Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап оқып жүрсіз бе?

Кітап оқып жүрсіз бе?

Бұл  мақаланы қолға алмас бұрын өзімнің қандай кітап оқығандығыма шолу жасадым. Жалпы, кітапты рухани азық деп жатамыз, "мен қандай кітаптар оқып жүрмін,олар маған не береді" деген сауалдарға ең әуелі өзім жауап алу арқылы ғана халыққа өз ойымды анық жеткізетінімді түсіндім. Ең алдымен әр адам өз ішіндегі сауалына жауап алар кітаптар оқиды.
Кітап – тағылымы мен берері мол, ең асыл қазынамыз. Ғасырлар көші қанша жаңарғанымен өзінің құндылығын жоғалтпай келе жатқан сөз өнерінің алтын діңгегі. Дана халқымыз "Кітап – алтын қазына" десе, ал кітапхананы мен  іші толы алтын сандыққа теңер едім. Сол алтын сандықты ашар халық саны қаншалықты көп?
Бұл сауалға жалғыз жауап бере алмасымды біліп, қара шаңырақтың біріне айналған Арал аудандық орталық кітапханамызға келдік.
Рухани қазынамыздың сақшыларының бірі Гүлнұр Шалманова апайымызбен сұқбаттасқанды жөн көрдім. Сұқбат барысында мен өзімді толғандыратын сауалдарға жауап тапқандай болдым. Жалпы, аудандық кітапханада 82 мыңнан астам кітап қоры 9 бағытта жұмыс жасайды. Халық саны жыл сайын еселенбесе, кітапты жаны сүйер оқырмандар легі азаймай тұрғанын айтты. Кітапхана ұжымы халыққа кітап оқумен ғана емес, сонымен қоса сан түрлі, әсіресе жастардың "білсем екен, көрсем екен" деген ойын дамытар іс-шараларды үзбей жүргізіп келе жаткандарын атап көрсетті.
Оның бірі “Бір өлке, бір тұлға, бір кітап” жобасы. Жобаның басты мақсаты – шағын ауылдардан ақын-жазушыларды тауып, олар туралы тың мәліметтер қарастырып, олардың замандастарымен жарқын сұқбат өткізу. Сол мәліметтерді жинақтап кейінгі ұрпаққа таныстыру, олардың қызығушылығын арттыруда жасалып келе жатқан жарқын жобалардың бірі. Кітапхана ұжымы тек мұнымен шектелмей, өскелең ұрпаққа берері мол жұмыстарды үздіксіз атқарып келе жатыр. Қазіргі таңда кітапхана қорына заманауи үлгіде жазылған мотивацияға толы кітаптар көптеп келуде, оны оқитын оқырмандар санының артуы да бізді қуантады, деп өз сөзін аяқтады.
Иә, расында де кітап өте қасиетті ұғым, ұрпақтың надан болмауына көмектесер ең үлкен қару да осы кітапта жатыр деп ойлаймын. Саған тың мәлімет бере алатын да, саған құнарлы сөз ұсынатын, ойыңа ой сала алатын ең негізгі құрал ол – кітап.
Кітап  – біздің өткеніміз бен болашағымыз. Сол үшін ұлтымыздың ұлылығы мен тарихын ұмытпайтын білімді ұрпақ тәрбиелеу біздің басты парызымыз. Балаларымызды көзі ашық көкірегі ояу азамат болып өсулеріне жағдай жасайық. Кейінгі толқын алдыңғы толқынға қарап бой түзейді. Ұлтымыздың ұлылығы білімді ұрпақтың қолында!
Мәншүк ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1 курс студенті
07 маусым 2022 ж. 931 0