Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрметке лайық мейірбике

Құрметке лайық мейірбике

Мейірбике – науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Олар ауырғанда мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы емделушінің дертінен айығуына себепкер болатын ақ халаттыабзал жандар. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада абыройлы еңбек етіп, науқастардың алғысына бөлену көптің қолынан келе бермейді. Сондай жұмысты абыроймен алып жүрген, осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – "Байтұрсынов" ауылдық емханасының мейірбикесі Баянсұлу Есеналиева.
Ақ халатты жандардың сенімді серігіне айналған мейірбикелердің жұмысы қашанда үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дәрігер емінің нәтиже беруі де ең алдымен медбикенің ұқыптылығына байланысты. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен кейіпкеріміз алдына келген науқастан көмегін аяған емес.
Ол 1963 жылдың 26 желтоқсанында Арал қаласында дүниеге келген. 1981 жылы №220 орта мектепті ойдағыдай бітірген соң, Түркістан қаласындағы медициналық училищесіне мейіргер мамандығына оқуға түседі. Бұл оқу орнын бітірген соң жас маман Қызылорда қаласындағы ауруханада еңбек жолын бастайды. 1985 жылдан бастап Арал аудандық ауруханасының хирургия бөлімшесінде 2002 жылға дейін абыройлы еңбек етеді. Кейіпкеріміз штат қысқаруына ілігіп, жұмыссыз қалады. Сонда да болса қиындыққа мойымаған Баянсұлу Әлқуатқызы 2016 жылдан бастап "Байтұрсынов" ауылдық емханасында аймақтық аяжан болып еңбек етіп келеді. Аталған аймақта өзіне міндеттелген аймақ тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, алғысына бөленуде.Сонау 1984 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келе жатқан медбике аймақ тұрғындарының денсаулығын бақылап, қажетті ақыл-кеңесін береді. Қай кезде болсын адам жанын түсініп, кез келген уақытта көмек қолын созып, өз қызметін мүлтіксіз атқарып келеді.Еңбек жолын алғаш бастағаннан күні бүгінге дейін мейірбикелік істің қыр-сырын меңгеріп, мол тәжірибе жинаған жанжоғарғы санатты мейіргер.
– Мейірбикелер науқастың күтім процесіне толығымен жауапты, сол үшін де басты міндеті – мейірім көрсету. Біз емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін кәсіби психологиялық және рухани қолдауымызды іске қосамыз. Ауырып келген адамдарды шын көңілмен, мейірімді жүрекпен қарсы аламыз. Осы уақытқа дейін қызмет барысында көп оқиғаны бастан өткердік. Мұндай жауапкершілігі жоғары қызметті арқалап жүрген емхана дәрігерлері, медбикелері мен тазалықшыларының еңбегі зор. Түрлі науқаспен жұмыс жасайтын болғандықтан қызметкерлерге ең бастысы – ептілік, мейірімділік, жанашырлық қажет. Осындай қасиеттің барлығы әріптестерімнің бойынан табылады.Сырқаты жанына батқан адамға ең бірінші ыстық ықылас ем болады. Соларға жылы шырай танытып, денсаулық жағдайы туралы үнемі кеңес беріп отырамыз. Осындай зор шабытпен істеп жүрген қызметім мені биікке жеткізіп отыр, – дейді кейіпкеріміз Баянсұлу.
Расымен де, қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, мейірбикелер атқаратын жұмыс асқан жауапкершілікті, тиянақтылықты қажет етеді.
Баянсұлу бүгінде отбасының берекесін ұйытып, жолдасы Тиыштықбай екеуі төрт перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған жайы бар. Екі баласы студент. Оларекі қызын құтты орнына қондырып, 8 жиен немереге ата-әже атанып, бақытқа бөленіп отырған жандар.
35 жылбір салада еңбек етіп келе жатқан Баянсұлу Әлқуатқызының жетістіктері де бір төбе. Ол әр жылдары Халықаралық мейіргерлер күніне орай салалық басшылық тарапының және 2021 жылы аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Түйіндей айтқанда, өзге адамның денсаулығы үшін еңбек етіп, ыстық ықыласы мен аялы алақанын ұсына білетін мейіргерлердің еңбегі ерен. Медицинадағы ауыр жүкті арқалайтын негізгі буын ретінде Баянсұлу Есеналиева сынды медбикелер науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке қоятын, олардың сапалы ем алуын тікелей қадағалайтын адам жанының жанашыры.Үзілгелі тұрған үмітті қайта жалғайтын, тіпті кейде ажалдан арашалап, екінші өмір сыйлайтын ақ халаттылар қандай құрметке де лайық.
К. МАХСҰТ
18 наурыз 2023 ж. 349 0