Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы жинағы пайдаға жарады ма?

Зейнетақы жинағы пайдаға жарады ма?

Осыдан екі жыл бұрын еліміздегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарын пайдалануға рұқсат етілді. Өткен жылы халық қалаулылары Үкіметке тұрғындардың қорда жинақталған зейнетақы жинағын өз қалауынша жұмсауға мүмкіндік беру қажеттігі туралы ұсыныс айтып, қаншама адам уақтылы қарызын өтей алмай жеке сот орындаушылары мен коллекторлардың қудалауына түскенін, қазіргі күні қиын жағдайдан шығудың бірден-бір жолы осы екенін алға тартқан еді. Бірақ мұны Үкімет қолдамады.

Сонымен биыл енгізілген Әлеу­мет­тік кодексте бекітілгендей, жеткіліктілік шегінен асқан соманы салымшылар тек емделуге және тұрғын үй жағдайларын жақ­сартуға жұмсай алмақ. Бүкіл зейнет­ақы жинақтарының жалпы сомасы немесе біржолғы зейнетақы төлемдерін алудан кейін қалған соманың 50%-дан аспайтын көлемін салымшылар актив­тер­ді басқару компаниясын таңдау ар­қылы жеке басқаруға тапсырады. Зей­нет­ақы жинақтарының сақталуын мем­ле­кеттік кепілдендіру тек Ұлттық банк басқаруында қалған зейнетақы жинақ­та­ры арқылы таратылатыны көрсетілді.

Жақында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры кейінгі үш жылда 3,7 трлн теңге сомасына тұрғын үй сатып алуға және емделуге берілген 1,8 млн аса өтінішті іске асырылғанынан хабардар еткені бар. Онда зейнетақы жинақтарын азаматтар тұрғын үйге, емделуге немесе басқарушы компанияларға аударуға БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қолжетімді сомасы шегінде қолданатыны жөнінде аталып көрсетілген.

БЖЗҚ-ның таяуда ұсынған мәлі­ме­тіне қарағанда, жыл басынан бері қор салымшыларының тұрғын үй жағ­дай­ларын жақсартуға 1,4 млн аса өті­нішті қарастырған екен. Азамат­тар­дың уәкілетті оператор-банктерінде ашылған арнайы шоттарына БЖЗҚ шама­­мен 3,3 трлн теңге қаржы аударыпты. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы 2,3 млн теңгені құраған көрінеді. Өтініштердің ең көп саны Алматы қаласы (уәкілетті операторларға аударылған жалпы соманың 23,08%), Маңғыстау облысы мен (16,32%) Астана қаласының (13,86%) тұрғындары болды.

Салымшылардың зейнетақы жинақ­тарын пайдалану мақсаттарын талдай отырып, барлық өтініштің шамамен 35,05%-ы азаматтық-құқықтық мәміле­­­­­лер бойынша меншікке тұрғын үй са­тып алу (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салу (меншігінде жер телімі болған кезде), өтініштердің шамамен 21,12%-ы тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру, 15,74%-ы ипотекалық тұрғын үй қарызы жөнінде берешекті ішінара өтеу (оның ішінде Ислам банкінің қаржыландыруы аясында), 15,12%-ы тұрғын үй құрылыс жинақтарының жүйесіне байланыс­ты ипотекалық қарыздар берешегінің ішінара өтеу мақсаттарына жұмсалған.

Бүгінгі таңда зейнетақы жинақтары­ның бір бөлігін пайдалануға берген өтініштерді қабылдайтын уәкілетті оператор-банктер қатарында «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ бар. Мұның арасында уәкілетті опера­тор­лардан 484,57 млрд теңге салым­шылардың немесе алушылардың жеке зейнетақы шоттарына қайтарылған. Оның себебі біздің азаматтардың бір­жол­ғы зейнетақы төлемдеріне өтініш бе­рушілер белгіленген мерзімінде пай­да­ланбаған көрінеді.

