5 қараша – аудан және қала әкімін сайлау күні
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланатынын мәлімдеген болатын. Кеше осыған орай Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, саяси бәсекенің жай-жапсары түсіндірілді.
Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі, Әділет, Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің, сондай-ақ саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан отырысқа облыстар, аудандар және облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері бейнеконференция режімінде қатысты.
Отырысты ашқан Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысының аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау өткізу туралы бастамасы мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыруға және азаматтардың жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешімдер қабылдауға тікелей қатысуын кеңейтуге бағытталған саяси реформалар үдерісінің маңызды кезеңі екенін атап өтті.
Бұл сайлауды өткізу үшін қажетті құқықтық база өткен жылы қалыптасқан. Өкілеттіктерге сәйкес 17 облыстың мәслихаттары қанатқақты режімде сайлау өткізу үшін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесін бекітіп, сайлау күнін 5 қарашаға белгіленді.
Отырыста ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәлімдеуінше, «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 113-1-бабына сәйкес сайлауды тағайындауға қанатқақты өңірлердің тізбесін және аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды өткізу күнін белгілеу туралы мәслихаттың шешімі негіз болады. Аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды тиісті аумақтық сайлау комиссиясы мәслихаттың шешімімен белгіленген аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды өткізетін күнге дейін кемінде елу күн бұрын тағайындайды. Сайлау күні туралы хабарлама жергілікті БАҚ-та жарияланады.
Сайлау науқанының әр кезеңіне тоқтаған Константин Петров: «Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейін басталады және сайлау өткізілетін күнге отыз күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Егер ұсыну мерзімі аяқталған күнге әкімге екіден аз кандидат ұсынылса, онда тиісті аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін үш күннен аспайтын мерзімге ұзартады», деді.
Үміткерлер екі жолмен ұсынылуы мүмкін. Бірінші – өз мүшелері арасынан белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялармен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Екіншісі – дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1% қолдауымен өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. «Бұл ретте жоғары тұрған әкім ұсынылған кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталған күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы», деді К.Петров.
Кандидаттарды тіркеу сайлау комиссиясы барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталып, сайлау күніне 25 күн қалғанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталып, сайлау күніне дейін жергілікті уақыты бойынша нөл сағатта аяқталады. Ал сайлау қорытындыларын ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде белгілейді.
Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушының көп дауысын жинаған кандидат сайланған әкім болып саналады. Сондай-ақ Ортсайлауком аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау бойынша сайлау құжаттарының 16 нысанын бекітті.
Жиында ОСК мүшесі Шавхат Өтемісов аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдеріне кандидатқа қойылатын талаптар туралы баяндады. Конституциялық заңның 113-2-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкестігін тексеру үшін әкімге кандидат тиісті аумақтық сайлау комиссиясына тізбесі бірлескен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі төрағасының 2021 жылғы 21 маусымдағы № 102 бұйрығымен және Орталық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 22 маусымдағы №4/407 қаулысымен белгіленген құжаттарды ұсынады.
«Мәселен, талаптарға сәйкес әкімді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жалпыға бірдей, тең, тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы Қазақстанның 25 жастан кіші емес азаматтары арасынан сайлайды. Конституцияға сәйкес сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ», деді ОСК өкілі.
Конституциялық заңға сәйкес заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсі бар адам әкімге кандидат бола алмайды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары туралы түсіндірсе, ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау үдерісінің басқа да қатысушыларын электоралды оқыту мәселесіне кеңінен тоқталды. Оның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Электоралды оқыту орталығымен бірлесіп екі республикалық оқыту семинары ұйымдастырылған. «Оқыту мазмұны әкімдер сайлауын өткізу, оларды іс жүзінде қолдану бөлігінде заңнаманың новеллаларын түсіндіруді қамтыды. Сондай-ақ сайлау құжаттамасын ресімдеу және сайлау үдерісіне қатысушылармен тиімді коммуникациялар бойынша тренингтер өткізілді», деді ол.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша құқықтық нормалардың, ақпараттық материалдардың, практикалық ұсынымдардың жиынтығын қамтитын Оқу-әдістемелік кешен де әзірленіп, құжат сайлау кезеңіне арналған әдістемелік құрал ретінде ОСК сайтына орналастырылған.
