Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына

Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына

Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» демекші, бүгінде кітапханаға барып кітап оқитын жандар саны біршама артқан. Осы орайда аудандық орталық кітапхананың "Коворкинг" орталығында «Кітап, кітапхана және жастар болашақ көкжиегінде» атты дөңгелек үстел өтті. Атаулы жиынға аудандық БАҚ өкілдерімен бірге белсенді жастар қатысқан болатын.
Жиын барысында жастарға ерекше мотивация беретін жаңа мүмкіндіктер әлеміне жол сілтейтін кітапхана қорындағы жаңа кітаптар таныстырылып, кітап жайында түрлі ойлар ортаға салынып, жастар өз пікірлерін айтты.
Сонымен бірге кітапхана оқырмандары өздері оқыған кітаптар туралы сөз қозғап, жиналған көпшілікке кітап оқудың мәнін түсіндірді. Аудандық «Толқын» газетінің меншікті тілшісі Айсәуле Нұрланова өзі оқыған әдеби шығармалар жайында аудандық басылым беттерінде үздіксіз жариялап келе жатқан оқырман. Атап өтер болсақ, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ кемесі», Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей», Төлен Әбдіковтың «Парасат майданы», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндері» мен Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» секілді шығармалар жөнінде өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ Асылгүл Жұмағұлова Абай шығармаларын, жергілікті ақындар жинақтарын ерекше ықыласпен оқитындығымен бөлісті. Соның ішінде заңғар ақын Зейнолла Шүкіров, Нұртуған шайыр мұраларын үздіксіз оқып, шығармалар өзектілігін өмір жолдарының ауыр соқпағын өз ойымен жеткізді. Абай мұраларының ішінде қанатты қара сөздерін өмірлік ұстанымына жарататындығын мақтанышпен айтып өтті. Кітапхананың келесі тұрақты оқырманы Мадина Жалғасова әлем әдебиетінің үздігі болып саналатын ұлы жазушы Эрик Мария Ремарктың шығармаларын оқып, сонымен қатар әлем әдебиетінің ерекшелігі төңірегіндегі құндылықтар мен басты ерекшелігін бұқара қауымға түсіндірді. Қаламыздың белсенді жас білімпазы Ержан Сабырбай бүгінгі заман ағымына ілесе жүріп дәстүрлі әдебиеттермен қатар электронды смартфондарға жүктелген аудио әдебиеттерді тыңдап жүріп оқитынын атап өтті. Соның ішінде ең басымдық беретіні әрбір ақын болсын, жазушы болсын қанатты сөздерін тындап оқып жүретіндігін ортаға салды.
Кеш барысында сөз алған басқа кітапхана оқырмандары өздерінің кітап төңірегіндегі ойларын ортаға салып, оның құндылықтарымен бірге, адамзат баласына берер пайдасын айтты.
(Өз тілшімізден)
29 тамыз 2022 ж. 1 792 0