Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еркем, өмірің болсын көркем

Еркем, өмірің болсын көркем

Қазіргі таңда заманауи қазақ әдебиетінің дамып келе жатқаны бәрімізді қуантады. Әсіресе Батыс әдебиеті үлгісімен жазылған кітаптар жастар арасында кеңінен танымал болуда. Мотивациялық, күнделік үлгісіндегі, ішкі және сыртқы дизайны көз тартарлық кітаптарды көргенде сатып алуға асығатын, алдын ала тапсырыс беретін жандар саны артуда. Қазақ әдебиет әлемі осындай қарқында дамыса, еліміздің жастары білімді де білікті, тәрбиелі болары сөзсіз әрі шетел мәдениетінің ықпалы да азаймақ.
Жақында бәрімізге танымал медиа менеджер, белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабектің кітабы жарық көрген болатын. Жаңа буыны қатайып өсіп келе жатқан жас қыз балалардың, бір әулеттің түтінін түтетіп отырған қыз-келіншектердің арасында танымал болған бұл кітап «Еркем, өмірің болсын көркем» деп аталады. Мен де әртүрлі желіде, құрбыларымның арасында көп сөз етілген осы кітапқа қызығушылық танытып, оқып көрген болатынмын.
Жалпы кітап өзі айтып тұрғандай қыздар психологиясы туралы. «Қыздың құндылығын Құдайдың өзі көтеріп қойған» деп басталатын кітап аяулы аруларға арналған автордың рухани-мәдени құндылықтарына, өмірден түйген ой-толғаныстарына толы. Сонымен қатар болашақ келін, ана, әже болатын қыздарымыздың қаперінде ұстай жүрсе дейтін келелі ойларымен толыққан. Барлығы 7 тараудан тұратын кітаптың әр тармағында қыз баланың құндылығы, заманауи қыз бейнесі, қыз балаға қамқорлық, оның ризығы мен байлығы, психологиясы мен махаббат мәселесі және болашақ келіндерге арналған ақыл-кеңестер туралы сөз етіледі.
Бастапқы тарауда қыз баланың отбасындағы орны, оны сыйлау, қадірлеу туралы айтылады. Әке мен ананың қызын қадірлеуі, оның отбасындағы басты құндылығы екендігі сөз болады. Олардың көп жағдайда бір-бірімен келісім таппауы, ананың балаға, баланың анаға сырын айтуға жасқануы секілді жағдайлардың алдын алу туралы ақыл-кеңестер беріледі. Бұл өмірдегі қыздың негізгі парыздарының бірі – тұрмысқа шығып, өмірдің жалғасы болатын ұрпақты дүниеге әкелу екендігін түсіндіреді, Батыс мәдениетіндегі жалғызбасты қыздарға еліктеудің қазақ менталитетіне жат екендігін түсіндіруге тырысады.
Екінші бөлімі заманауи қазақ қызының бейнесі туралы. Қазіргі заманның сұранысына қарай жұмысын да, отбасылық шаруаларын да, жеке басының дамуын да қатар алып жүру керек екендігін айтады. Тек қана ерке емес, есті ерке болудың маңыздылығын түсіндіреді. Рухани байлықтың, сергектіктің қыз баланың бойындағы маңыздылығы көп екендігін жеткізеді. Әлеуметтік желідегі жақсы, алдамшы өмірге қызығушылықтың арты жақсы нәрсеге әкелмейтінін, қолда барға шүкіршілік ету арқылы бақытымызға бір қадам жақындайтынымызды айтады.
«Қызға қырық үйден қамқорлық жасау» деп аталатын үшінші бөлімінде махаббат пен мейірімге толы отбасынан шыққан қыз баланың өмірдегі артықшылықтары туралы сөз етіледі. Олардың ата-анаға деген қамқорлығының ерекше ыстық болатыны туралы. Балалықтан өзіне сіңірген мейірімділікті болашақта бауырларына, ата-анасына, тұрмысқа шыққан отбасына ашық көрсетуі, жүректегі таза ниетті жоғалтып алмайтындығы өзіне де пайдалы екендігі айтылады.
Қыз баланың ризығы мен байлығы туралы сөз етілетін төртінші бөлімі – қазіргі таңның ең үлкен мәселесінің бірі. Тұрмыс құрғаннан кейінгі келіннің жұмыс жасап, ақша табуы және оны ретімен жұмсауы осы тараудың өзегі десек те болады. Салтымыз бойынша да, дініміз бойынша да әйел адамға өз кәсібінің нәсібін табуға рұқсат етілген, алайда кей кезде табысын отбасына емес, өз қажеттілігіне жұмсау арқылы ұрыстың басталуы мүмкін. Осы жағдайдың алдын алу үшін барынша ерімен ақылдасып, отбасы мен балаларының пайдасына жұмсалған қаражат пайдалырақ екендігін айтады.
Заманның дертіне айналған «озат адам синдромы» туралы ой бесінші бөлімде тарқатылады. Өз ісінің маманы болу мен қарсыласын қалайда басып озу үшін жанын бере жұмыс жасаудың айырмашылығы түсіндіріледі. «Сыпырына берген адамды Алла жақтырмайды» дегендей, шектен тыс тазалықтың, тәртіп пен бақталастықтың психологиялық ауру екендігін айтады. «Оның арты қызғаныштың тууына әкеледі» дейді автор. Қызғаныш сезімінің ең биігі көреалмаушылықты тудырмау үшін жастайынан жұмыс жасаудың қыз бала үшін пайдасын жеткізеді.
Қыз баласының махаббат сезімі мен келіндік өмірі туралы 6-7 тарауларда айтылады. Өмірлік жар таңдаудағы қателіктің алдын алу үшін ер адамның сыртқы келбетіне, ашық мінезі мен сөзшеңдігіне қарағанда оның сабырлылығын, діни танымы мен мінез көркемдігіне назар аударған жөн екендігін ескертеді. Алдағы өмірінде өз отбасындағы ата-анаға, бауыларына жасаған қызметі мен қамқорлығы жаңа отбасында келіндік өмірдің жеңіл болуына көмектеседі, оған қоса жаңа отбасына тез сіңіп кету үшін өзін-өзі іштей дайындаудың пайдасы зор екендігін айтады.
«Келіндік өмірде жарына, оның отбасы мен туған-туыстарына жақсы қарау керек» дейді автор. Бұл өмірдің сынақ екенін ескере келе «жұмақтың кілті ерінің разылығы мен ананың табанының астында» десек, сол жолға жетуде әйел адамның маңызы аса зор екенін айтады. Отбасы татулығының, береке-бірлігінің тұтқасы әйелдің қолында. Сол тұтқаны мықтап ұстап, отбасының ғана емес, әулеттің көңілін тауып, оны алға сүйрейтін, ерінің дәрежесін көтеріп, балаларына жақсы тәлім-тәрбие беретін келін болудың сырын айтады.
Сонымен қатар кітап соңында тағдырдың жазуымен балаларын жалғыз өсіріп, тәрбиелеп отырған аналарға аздаған кеңес берілген.
Жалпылай келгенде, кітап тек қана қыздарға ғана емес, сонымен қатар қыз бала өсіріп отырған аналар мен әкелерге, ағаларға да арналған. Ол отбасындағы еркесінің жақсы тәрбие алып өсуі мен болашаққа дұрыс бағдар беруі жолында үлкен көмек болар еді демекпіз. Алдағы уақытта да осындай тәлімі мен тәрбиесі мол кітаптардың саны көбейіп, таралу саны артуын тілемекпіз.
Г. САҚТАПОВА
23 қыркүйек 2023 ж. 1 961 0