Жөтелді пиязбен емдеудің 3 әдісі

1-рецепт. Бір пиязды ұсақтап турап, кішкентай құтыға салыңыз. Оның үстіне 2 ас қасық қант салыңыз. Құтының қақпағын жауып, қараңғы жерге 2 сағатқа қойыңыз. Сол кезде пияздың суы шығады. Оған қант қосқандықтан пияздың ащы дәмін сәл басады. Дайын шәрбатты жөтел кезінде ересектер күніне ас қасықпен 3 рет, ал балалар шай қасықпен 3 рет ішу керек. Бұл шәрбатты ұзақ сақтауға болмайды. Сондықтан 1 шағын пияздан дайындап, ол таусылғаннан кейін ғана келесі шәрбатты жасаңыз.
2-рецепт. Жөтел кезінде ата-аналар балаларға жылы сүтке сары май салып береді. Бірақ егер жөтел ұлғайып кеткен болса, сүтке пияз қайнатып берген жөн. Ол үшін 1 кесе сүтке жарты пиязды салып, 3-4 минут қайнату керек. Содан соң сүтін сүзіп алып, ішу керек. Оны ересектерге де, балаларға да беруге болады. Мұндай сүтті күніне 2-3 рет ішкен дұрыс. Жөтел және жалпы тұмау кезде сұйықтықтарды қатты ыстық етіп ішуге болмайтынын біле жүріңіз. Оларды жылы күйде ішу керек.
3-рецепт. Жөтелге және тұмауға қарсы тағы бір құрал – пияз суы мен бал қоспасы. Оны дайындау үшін бір пиязды ұсақтап турап, дәкеге салып, суын шығарып аласыз. 1 пияздан шамамен жарты кесе немесе одан сәл аздау шырын шығады. Соған 1 ас қасық табиғи бал салып араластырасыз. Осы қоспаны 1 шай қасықтан күніне 3 рет жеу керек. Алайда көпшілік адамда балға аллергия болады, соны ескеріңіз.
Ескерту: бала асқазаны тітіркенбес үшін бұл дәрілерден соң міндетті түрде су ішкізіңіз. Егер пиязға немесе балға аллергия болса және асқазан-ішек жолы аурулары болса, пияздан жасалған дәрілерді ішу ұсынылмайды. Пияздан жасалатын емдік құралдар тұмауды және жөтелді жылдам кетіруге көмектеседі. Алайда оны балаға берерде дәрігермен ақылдасып алған жөн.
massaget.kz