Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Coca-Cola»: құмарлық пен қауіп

«Coca-Cola»: құмарлық пен қауіп

Қазіргі таңда әлемдік нарықта сұранысқа ие сусындар сөресі қалыптасты. Бұл әдетте өзгенің ұлттық өнімі немесе бақталайына шыға салған жер асты суы емес. Мұндай жетістік үлкен ізденіс пен жан-жақты зерттеудің нәтижесінде дүниеге келген. Сол сусындар қазірдің өзінде жұрттың қалап ішетін құнды сусынына айналды. Әрине бұл кәсіпкердің еңбегі. Ал кәсіп болған жерде өнім өндіру бар да, оны белгілі бір деңгейдегі нарықтық бәсекеге шығару бар. Мұның екеуі де үлкен еңбекті қажет етеді. Бұл екі жұмысты үйлестіре алған адамның тасы өрге домалады дей беріңіз. Табысты еңбектің нәтижесінде жеке тұлғаның бренді қалыптасуы мүмін. Содан құнын жоймайтын дүние қалыптасады, нәтижесінде арман ақиқатқа айналады. Мұндай жетістікке жетіп жатқан жұмыр бастылар жоқ емес.
Міне, бүгінде брендке айналған өнімдер қатарында әлемге әйгілі «Coca-Cola» деген сусын тұрады. Бүгінде бұл өнімді татып алмайтын жан кемде-кем шығар. Содан да болар, қазіргі уақытта қонаққа жайылған дастарқан басында міндетті түрде кока-кола тұрады. Енді осы бір сусынның шығу тарихы мен адам ағзасына тигізер пайдасы және зияны төңірегінде әңгіме өрбітсек.
Алғаш рет әйгілі «Coca-Cola» сусыны осыдан 132 жыл бұрын, яғни 1886 жылдың 8 мамырында АҚШ-тың Атланта қаласында дайындалған екен. Сусынды америкалық фармацевт Джон Стит Пембертон ойлап шығарған. Ал сусынға бұл атауды Пембертонның есепшісі Фрэнк Робинсон беріпті. Міне, содан бері 1 жарым ғасырға жуық уақыт бойы сол жазу атақты компанияның логотипі саналып келеді.
Алғашқыда сусын-дәрі Атлантаның атақты «Джекоба» дәріханасында сатылды. Ол кезде «Coca-Cola»-ны күнделікті тұтынушылар саны 9-дан аспайтын-ды. Бірінші жылы компанияның жылдық тауар айналымы бар болғаны 50 АҚШ долларын құрайды. Ал «Coca-Cola»-ны жасап шығару үшін фармацевт/кәсіпкер 70 АҚШ доллары көлемінде қаржысын жұмсайды. Яғни, ХІХ ғасырдың соңында «Coca-Cola» пайда әкелмейтін әрі шығыны көп шаруа болды. Дегенмен, Пембертон шығынға қарамай бұл сусынды брендке айналдыруды мақсат етеді. Осылайша, фармацевт/кәсіпкер 1888 жылы «Coca-Cola»-ны сусын ретінде сату құқығын иеленеді. «Coca-Cola» ның атасы өз ісінің үлкен болашағына сенген. Оны сол сенімі алдамапты. Бүгінде бұл сусын әлемнің барлық елінде сатылымда бар, бірақ Куба мен Солтүстік Кореяның нарығында жоқ.
Сарапшылардың пікірінше, әлемде күніне 1,8 млрд «Coca-Cola» сусыны сатылады. Бұл 2018 жылғы дерек. Бүгінде бұл көрсеткіш арта түспесе кемімесі түсінікті. Демек, әлемнің әрбір жетінші тұрғыны бір күнде бұл сусынның бір бөтелкесін ішеді екен.  Өкінішке қарай, Пембертон өзі шығарған «Coca-Cola» сусынының мұндай адам сенгісіз жетістіктерін көре алмай, сусын ретінде сату құқығын алған 1888 жылы 57 жасында өмірден өтті.
