Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәртебелі мамандық иелері

Мәртебелі мамандық иелері

Медбике, мейірбике, мейіргер... Қалай атаса да – ол науқасқа мейірімін төгуші болып қала береді. Мейірбикелік іс арнайы машықты, білімді және оны қолданудағы ептілікті қажет етеді.Науқастардыемдеудемедбикелердің орны ерекше. Яғни, ол емделушінің жай-күйін дер кезінде бағалап, жалпы жағдайын жақсартуға, асқыну қауіптерін мейлінше азайтуға септігін тигізеді. Егер дәрігер патологияны, ауруды зерттесе, мейірбике науқастың емделу барысындағы жай-күйін бақылайды. Сондықтанда мейірбикелік күтім маманның кәсіби дайындығын, оның пациентке қамқоршы болуын міндеттейді. Бір сөзбен айтқанда, мейірбике – мерейлі мамандық. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы осындай мерейлі мамандықты иеленген «А.Байтұрсынов» ауылдық емханасының қос мейірбикесі Гүлнар Бисенбаева мен Ақлима Смағұлова болмақ.
Гүлнар Бисенбаева 1964 жылы 4 қазанда Қамыстыбас елді мекенінде дүниеге келген. 1982 жылы мектепті бітірген соң, Қызылорда қаласындағы медициналық училищесіне түсіп, 1984 жылы «Балаларды емдеу және аурудың алдын алу» мамандығы бойынша бітіреді. Иә, «Армандар асқақ өмірге жетелейді» дегендей, Гүлнар келешек өміріне серік етемін деген мейірбикелік мамандығымен еңбек кітапшасының ақ парағына алғашқы жазуды салды. Сөйтіп жас маман қаладағы балалар консультациясында еңбек жолын бастайды. Бұл 1984 жылдың жазы еді. Міне, осы уақытқа да биыл 39 жыл толыпты. Сол жылдан бері ақ халатын бір сәтке тастамай «А.Байтұрсынов» ауылдық емханасында адал қызмет атқарып келеді.
– Сырт қарағанға медбике қызметі қиын жұмыс тәрізді көрінбейді. Бірақ медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын жазып берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Егуін жасайды, дәрісін уақытылы береді, төсек-орын, ас-ауқаты, хал-ахуалын күні-түні бақылап, науқасқа қарайтын медбикелер, –дейді ол.
Гүлнардың ұзақ жылғы еселі еңбегінің арқасында аралдықтардың денсаулығын арттыру мақсатындағы перзенттік парызын өтеудегі міндетін абыроймен атқарып, құрметке бөленген жандар қатарында екенін оның мейірім төгіп тұрған жүзінен көруге болады.
Әріптестеріне үлгі, шәкірттеріне ұстаз бола білген аялы алақан иесінің тынымсыз еңбегі еленіп, талай мақтау-марапаттар мен Алғыс хаттарға да ие болды. Өткен жылы аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталуы сол адал еңбегінің нәтижесі болар. Жоғары санатты медбике отбасында отағасы Үмбеталимен ұлды ұяға, қызды қияға қондырып отырған өнегелі отбасы десек жарасады. Қызы Назгүл Қызылорда қаласында мұғалім болса, ұлы Нұрлан №83 мектепте ұстаздық қызметте, келіні Фарида "Гүлдер" балабақшасында балалар бағбаны. Ал Гүлназы анасының жолын қуып Қазалы ауданында фельдшер мамандығы бойынша қызмет етуде.
Иә, Гүлнар Еділғалиқызы қашаннан ұжымның қадірлісі. Ұжымда¬ғы әріптестері де аудан халқының денсаулығын арттыруға сүбелі үлес қосып, ел құрметіне бөленген жандар десек артық айтқандық емес.
Ал осы емхананың медбикесі Ақлима Смағұлова 1969 жылы 31 наурызда Арал қаласында өмірге келген. 1986 жылы №199 мектепті ойдағыдай бітірген соң, Екібастұз қаласындағы медициналық училищесіне мейіргер мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Бұл оқу орнын тәмамдаған соң еңбек жолын балалар консультациясында мектеп мейіргері болып бастайды. 1994 жылы Бөген ауылының жігітімен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Сөйтіп Бөген ауылдық ауруханасында химизатор, кезекші мейіргер, аға мейіргер болып абыройлы еңбек етеді. Кейін, 2011 жылы Арал қаласына қоныс аударып, бұрынғы қызмет жасаған жері – балалар консультациясына, қазіргі "А.Байтұрсынов" ауылдық емханасына аймақтық мейіргер болып жұмысқа орналасып, №1 аймақ ересектер мейіргері қызметін атқарады.
– Әріптес апайларым өзім таңдаған мамандығымды сүюге, мақтан етуге үйретті. Дәрігер Құралай Демешова, мейіргерлер Гүлнар Бисенбаева, Райкүл Баймаханова сынды ардақты абзал жандардың арқасында қызығы мен қиындығы мол мамандық арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткіздім. Марқұм жолдасымАсқар 2004 жылы өмірден өткенімен, оның артында қалған сүйенішім, екі перзентім – көз қуанышым. Ұлым жұмыс бабымен келінім екеуі Қызылорда қаласында қызмет жасайды, қызым осы Аралда тұрмыста. 2 немеренің әжесімін,– дейді медицина майталманы, жоғары санатты медбикеАқлима Бақытқызы.
Бүгінде 30 жылға жуық бір салада еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміздің жетістіктері де бір төбе. Ол бірнеше рет салалық басшылық тарапынан және аудандық,облыстық марапаттар мен Алғыс хаттарды иеленген. Өткен жылдың желтоқсан айынын бастап физиомассаж бөлмесіне қызметін ауыстырған. Бұл қызметті де тез меңгеріп, дертіне шипа іздеп келген жандарға өз көмегін аямай жасап, алғысына бөленіп келеді.
Біз әңгіме еткен Гүлнар мен Ақлима өз ісінің нағыз мамандары, ортасына құрметті де қадірлі жандар. Олар кешкісін жұмыстан шыққанында бір сәт тоқтап, өз емханасына көз тастап, аялдайды. Осы жерде оларды үміті үзілмеген науқастар күтеді, осы жерге олар керек, осы жерден олар өмірдегі өз орнын тапты. Мейірбике еңбегінің жемісін күнде көріп отырады. Ауруынан айығып, құлан-таза жазылған жандардың жүректен шыққан жылы сөздері мен ыстық лебіздері олар үшін кез келген марапаттан артық.
К. МАХСҰТ 
15 сәуір 2023 ж. 571 0