Құрметке лайық жандар

Дәрігер халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бар саналы ғұмырын арнайды. "Дәрігер – адам жанының сақшысы" деп бекер айтылмаған. Сондай мамандығын мансап деп қарамай, адамгершілік парызым деп білетін жан – учаскелік тәжірибелі дәрігер Назгүл Бекмурзаева. Мерейлі маман өз ісіне, науқастарға жауапкершілікпен қарауды басты міндеті санайды. Осы жылдар ағысымен талай жанның құрметіне бөленген жан жұртшылықтың ризашылығын алуда. Сонымен бірге дәрігердің науқасқа тағайындаған емін жүргізу медбикелерге жүктеледі. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін салада науқастардың көңілін тауып, бағыт беріп, ыстық лебізіне бөленіп, алғысын алып жүрген учаскелік медбикелер Жазира Үсенова мен Айжамал Көптілеуованың, Рахима Омарова мен Зәру Сегізбаеваның және кіші буын медицина қызметкері Жанка Молжігітованың алғаусыз еңбегін атап өткен орынды. Кез келген мамандықтың өзіндік жауапкершілігі бар. Өзіне артылған жауапкершілікті сезіне отырып, адал қызмет атқарып жүрген аға медбике Күләш Мамбеталиеваға да алғысым шексіз. Иә, еліміздегі барлық медицина қызметкері қандай құрметке де лайық жандар.
Әрбір науқасқа дәрімен де, жанымен де шипасын беріп, көңіліне сәулесін сеуіп жүрген аялы алақан иелері – "Абай" ауылдық емханасы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық тілеймін.
Темірхан Әбдіқаниев,
зейнеткер