Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дара жолға дақ түсірмеген

Дара жолға дақ түсірмеген

Қай қоғамның, қай мемлекеттің болса да ең басты байлығы – сол елдің азаматтары. Ел-халқының денсаулығын сақтау, саламатты өмір сүруі Ата заңда арнайы баптар арқылы көрсетілген. Халқымыз да өзінің даналық сөздерінде «Бірінші байлық – денсаулық», «Дені саудың жаны сау» деп адамдардың өмірінің сау-саламат болуы ең үлкен нәтиже екенін көрсеткен. Жарқын болашақты жаны мен тәні сау адамдар ғана жасайды.
Дәрігерлер – өміріміздің нағыз сақшылары. Денсаулық саласының жан-жақты дамуының арқасында, емдеу технологияларының заманауи дәрежеге көтерілуі – бүгіндері ел-халқының жалпы денсаулық көрсеткіштерінің жақсаруына әсер етуде. Мұның өзі экологиялық апат аймағының эпицентрінде орналасқан айдынды өңірдің тұрғындарының жүрегінде үміт отын жағады.
Денсаулық саласы дегенде осы өңірдің халқының алғысына бөленген білікті дәрігерлерді ерекше бөле-жара айтқан дұрыс сияқты. Әр науқастың шипасын тауып, дауасын дарытқан Зәуір Махатов, Мамай Бұйраев, Жақсыбай Майданов, Жеңіс Құмаров, Күнжан Ахметов, Жеткерген Өтегенов, Самат Ілиясов, Досхана Ранов, Алдахияр Махамбетжанов, Айткүл Ілиясова, Набат Ташканова, Асылхан Нұрқожаев, Жолдасбай Жақсылықов, Толыбай Медетов, Арғынбай Асанбаев, Әмірхан Жүсіповтер салып кеткен дара да сара жолды кейінгі жас буын дәрігерлер лайықты жалғастырып келеді.
Ақ халатты абзал жандарға деген халықтың алғысы мол. Шығармашылық адамдары да осынау жандарға ән арнап, өлең шығарған. Біз де кезінде жергілікті сазгер Достан Көзмағамбетовпен бірге «Дәрігер» деген ән шығарып, атаулы мерекесіне тарту еткенбіз. Сол әнде:
Күн-түн тыным көрмеген,
Адам тәнін емдеген.
Сақтаймын деп өмірді,
Ақ маңдайы терлеген.
Ақ халатты дәрігер,
Ақ халатты дәрігер,
Арнап аппақ алғысын,
Сені жүрер танып ел,-деп асқақтата әуендеткенбіз.
«Ауру айтып келмейді» дейді жұртымыз. Сол айтқандай жақын¬да аяқасты бей-жай күйге түсіп қалдық. Қан қысымымыз көтеріліп, бүйір тұсымыз шаншулап, жан мен тән қиналысы қосылғанда жедел жәрдемге хабарластық. Атына сай олар да дереу жетті. Аз-кем ем-домын жасап, Арал аудандық орталықтандырылған аурухананың Қабылдау бөліміне жеткізді. Мұнда төрт сағаттай дәрігер Гүлмира Кемалованың жіті бақылауында болдық. Аз уақытта түрлі анализдер алынып, жылдам сарапталды. УЗИ дәрігері Алдахияр Махамбетжановтың тексеруінен өткізді. Ауру батқанда дәрігер Гүлмираның жік-жаппар болып әлденеше қайтара тексеруі, медбике Фариза Сайлауованың ұқыпты ем қолдануы жанымызды тыныштандырғандай болды. Сол күні терапия бөліміне жатқызды. Бөлімнің тәжірибелі медбикелері Нұргүл Мақсутова мен Ақерке Алдашевалар дереу емге көшіп, іле-шала қан қысымымызды түсіріп, бірқалыпқа келтірді. Ал бөлім дәрігері, кардиолог Айнұр Әмірешова неше күн бойы қан қысымын өлшей отырып, тиісті ем-шараларын беріп, аз уақытта тәнімізді сауландырып, көңіл ауанымыздың да көтерілуіне әрбір жылы сөзімен, жылы қабағымен дем беріп отырды. Осынау дәрігерлер мен медбикелердің кәсіби біліктілігінің жоғарлығының арқасында сауығып, өз шаңырағымызға, бала-шағамыздың ортасына жүзімізге күлкі үйіріле, бетімізге қайта қан жүгіре оралдық.
Иә, ақ халатты абзал жандар ауданымыздың әрбір науқастың жанынан табыла біліп, өздерінің Гиппократ антына адалдығын көрсетті. Шықпас жанға себепші болған жандардың шапағатын көріп, денсаулығын сақтаған әрбір азаматымыз мемлекетіміз бен қоғам¬ымыздың дәулеті мен сәулетін арттыра беретіні сөзсіз.
Е.АБДУЛЛАЕВ,
еңбек ардагері

Сурет ашық дереккөзінен алынды 
06 қыркүйек 2023 ж. 328 0