Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Энергетикалық сусын елірткіш жаңа есірткі ме?

Энергетикалық сусын елірткіш жаңа есірткі ме?

Бүгінде дүкенде кезекте тұрған әрбір жанның қолынан энергетикалық сусынды көруге болады. «Шөлдегенді басатын судың орнына жүреді әрі сергектік сыйлайды» деген пікір халық арасында кең тараған. Олардың жарнамасы да жер жарып, көздің жауын алады, кез-келген дүкенде еркін сатылады. Алайда сол сусынның денсаулыққа зияны көбірек екенін біле тұра тұтынуды тоқтатқан емеспіз.
Ғылыми деректерге сүйенсек 170-тен астам ел энергетикалық сусындарды қолданады екен. Олардан бөлек Франция, Дания және Норвегияда ресми түрде рұқсат етілмеген және дәрі ретінде тек дәріханаларда сатылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да сусынның зиянды қоспалары бар екенін жасырмаған. Ал соны біле тұра тұтынуға құмар жандардың дені – жастар.
Жалпы энергетиктер жүйке жүйесін ынталандыру үшін бұрыннан пайдаланылып келеді. Энергетикалық сусындар емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спортшыларға, шаршаған жүргізушілер мен түнгі клуб қыдырмаларына нағыз құтқарушы. Бір сөзбен айтқанда, шаршаса да өзін сергек сезінуі керек адамдарға арналады. Сусынның бір құтысынан бар шаршағаныңыз кетіп, ұйқы қысу басылып, жаңа әрекеттерге дайын боласыз.
Бұндай сусындар көбінесе көңіл-күйді сергек ұстап, өзін еркін сезінуге арналған. Олардың кейбірі кофеиндерге негізделсе, басқа түрлері дәрумендер мен көмірсулардан тұрады. Кофеинді сусындарды көбіне түнде жұмыс жасайтын жандар, студенттер кофе орнына пайдалана алады. Дәрумендер мен көмірсудан тұратын энергетик залға жаттығуға баратын жандарға немесе спортшыларға белсенділік үшін көп көмегін береді. Сусын құрамандағы глюкоза қанға тез сіңіп, қышқылдандыру процестеріне қатысады және бұлшық ет, жүрек, ми сынды ағзаларды энергиямен қамтамасыз етеді. Тағы бір артықшылығы қарапайым кофенің әсері небәрі 1-2 сағатқа қана жетеді, ал энергетиктердің күші 3-4 сағатқа, тіпті одан да ұзаққа жетеді. Сусынның газдалған түрі оның әсерін кофеге қарағанда тездетуге арналған. Ұстауға ыңғайлы құтысы да энергетиктің сатылымына жақсы көмектеседі.
Жалпы бұл сусындарды арнайы мөлшерлемеге сай пайдалану қатаң талап етіледі. Ол үшін күніне 2 құтыдан артық ішпеу керек. Дегенмен, оны үнемі және артық пайдалану жүрек қантамырлары жұмысына кері әсерін беріп, қандағы қант мөлшерін арттыру қаупі бар. Жүрек аурулары бар, гипо немесе гипертониямен ауыратын адамдарға энергетикалық сусындарды тұтыну мүлдем құпталмайды.
Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген тұжырым да дәлелсіз. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы болып табылады. Яғни, біз өз энергиямызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен еселеп қайтаруға тура келеді.
Басқа да ынталандырушылар сияқты энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретеді. Оның әсері 3-5 сағат сақталады, бұдан кейін ағзаға демалыс қажет. Сонымен қатар, кофеинге адам тез әуестеніп кетеді. Глюкоза мен кофеиннен тұратын энергетикалық сусын жас ағза үшін өте зиян. Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар фитнес жанкүйерлері кофеиннің несеп айдағыш қасиеті жайлы жақсы білуі тиіс. Яғни, жаттығудан кейін энергетикалық сусын ішуге болмайды, өйткені жаттығу кезінде ағза онсыз да көп сұйықтық жоғалтады. Энергетикалық сусындардың құрамында таурин және глюкуронолактон бар. Таурин қажетті мөлшерден бірнеше есеге асып түседі, ал 2 құты сусындағы глюкуронолактонның мөлшері күнделікті нормадан 500 есеге көп. Бұл ингредиенттердің ағзаға қалай әсер ететіндігі ғалымдарға әлі белгісіз. Сондықтан таурин мен глюкуронолактонды мұндай жоғары мөлшерде пайдалану қауіпсіздігі әлі анықталмаған, әлі де зерттеулерді қажет етеді.
Байқағанымыздай, сусынның артықшылықтарынан кемшіліктері көп. Дегенмен, әр адамның өмірінде энергетикалық сусынға жүгінуге тура келетін кездер болады. Мұндай жағдайда ағзаңызды қорғау үшін сусынды тұтыну ережесін мұқият оқуға кеңес береміз. Әсіресе жас жеткіншектерге, жүкті әйелдер мен денсаулығында кінәрәті бар адамдарға қолдануға тыйым салынады.
Жалпы қандай жақсы, пайдалы сусын болған күнде де күнделікті көп мөлшерде тұтыну барлық жанның денсаулығына кері әсер беретіні анық. Оның үстіне энергетикалық сусындардың өз тартымды дәмі, баурағыш әсері бар екені өтірік емес. Оған тәуелділіктің пайда болуы мүмкін. Сондықтан денсаулығымыздың бізге берілген аманат екендігін ұмытпағанымыз жөн. Ал сіз осыны біле тұра әлі де энергетикті тұтынасыз ба?

Г.САҚТАПОВА
05 қыркүйек 2023 ж. 395 0