Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Енді балағат сөз айтқандар жазаланады

Енді балағат сөз айтқандар жазаланады

Қазақ тілі ең бай тіл, сонымен бірге оның құдіретінде де сөз жоқ. Иә, ерте кезде ақын-жыраулар сөздің майын тамызып, айтар ойын өлең шумақтары арқылы жеткізе білген. Дегенмен бүгінгі күні қазақ тілінің сөйлеу мәнері бұрынғыға қарағанда біршама өзгергені анық. Жастар тілі де толық жетілмей, айтар ойын ашық жеткізе алмай жүргені де өкінішті, әрине. Мөңке би бабамыз «Алашұбар тілің болады, дүдәмал¬дау дінің болады» дегенде, қазақтың қара сөзінің осындай күйге ұшырарын біліп айтты ма екен?..
Бүгінгі жастар арасында кірме сөзді қолданатындар көп. Яғни, өзге елдің тілдерін сөз арасына қосып, айтар ойының да мәнін жоғалтып жатады. Мақалмен, астарлап сөйлемек түгілі, өз ойын әрең дегенде жеткізіп жүр емес пе?! Мұның барлығы сайып келгенде, әдеби кітаптарды оқымағаннан деп білемін. Себебі кітап оқып, сөздік қоры мен ойын дамыта білген тұлға кез келген уақытта өз ойын қысқа да анық жеткізері сөзсіз. Ал бүгінгі жастар қолдарындағы ұялы телефон ішіндегі сөз мәдениетінен хабары жоқ жандардың сөйлеу мәнерін бірден өзіне қабылдап алады. Сонымен бірге олардың түсініксіз бейәдеп сөздерді де көп қолданатыны тағы бар.
Қазір қоғамдық орындарда жастардың сөзіне мән беріп қарар болсақ, олардың бір-бірімен бейәдеп сөздер айтып, сол сөздеріне мәз болып тұрғанын сөзіміз шалады. Бұл жалғыз жастар арасында ғана емес, ересек адамдар арасында да кездесетін жағдай. Осы орайда жақын арада елімізде жаңа заң қабылданған болатын. Ішкі істер министрлігі Қазақстанда 2023 жылдың наурыз айынан бастап қоғамдық орында балағат сөздер айтып, қорлап, ғимараттарды ластағандарға 69 мың теңге айыппұл салынуы немесе 30 тәулікке қамауға алынуы мүмкін екендігін мәлімдеген еді.
«Жаңа редакцияда қоғамдық орындарда дөрекі сөздер айту, жеке тұлғаларды балағаттау және жәбірлеу, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау және басқаларға құрметсіздікті білдіретін осыған ұқсас әрекеттер жасалатын болса, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын ұсақ бұзақылық деп саналады. Қазіргі уақытта ұсақ бұзақылық үшін сот 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түрінде жаза тағайындайды. Жаңа редакцияда айыппұл 20 АЕК (69 000 теңге), қамауға алу 5 күннен 30 тәулікке дейін ұзарды» – деген болатын ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаев.
Жаңадан өзгеріс енгелі тұрған бұл заңға әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір білдірді. Олардың бірі, «сонда сағатына 69 мың теңге төлесек не болады?» десе, енді бірі «айыппұлды төлеп қойып емін-еркін балағат сөз айта берсек болады екен ғой» деп наразылығын білдірген еді. Ал кей қолданушылар бұл өзгерісті қолдайтынын да айтты. Мұның дұрыс шешім екендігін және жастарға қатаң ескерту екендігін де білдіріп жатты.
Ертеде бір қария дүниеден өтер уақытында ұлына өте қымбат қазына қалдырып бара жатқандығын айтады. Кейін о дүниелік болған әкесін жерлеп болғаннан кейін, ұлы қазынаны іздеп бастайды. Ол алдымен үйдің ішін толықтай бір шолып шығып, кейін үйдің ауласын түгелдей қарап шығады. Дегенмен әкесі қалдырған қазынаны таппай қояды. Бірнеше күн өткен соң әлгі жігіт ауылдың үлкен адамына жағдайды айтып береді. «Балам, босқа әуре болыпсың. Әкең өз ана тілін ерекше қастерлеген, сөзге шешен, дуалы азамат еді. Оның ұрпақтарына қалдырғаны құдіретті қызыл тіл болатын. Ел ішіндегі, халық аузындағы сол қазынаны құрметтеуді аманаттаған екен. Өйткені, тілден қымбат қазына жоқ» депті ақсақал.
Иә, халқымыздың ана тіліне деген құрметінің орны ерекше екендігі белгілі. Отбасындағы бала тәрбиесінде оның сөйлеу мәнеріне дейін аса мән берген. Сол үшін ана тілімізді қадірлеп, оның абыройын да асқақтата білгеніміз жөн. Қайдағы бейәдеп сөздерді қосып, оның құнын жоғалтқанымыз дұрыс болмас.

А. НҰРЛАНОВА
17 қаңтар 2023 ж. 401 0