Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Өнерлі отбасы» номинациясының иегері атанды

«Өнерлі отбасы» номинациясының иегері атанды

Отбасы құндылығын жоғары санаған дана халқымыз қай кезде болмасын алдымен тәрбиеге аса мән берген. Ұл-қыздарына қазақи тәрбие беріп, жақсы мен жаманның аражігін ажыратуды үлгі ете білген. Сондай құндылықтың нәрін өз жанұясына дарыта білген өсіп-өнген әулеттер қазақ қоғамында көптеп саналады. Мұндай жанұялар жылда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының түрлі кезеңдерінде топ жарып, елге үлгі болуда. Биыл да мұндай байқаудың аймақтық деңгейі түйінделді. Нәтижесінде жеңімпаз жанұялар белгілі болып, аймақ басшысының арнайы құрметіне ие болды.
Атаулы шарада облыс әкімі Н.Нәлібаев байқау жеңімпаздарын марапаттап, өнегелі отбасыларға құрмет көрсетті.
– Әуелден отбасы құндылығына аса мән берген қазақ үшін Отан, шаңырақ – ең киелі, құдіретті ұғым. Ал отбасы – мемлекеттің іргетасы. Оның берік әрі нық болуы – елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды», – деген болатын. Бүгінде отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде. Қазір облысымызда 17 мыңға жуық «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері, 34 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Ай сайын 2 млрд 484 млн. теңге мемлекеттік жәрдемақы төленуде, – деді аймақ басшысы шара барысында.
Теңізді өлкедегі үлгілі отбасылар да жоғары марапаттан көрінді. Яғни, Аралдық Тілеповтер жанұясы ұлттық байқауда бақ сынасып, «Өнерлі отбасы» номинациясына ие болды. Мәдениет саласының майталманы атанған әулеттің кемеңгері Байнияз Тілепов еңбек жолын мәдениет саласын бойынша бастап, саналы ғұмырын осы өнер жолына арнаған. Ал отбасының ұйытқысы жары Мария екеуінен 5 бала, 14 немере дарып, бүгінде қызығын көруде. Ұлттық өнерімізді үлгі ете білген ұл-қыздары мәдениет саласында еңбек етіп келеді. Өнерлі отбасының мүшелері жанұялық «Тілеповтер» ансамблін құрып, төл мұрамызды көпке өнеге етіп жүр.
Айта кетейік, биыл байқауға өңірімізден 304 отбасы өтінім білдірген. Қала және ауданда байқау ережесіне сәйкес келетін 16 отбасы іріктеліп, облыстық кезеңге өтті. Комиссия мүшелері 11 отбасыны іріктеп, оларға жүлделі орындар мен номинациялар тағайындады. Бас жүлдеге ие болған отбасының құжаттары республикалық кезеңге жолданады.
А. НҰРЛАНОВА
02 қыркүйек 2023 ж. 310 0