Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ленинградта білім алған медбике

Ленинградта білім алған медбике

Мейірбике – емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін өзінің кәсіби психологиялық және рухани қасиеттерін дамытқан, бірегей қоғамның белсенді тұлғасы. Мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы науқастың кеселінен айығуына үлкен ықпал тигізетін жандар – мейірбике. Қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, медбикелер атқаратын жұмыс асқан жауапкершілікті қажет етеді. Бүгінгі әңгімеміз саналы ғұмырын медицина саласына бағыттаған мейірбике Райкүл Баймаханова туралы болмақ.
Райкүл Зиянсызқызы Баймаханова 1964 жылы 6 қыркүйекте Арал ауданы, Қасқақұлан ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1971 жылы №14 Н.Крупская атындағы орыс орта мектебінің табалдырығын аттап, 1981 жылы бітіріп шыққан. Ақ желеңді абзал жандардың өмірі мен қызметі қатты қызықтыратын жас қызды сол арман-мақсат 1982 жылы Ресейдің Ленинград қаласындағы №9 медициналық училищесіне алып келді. Алғашқы еңбек жолын 1984 жылы аталған оқу орнын бітірген соң «Балалар консультациясы» мекемесіне аймақтық аяжан ретінде жұмысқа қабылданған. Аталған мекемеде аймақтық медбике болып еңбек еткен жылдары өзіндік тәжірибе жинақтай білген жайдары жүзді, ашық жарқын мінезді мейірбике Райкүл Зиянсызқызын аралдықтар түгел таниды десе де болғандай. Ол бүгінде «А.Байтұрсынов» ауылдық емханасында дәрігерге дейінгі кабинетте мейіргер болып абыройлы еңбек етуде.
– Әкем Баймаханов Зиянсыз ұлағатты ұстаз, ауданға белгілі қолөнер шебері, ал анам Байшораева Татей үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқан ардақты ана болды. Ата-анамыз балаларының жақсы азамат, бір-бір мамандық иесі атануына қолдау білдіріп, әркез қамқоршы бола білді. Соның арқасында бар баласы өмірден өз орындарын тауып, түрлі салада еңбек етуде.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев "Барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік" дегеніндей, бақытын адал еңбектен тапқан, өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарап, уақытпен санаспай, еңбектің тайқазанында ысылған жоғары санатты медбике Райкүл Баймаханова қандай мақтауға да лайық. Оның басты міндеті – науқасқа мейірім көрсету, қателікке жол бермеу керек екенін жақсы біледі. Дәрігерге дейінгі кабинетте медбике алғашқы медициналық тексерулер, яғни науқастың қан қысымын, жүрек соғысын, дене қызуын өлшеп және маман дәрігердің кеңесіне жолдама береді. Бұл қызметте Райкүл Зиянсызқызы дәрігердің сенімді серігі, емделушілерге ем-шара жасау кезінде мейіргерлік көмек көрсетуде алдына жан салмайтын тындырымды жан десем болады. Қашан көрсеңіз де сабырлы қалпынан бір танбайды. Медицина саласындағы соңы жаңалықтарды қалт жібермейтін Райкүлді әріптестері ізденімпаз, жаңашыл жан ретінде қадірлесе, жас мамандар әркез кеңесіне жүгінеді. Абзал жанның бір салада 40 жылдай абыройлы қызмет атқаруы кім-кімге болса да өнеге, – дейді "А.Байтұрсынов" ауылдық емханасының меңгерушісі Гүлжанат Төлепова ризашылық кейіпте.
– Өмірдің даңғыл жолын нұсқайтын ең алдымен ата-анаң мен ұстаздарың ғой. Осы емханаға алғаш жұмысқа орналасқан кезде аға аяжан болған ұстазым, бүгінде зейнеткер Күнзия Төлеуоваға алғысым шексіз. Өзінің өмірлік тәжірибесімен ол кісі маған көп нәрсе үйретті. Әлі күнге дейін ұстазыммен ақылдасып отырамын. Өйткені ол кісіден үйренерім көп. Сонымен бірге өз ісінің нағыз мамандары, әріптес құрбыларым Баянсұлу, Гүлнар Бисембаева мен Ақлима Смағұлова, Алмагүл Көптілеуова, Назерке Бекжанова сынды сіңлілерім және де басқа әріптестерімді мақтан тұтамын, – дейді Райкүл ағынан жарыла.
Қызметте абыройлы, ізбасар буынның ақылшысы, сыйлысы бола білген Райкүл Зиянсызқызы өнегелі әулеттің анасы. Жолдасы Құлмаханов Әбілтай екеуі екі бала тәрбиелеп өсірді. Баласы Ержан Астана қаласында әскери қызметте, офицер шенінде қызмет атқаруда.
Өз міндетіне зор жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі маманның еңбегі бағаланып, әр жылдары түрлі марапаттарға ие болды. Ұзақ жылғы еңбек жолында абырой биігінен көрінген Райкүл әр жылдары салалық басшылық тарапынан облыстық, аудандық, кәсіподақ ұйымының грамоталарын еншілеп, Құрмет грамотасымен марапатталған, түрлі аудандық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болған еңбекқор жан.
Халықтың ризашылығы мен алғысынан артық еш нәрсе жоқ деп ұғынған қызметте абыройлы медбике, отбасында аяулы жар, ардақты ананың бар тілеуі – ел-жұрттың амандығы.
К. МАХСҰТ 
20 қыркүйек 2023 ж. 356 0