Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » №6 аймақтың абзал жандары

№6 аймақтың абзал жандары

«Бірі ауданның денсаулық сақтау саласындағы медицина қызметкерлері арасында өзіндік орны бар білікті де тәжірибелі дәрігер, ал екіншісі өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын білгір маман. Жастардың үлгі алар ұстаздары. Халықтың жиі іздеп келетін жандары. Бір қызығы, екеуі құрбы-құрдас, аттары да ұқсас және бір бөлмеде қызмет етеді» дейді олар туралы «Байтұрсынов» ауылдық емханасының меңгерушісі Гүлжанат Төлепова.
Аудандық денсаулық сақтау саласындағы медицина қызметкерлері арасында өз жолы, өзіндік орны бар білікті де тәжірибелі дәрігер, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын білгір маман Зада Бохаева – отыз жылдан астам уақыт өңір халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан абзал жан.
Өсіп-өнген, көп балалы отбасында дүниеге келген Зада Шәкібайқызы орта мектепті бітірген соң, «дәрігер боламын» деген қалауына қол жеткізу үшін С.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтын таңдады. Оқуға зерек, білімді қыз институтты тәмамдаған соң, Қызылордадағы облыстық аурухананың терапия бөлімінде 1 жыл интернатурадан өтіп, тәжірибе жинақтайды. 1986 жылы Арал қаласындағы жедел жәрдем станциясында еңбек жолын бастаған кезінде-ақ мамандығының жауапкершілігін сезінген ол аға буын медицина қызметкерлерінен тәжірибе жинақтай білді. Уақытпен санаспай еткен еңбегі әріптестері арасында құрметке бөлеп, халықтың алғысына кенелді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін иеленуі – сол еңбегінің жемісі.
«Байтұрсынов» ауылдық емханасының аймақтық дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Зада Бохаеваны іздеп келушілер көп-ақ. «Ол – біздің сүйікті дәрігеріміз. Бір қасиеті – қай жеріңнің қалай ауырғанын нақты сұрап біледі. Содан болар, қойған диагнозы да дәл келеді. Салмақты да сабырлы қалпынан бір танбайтын дәрігерді өз жақынымыздай көреміз» дейді көпшілік.
Қызметте абыройлы, ізбасар буынның ақылшысы, халықтың сыйлысы бола білген Зада Шәкібайқызы – өнегелі әулеттің анасы. Жолдасы екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірді. Олар түрлі қызметте. Кәсіби мерекеде кеудесі гүлге толған дәрігерді үйде немерелері бал қылықтарымен қарсы алуда.

Көп балалы отбасында өскен Үрзада Кенжалиева қаладағы №15 мектепті бітіргеннен кейін, Қызылордадағы медициналық училищеде медбике мамандығы бойынша білім алды. Ұзақ жылдар «Байтұрсынов» ауылдық емханасында медициналық статист маманы болып еңбек еткен ол бүгінде аймақтық акушерка қызметін атқарады.
Медицина саласындағы соңы жаңалықтарды қалт жібермейтін Үрзаданы әріптестері ізденімпаз, жаңашыл жан ретінде қадірлесе, жас мамандар әркез кеңесіне жүгінеді. Саладағы сан түрлі бағдарламаларды шебер меңгерген жылы жүзді, ширақ қимылды акушерка:
– «Цифрландыру – бүгінгі күннің басты талабы. Бастысы – қағазбастылықтан арылып келеміз. Нәтижесінде науқастарға қызмет көрсету сапасы да артып келеді. «Цифрлы Казақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында DamuMed мобильді қосымшасын халық ұялы телефондарына орнатып, өзіне қажетті уақытта дәрігердің қабылдауына жазылып, дәрігерді үйге шақыруына мүмкіндік бар. Бұл дәрігерлер мен науқастар үшін өте ыңғайлы» дейді.
Өз міндетіне зор жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі маман әр жылдары түрлі марапаттарға ие болған. Бірақ, халықтың ризашылығы мен алғысынан артық не бар? Отбасында аяулы жар, Медет атты ұл өсіріп отырған ардақты ананың бар тілеуі – халықтың амандығы.
Емхананың қос мақтанышын және әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап,

Б.Арын

21 маусым 2020 ж. 479 0