БЖЗҚ емделуге ақы төлеу үшін жал­пы сомасы 380,53 млрд теңгеге 449 413 өтінішті орындаған. Алынған сома­ның орташа мөлшері – 0,85 млн теңге. Өтініштердің 96% стоматология мен 2,55% офтальмологияға ем-шара жасаған. Қалған медициналық ба­ғыт­тарға зейнетақы жинақтарының шамамен 1%-ы пайдаланылыпты. Салымшылардың немесе алушылардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына 34,68 млрд теңге қайтарылған.

Жеке инвестициялық басқару бойынша и­нвестициялық портфельді басқару­шыларға 2021 жылдың ақпанынан осы жылдың бірінші қыркүйегіне дейін 11,1 млрд теңге аударылып, 7 903 өтініш орындалыпты. Аударымның орташа сомасы – шамамен 1,4 млн теңге. Бүгінгі күні қорда бес аталған басқарушы мен зейнет­ақы активтерін сенімгерлік бас­қару туралы шартқа отырған.

Оның ішінде 11,1 млрд теңгенің 41,55% немесе 4,6 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ-ға, 24,48% немесе 2,72 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ-ға, 15,27% немесе 1,7 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ-ға, 9,83% немесе 1 млрд теңгесі «Halyk Finance» АҚ-ға, 8,87% не­месе 0,98 млрд теңгесі «Сентрас Секью­­­­ритиз» АҚ-ға аударылған.

Биыл шілде айынан бастап салымшылар өздерінің міндетті жарна түр­лері (МЗЖ және МКЗЖ) есебі­нен жинақтарының 50%-ға дейін жеткілік­тілік шегін есепке алмай-ақ, ин­вес­тициялық портфельді бас­қару­шы­­лардың басқаруына бере алады. Ерікті зейнетақы жарналары есебі­нен жиналған жинақтарды инвес­ти­ция­­лық басқаруға толық көлемде беруге болады. Шілде-тамыз айларында бұл құқықты 1 798 азамат пайдаланып, порт­фель­ді басқарушыға 2,15 млрд теңге қаржы аудар­ды. Бұл ретте БЖЗҚ қаржы ауда­ру­ға бе­рілген 2 мыңға жуық өтінішті қанағат­тан­дырыпты.

Зейнетақы активтерін ИПБ сенімгер­лік басқаруына бастапқы бергеннен кейін салымшы жылына кем дегенде бір рет зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне сенімгерлік басқаруға беру үшін БЖЗҚ-ға өтініш беруге құқылы.

Өткен жылдың наурызы мен биылғы тамыз айлары аралығында 200-ге тарта өтініш беруші ИПБ-ны ауыстырды. БЖЗҚ жалпы сомасы 400 млн теңгені бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыру туралы 200-ге тарта өтінішті аяқсыз қал­дыр­­мады. Шілдеден бастап ИПБ бас­­­­­қа­­руындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банк басқаруына қайтару мерзімі екі жылдан бір жылға қысқартылды. Осы жылдың наурызы мен тамыз айлары аралығында БЖЗҚ жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеге қаражатты ИПБ-дан ҰБ-қа аудару бо­йынша 602 өтінішті орындады.

Инвестициялық портфельді басқару­шылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы активтерін алған­нан кейін оларды Ұлттық банкі басқарма­сының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген және инвести­циялық декларацияда көзделген инвес­тиция­лық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көр­сетілгендей рұқсат етілген қаржы құ­рал­дарына инвестициялайды.

Зейнетақы жинақтары Ұлттық банк­тің басқаруында болған кезеңде салым­шы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зей­нет­ақы жинақтарының сақталуына мем­­лекеттік кепілдік қолданылады. Зей­­нетақы жинақ­тарын инвестициялық порт­фельді басқа­рушылар сенімгерлік басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зей­нетақы активтері кірісті­лі­гінің ең тө­менгі деңгейін қамтамасыз ету жөнін­дегі кепілдігімен ауыстырылады. Бұл зейнетақы активтерін басқару нары­ғындағы барлық ИПБ басқаруына беріл­ген зейнетақы активтерінің орташа бел­гі­ленген кірістілікті негізге ала отырып есептеледі.

egemen.kz

14 қыркүйек 2023 ж. 167 0