Сәбила Мұстафинаның айтуынша, оқыту іс-шараларының циклі науқан кезеңінде де жалғасады. Осылайша, ОСК интернет-ресурсы арқылы әкімдер сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге тартылған аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін Қашықтықтан оқыту және тестілеу ұйымдастырылады, сондай-ақ Электоралдық оқыту орталығының базасында барлық облыстың және 45 ауданның және облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлауком мүшелеріне арналған бірқатар онлайн-семинар өтеді.
Сайлауды ақпараттық сүйемелдеу мәселесіне тоқталған ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова Конституциялық заңға сәйкес жариялылық пен ашықтық сайлау комиссиялары қызметінің негізі болып табылатынын атап өтті.
«Сайлау комиссияларының отырыстары ашық форматта өтеді. Оған кандидаттар, сенім білдірілген адамдар, байқаушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады. Сайлау комиссиялары мүдделі тұлғалардың өз шешімдерімен еркін танысуы үшін барлық жағдай жасауға тиіс», деген ОСК мүшесі аумақтық сайлау комиссияларына осы науқанды ақпараттық қамтамасыз етудің, түсіндіру жұмыстарының және дауыс беру күні туралы ақпараттандырудың негізгі аспектілерін жеткізді. Сондай-ақ сайлау үдерісіне қатысушылардың ақпарат алуына және аумақтық сайлау комиссияларының интернет-беттерін біркелкі толтыруына ыңғайлы болу мақсатында тиісті бөлімдер мен бөлімшелерді құру, құжаттарды орналастыру және беттерді одан әрі толтыру жөніндегі нақты алгоритмді көрсететін тиісті нұсқаулық әзірленгенін атап өтті.
ОСК төрағасы аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларына сайлау үдерісінің барлық қатысушысына сайлау туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі әріптестердің назарын сайлау науқанын уақтылы және толық ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге аударды.
Сайлауды дайындау және өткізу кезеңінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы жан-жақты түсіндіріп өткен ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов отырысқа қатысушыларға өтініштер мен шағымдарды қарау, қабылдау, тіркеу, қайтару және кері қайтарып алу тәртібі «Сайлау туралы» Конституциялық заңмен және Әкімшілік рәсімдік-үдерістік кодекспен реттелетінін еске салды. Сондай-ақ ол Конституциялық заң талаптарына сәйкес аумақтық сайлау комиссиялары төмен тұрған аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының қызметіне басшылық жасайтынына, учаскелік сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) арыздар мен шағымдарды қарайтынын атады.
Өз кезегінде учаскелік сайлау комиссиялары сайлауды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді және дауыс беруді дайындау және ұйымдастыру мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдарды қарап, олар бойынша шешімдер қабылдайды.
Отырыс барысында ОСК хатшысы Мұхтар Ерман бұл сайлауда алдыңғы науқандардың тәжірибесіне сүйене отырып, халықаралық байқаушылардың миссиялары тек елдік сайлау науқандарына қызығушылық танытатынын атап өтті. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауда олар әдетте, мониторинг жүргізбейді.
Отырысты қорытындылаған Нұрлан Әбдіров ОСК және сайлау үдерісіне тартылған орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың алдында ауқымды міндет тұрғанын атап өтті. «Елімізде мұндай сайлау алғаш рет өткізілгелі отыр. Осыған орай комиссия тарапынан нормативтік және әдістемелік қолдаудың барлық кешені көрсетіледі. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлаудың заңдылығын, ашықтығы мен әділдігін қатаң бақылайтын болады. Өткен науқандардағыдай әкімдерді сайлау өткізілетінін аудандар мен қалаларға инспекциялық сапарлар жүргізіледі», деген ОСК төрағасы сайлауды ұйымдастырушылар жұмысының маңызды басымдықтарының бірі ретінде мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге назар аударды.
egemen.kz