Тілсіз жаумен күрескендерге мың алғыс

Жалпы тілсіз жауды ауыздықтауға 3 техника мен 40-қа тарта адам жұмылдырылды. Нәтижесінде өрт жергілікті уақытпен 23:40-та толықтай оқшауланды. Осы сын сағатында тілсіз жауды ауыздықтауға қатысқандарға аудан әкімі Серік Сермағамбетов алғысын білдірді.
«Орманшыларға, өрт сөндірушілерге, ауызбірлігі мығым, ынтымағы ортаймаған Қаратерең ауылының азаматтары мен мектеп ұжымына үлкен ризашылығымды білдіремін. Сіздердің арқаларыңызда жайылымдық және мал азықтық жерлерді сақтап қалу мен экологиялық залалдың алдын алу мүмкін болды. Өздеріңіздің жанашырлықтарыңызбен туған табиғатымызға келетін үлкен зиянның жолы кесілді.
Құрметті жерлестер! Өздеріңізге мәлім күз айлары дала өртінің қауіпті кезеңі. Сондықтан да табиғат пен сыртқа демалуға шыққанда тазалық пен сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырамын. Туған жерімізді ардақтап, табиғатымызды аялайық» делінген әлеуметтік желідегі жазбасында.
(Өз тілшімізден )