«The Coca-Cola Company» – көптеген игіліктерге демеуші болып жүрген алпауыт компания. Айталық, 1974 жылдан бастап «Coca-Cola» ФИФА-ның ресми серіктесі, ал 1978 жылдан бастап футболдан әлем чемпионаты-ның ресми демеушісі. 2010 жылы футболдан әлем чемпионатында Претория қаласында әлем бойынша 250 жасөспірімді жинап, балаларға арналған лагерь ұйымдастырды. 1992 жылдан бастап «Coca-Cola» Олимпиада алауының эстафетасын ұйымдастырушы және демеушілерінің бірі. Компания бұдан да өзге бірқатар әлемдік спорт шараларының ұйытқысы болып келеді.
«Interbrand» халықаралық зерттеу агенттігінің қорытындысы бойынша «Coca-Cola» 2005-2011 жылдар аралығында әлемдік бренд болып танылыпты. Американың брендiне айналып, әлемге таралғаны соншалық, бұл газдалған сусынның дүние жүзiнде секундына 8 мың стаканы iшiледi екен.
Жоғарыда айтқанымыздай, әлемде бұл газдалған сусынды сатпайтын екі ғана мемлекет бар: Куба мен Солтүстік Корея. 2012 жылға дейін бұл тізімде Мьянма да болған. Тәтті сусынды ең алғаш пайдаланған шет елдің бірі – Куба. Дегенмен, АҚШ-пен саяси көзқарасына байланысты бұл ел 1960 жылдары «Coca-Cola»-ны сатылымға шығарудан бас тартты. Ал Солтүстік Кореяның дүкендерінде бұл сусын ешқашан болмапты.
Көбісі «Coca-Cola»-ны «АҚШ-та көп пайдаланады» деп ойлайды. Бірақ, олай емес. Бұл сусынды пайдалану бойынша көш бастап тұрған ел – Мексика. Орта есеппен жылына бір мексикандық аталған сусынның 745 құтысын ішеді екен. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш – 400 шамасында.
Біз сөз етіп отырған ерекше сусынның зияны туралы көп әңгіме бар. Енді соған тоқталсақ артық болмас. Рас, кейiнгi кезде аталған сусынның адам ағзасына келтiретiн зияны туралы мамандар дабыл қаға бастады. Таяуда «Coca-Cola» компаниясы өз сусынының жасалу құпиясын ашуға мәжбүр болғаннан кейiн мұндай күдiктер тiптi күшейдi.
Компания өкiлдерiнiң айтуынша, сусынның негiзгi құпиясы кошениль құртынан алынатын азық-түлiк қоспада екен. Әдетте, оның құрамына қант, кока ағашының жаңғағы, фосфор қышқылы, кофеин, карамель, көмiрқышқылы қосылады. Ендi өндiрушiлер сусынның түсiн өзгертетiн бояу ретiнде қолданылатын кошениль құртының еш зияны жоқ екеніне елдi сендiруге тырысуда.
Ғалымдар асқазан, ішек жүйесі, қант диабетімен ауыратын адамдарға бұл сусынды жиі ішпеуге кеңес береді. Бірақ, қалыпты жағдайда «Coca-Cola»-ның зиян еместігін айтады,
Иә, кез келген тағамның дәмін келтіретін осы өнімнің бұл күндері сұранысқа ие болғаны соншалық, оны бала да, үлкен де іздейтін болды. Әр дастарқанның дәмін келтіретін осы сусын ел нарығына енгелі бері Қазақстанда үш зауыт бой көтеріп үлгеріпті. Бүгінде бұл үштік еліміз бойынша 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтып, жылына қаншама миллиондап салық түсімін орындап отыр. Экономика үшін мұндай алып компаниялардың бәсекелестік ортада бой көтергені көңіл қуантады. Бірақ бұл өнімдер өзіміздікі емес. Біздің өнімнің де әлем нарығында үздік брендке айналар сәті қашан туар екен?! Ол жағы әзірге белгісіз.

Дайындаған А.БИСЕНОВ
10 наурыз 2022 ж. 473 0