершілікке жатпайды. Оның үстіне, бұл әрекеттен кейін басқа адамдар сіз жайлы жақсы ойда болмасы анық. • Жанды жаралайтын сөз айтпаңыз Белгілі бір адамға бағытталған сөзіңізде ауырлық болмасын немесе біреудің жанын жаралайтын сөзді айтудан аулақ болыңыз. Бұл әрекет арқылы өзіңізге жау тауып беруіңіз мүмкін. Барынша, жұмсақ жауап беруге талпыныңыз. • Ашуланбаңыз Сіздің тарапқа жағымсыз сөздер айтылса, бірден айқайға баспаңыз. Бұндай сәтте, ұтымды айтылған сөз ғана қарсыласты тоқтата алады. Оның үстіне, артық энергия құртып, жүйкеңізді жұқартудың сізге не керегі бар? Байсалды, ұтымды жауап беру арқылы өзіңізді данышпан, салмақты адам ретінде көрсеткеніңіз дұрыс.
https://massaget.kz
02 шілде 2019 ж. 694 0