Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақ әдебиетінің бүгінгі күйі қалай?

Қазақ әдебиетінің бүгінгі күйі қалай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:«Мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті».
Халқымыз ерте кезден қазақ әдебиетіне ерекше құрметпен қарап, оны бала тәрбиесіне де кеңінен қолдана білген. Мәселен, әдебиетіміздің төл туындылары арқылы балаға салт-дәстүрлеріміз бен ырым-тыйымдарымызды үлгі етіп, туған жері мен тілін қастерлеу керектігін де туындылар арқылы жеткізген. Сол арқылы бала ана тілінің құдіретін сезініп, өзге тілдерден биік қояды. Сонымен бірге ойлау қабілеті де ерте дамитыны белгілі.
Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі жастардың сөйлеу мәнері болып отыр. Яғни өзге тіл былай тұрсын, мүлде қолданыста болмаған түсініксіз сөздер қолданатынын құлағымыз шалып жүр. Кей кішкентай бүлдіршіндердің де тілдері кеш шығып, тіпті жасына сай сөйлем құрастыра алмайтынын да аңғарамыз. Мұның барлығы сайып келгенде, ұялы телефонның тигізіп жатқан зияны екендігі анық. Немересіне әдеби кітаптар оқып беріп, оның мәнісін түсіндіретін асыл әжелер қатары да азайып бара жатқандай. Кітап оқып, ой-өрісін дамыта білген бала анық сөйлейді. Сонымен қатар өз ойын еш қиындықсыз жеткізіп, мәселелердің алдын алары анық.
–Қазір барлық дерлік қала орталықтары кітапханамен қамтамасыз етіліп, кез келген кітап түріне деген қолжетімділік артқан. Тіпті оқырмандарға үйде отырып электронды кітап оқи беруге де мүмкіндік қарастырылған. Заманауи кітапханалардың дамуының негізгі басымдылығы кітаптарды сандық форматқа енгізу жұмыстары 2013 жылдан бастап іске асырыла бастады. Арал ауданының тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты 567 дана кітап сандық форматқа көшірілді. Оның ішінде сирек кітаптар – 45, өлкетану әдебиеттері – 522 дана. Бүгінде аудандық кітапханада кітап қоры 82 100-ге жетіп отыр. Сондай-ақ кітаптардың электронды нұсқалары цифрланып, «QR» арқылы сирек кездесетін кітаптар мен өлкеден шыққан ақын-жазушылардың әдебиеттерін оқуға мүмкіндік жасалған. Оның негізінде оқырмандар іздеген кітаптарын онлайн түрде оқуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар тегін «Wi-fi»желісі, жоғары жылдамдықтағы интернет, заманауи компьютерлермен жабдықталған «Goworking» орталығы жеке жұмыс аймағы ретінде оқырмандар орталығы жеке жұмыс аймағы ретінде оқырмандарға пайдалануға берілген. «Арал_кітап» электронды веб-сайты құрылып, ақпараттар енгізілуде,–деді Арал аудандық орталық кітапхана кітапханашысы Жаңалық Төлегенова.
Міне, кітап оқимын деген адамға мүмкіндік те жетерлік. Сол үшін мектеп қабырғасында ғана көркем әдебиеттерімізбен танысып қоя салуға болмайды. Онан кейін де кітапты жанымызға серік етуді өмірлік дағдыға айналдырып, туындыларымыздан қол үзбегеніміз абзал. Артына 30 томдық мұра қалдырған Мәшһүр Жүсіп бабамыз:«Ағаштың жемісі бұтақта болса, сөздің жемісі кітапта»деген екен. Иә, сөйлер сөзіміз бен тілімізді дұрыстай білсек, ана тіліміздің абыройы артып, еліміз де біршама деңгейге дамитыны анық. Сол үшін ертеңгі ел келешегін ұстаушы бүгінгі жастарға кітап оқудың маңызын түсіндіріп, көркем әдебиетімізді ұмыт қалдырмағанымыз дұрыс-ақ.
А. НҰРЛАНОВА
19 шілде 2023 ж. 294 0