Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғысқа бөленген аяжан

Алғысқа бөленген аяжан

Дертіне шипа іздеген науқастың сауығып кетуіне алдымен дәрігер жауапты болса, одан кем қарамайтын денсаулық сақшысы – медбике. Бүгінгі кейіпкеріміз – аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінде еңбек жолын медбикеліктен бастап, табан аудармай 41 жыл жемісті еңбек етіп келе жатқан медбике  Күлжақан Шәкірқызы Саймова.
         Күлжақан Шәкірқызы 1962 жылы 25 қаңтарда Арал қаласында дүниеге келді. Анасы үй шаруасында, әкесі теміржолшы болды. Отбасында 7 бала тәрбиеленді. Күлжақан 1969 жылы №213 мектепке қабылданып, осы мектептен  сегізжылдықты бітіріп, 9-10 сыныпты №13 мектептен  тәмамдады. Сөйтіп, 1979 жылы онжылдықты бітірген соң киелі Түркістан қаласындағы медициналық училищесіне оқуға түсті. Мамандық таңдауда қателеспеген алғыр қыз медициналық училищені 1981 жылы "қызыл" дипломмен бітіреді. Сол жылы жас мейірбике 19 жасында Арал аудандық ауруханасының хирургия бөлімшесіне өз мамандығы бойынша қызметке орналасады. Сөйтіп ата-анасынан өнегелі тәлім-тәрбие алған қаршадай қыз болашағын медицина саласымен байланыстырды. Оның  қызметтегі алғашқы ұстазы, бүгінде зейнеткер Клара Доштаевадан үйренгені көп.
"Отан отбасынан басталады" деп бекер айтпаған. Әрбір адамзаттың — алтын ұясы десе алдымен отбасы ойымызға орала кетеді. Бала отбасында әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Күлжақанды тағдыр еркелете қоймады. Медучилищеде оқып жүргенде анасы өмірден өтіп, қиындық туындаған сәтте мойымады. Ізінен ерген бауырларын ешкімнен кем қылмай оқытып-тоқытты, қатарға қосты. Аллаға шүкір, бүгінде барлығы да отбасылы, балалы-шағалы.
         – Ақ халатты жандардың сенімді серігіне айналған мейірбикелердің жұмысы қашанда үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дәрігер емінің нәтиже беруі де ең алдымен медбикенің ұқыптылығына байланысты. Әр медицина қызметкері өз білімі мен біліктілігін үнемі жетілдіріп, медицина саласындағы жаңалықтарды оқып-біліп отыруы тиіс. Дә­рігер науқасты тексеріп, тағайындауын бергеннен кейінгі бар жұмысты медбике атқарады. Адамның жаны өмір мен өлімнің арасында тұрғанда әр секунд қымбат. Әрбір өзгерісті қалт жібермей қа­дағалап, оны дәрігерге жеткізу – медбикенің міндеті. Сонымен қатар егуін жасап, дәрі-дәрмегін уақытылы беріп, төсек-орын, ас-­ауқатын, жалпы хал-жағдайын қадағалап, науқасқа қарайтын медбикелердің еңбегі өлшеусіз. Осындай жауапкершілігі мол жұмысқа өзіммен қатар келіп,  адал еңбек еткен, бүгінде зейнеткер Тәжігүл Дүйсенбаева, Марал Әбілдаева, Гүлнар Бимағанбетова сынды құрбыларым және аға медбике Шолпан Ахметова мен егу бөлмесінің аяжаны Ләззат Піренова және де басқа әріптестерімнің  еңбектеріне табыс, отбастарына амандық тілеймін,– дейді ақ халатты абзал жан Күлжақан Шәкірқызы.
Медбике Күлжақан осы күнге дейін қаншама жас буынның тәжі­рибесін толықтырды, білікті медби­ке етіп шығарды. Қазіргі таңда хирургия бөлімшесіндегі медбикелер Күлжақанның ізін жалғастырып келе жатқан Ақтоты Шынбергенова мен Назым Айсауытова, Динара Бимағанбетова мен Жазира Қанатова өз ісінің мықты мамандары. Үзілгелі тұрған үмітті қайта жалғайтын, тіпті кейде ажалдан арашалап, екінші өмір сыйлайтын ақ халаттылар қандай құрметке де лайық. Уақытпен санаспай тәулік бойы науқастың жанында қалатын медбикенің қызметі адалдық пен жауапкершіліктен жаратылғанына ерік­сіз бас иесің, құрмет тұтасың, мақтан етесің.
Абзал жанның ұзақ жылғы қызметі аудандық, облыстық сала басшылығы тарапынан лайықты бағаланып, түрлі мақтау-марапатқа да ие болды. Жақында медицина қызметкерлері күні қарсаңында кезекші мейірбике Күлжақан Саймова хирургия бөлімшесіндегі 41 жыл азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан үлесі мен мінсіз, адал қызметі үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хатымен  марапатталды. Еңбектің өтеуі деген осы болар.
Жоғары санатты медбике туралы әріптесі Алима Жандеуова:
– Күлжақанмен қызметке де бірге келдік. Оның мамандығына деген сүйіспеншілігі, адалдығына тәнтімін. Қызметіне жауап­кершілікпен қарайды. Қазір қай салада болмасын талап күшейтілді. Білікті маман бөлімшедегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, науқастарды кү­тіп-баптауды үйретуге де уақыт табады. Қолы қалт етсе, жастарға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісу, кәсіби деңгейін көтеруден жалыққан емес. Замандасым Күлжақан ұдайы алдыңғы шепте жүріп, науқастардың тез са­уығып кетуіне атсалысып келеді, – деп жылы лебізін білдірді.
Өзінен кейінгі жас мамандарға білгенін үйретіп, кәсіби біліктілігін арттырып келе жатқан өз ісінің майталманы Күлжақан Шәкірқызы– отбасында сүйікті жар, аяулы ана, мейірімді әже. Жолдасы Әмірхан кеме құрастыру зауытында токарь болып еңбек етті. Қазір жеке кәсібімен айналысады. Жан жары Әмірханмен бірге төрт қыз, бір ер баланы дүниеге әкеліп, өсіріп-тәрбиеледі. Бүгінде ата-ана бақытына бөленген Әмірхан мен Күлжақан ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере сүйіп отырған жандар. Балаларының барлығы да жоғары білімді мамандар. Бақытын отбасынан, сүйікті ма­мандығынан тапқан Күлжақан Шәкірқызының ендігі арманы – жолдасымен тең отырып, бейнетінің зейнетін көріп, балалары мен немерелерінің сүйіспеншілігіне бөленіп, олардың жақсылығын көру.
Ақ халатты абзал жандар үшін ең бастысы – халықтың алғысына бөлену. Өйткені ол – марапаттың төресі. Еңбекқор әрі ізденгіш, абырой-беделі артқан қадірлі маман, аяулы ана, мейірбан әже Күлжақанның бақыты да, мұраты да – осы.

К. МАХСҰТ
18 маусым 2022 ж. 564 0