Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтық істердің соттылығында өзгерістер бар

Азаматтық істердің соттылығында өзгерістер бар

2023 жылғы 27 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Осы заңмен Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістерге сай, балалардың мүдделеріне қатысты заңдардың жекелеген ережелері нақтыланды, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттардың құзыретіне азаматтық істердің кейбір санаттары берілді.
Атап айтқанда,
- кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу туралы;
- мүлікті бөлу туралы (кәмелетке толмаған балалар болған кезде);
- алименттердің мөлшерін өзгерту туралы, кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алимент төлеуден, алименттер бойынша берешекті төлеуден босату туралы;
- кәмелетке толмағандардың мұрагерлік құқықтарын қорғау туралы;
- Қазақстан Республикасына заңсыз алып келген немесе Қазақстан Республикасында ұсталып отырған баланы кері қайтару туралы немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың негізінде осындай балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы және тараптардың бірі кәмелетке толмаған болып табылатын басқа да істер.
Аталған түзетулер 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.
Осыған орай, алдағы уақытта көрсетілген санаттағы азаматтық істер бойынша талап қоюлар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда қаралатын болады.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі



01 қыркүйек 2023 ж. 231 0