Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар тілі: «POV» деген не?

Жастар тілі: «POV» деген не?

Бүгінде қай әлеуметтік желі ішін ақтара қалсақ, түсініксіз сөздер мен мәні жоқ бейнебаяндар толассыз шығып жатады. Соның ішінде TikTok желісінен «пов» деген сөзді жиі кездестіреміз. Ол не мағына беретін сөз немесе қай тілден енген? Міне, осы сынды сауалдар сізді де толғандыратын болар. Ендеше осы сөздің мән-мағынасына назар аударып көрелік.
POV (point of view) сөзінің ағылшын тілінен аударғанда «көзқарас» деген мағына екен. Яғни, бұл аббревиатура баяндау бірінші жағдайды білдіреді. Этимологиялық онлайн-сөздік бойынша, бұл сөз жанрлық белгі ретінде шамамен 1970 жылдары қолданылып бастаған. Қазіргі күні «пов» сөзі ақпаратты жеткізу әдісі, сондай-ақ оқиға оның көзқарасы бойынша көрсетілген кейіпкер. Сонымен бірге бұл сөз бейне түсірілім жанрын білдіруі де ықтимал. Бұл кезде камера оператордың көз тұсына орнатылып, көрермендер әлемді оның көзімен көреді. Көбіне мұндай бейнероликтерді экстремалды спорт түрін жақсы көретіндер түсінеді екен.
TikTok әлеуметтік желісінде #pov немесе #пов деген хэштегтер кең таралған. Тіпті әр адам өзінің парақшасындағы бейнебаяндарына осындай хэштегтерді қояды. Осы тұста ойымызға «неге мұндай хэштегтер танымал?» деген сауал келеді. Себебі «пов» жанрында ролик түсіру өте оңай болып табылады екен. Сондай-ақ мұндай хэщтегпен салынған бейне роликтер көпшілік назарына кеңінен таралып, біршама қаралым жинайды. Бұл хэштегті қоюдың да өзіндік себебі бар. Мәселен, бейненің мазмұны біреудің көзқарасын, қандай да бір нақты пікірін көрсетеді, ролик «бірінші жақта» түсіріледі және де автордың өмірі мен оның кейбір жағдайларының нақтылығын сипаттайды.
Иә, бүгінгі күні түсініксіз қысқартылған сөздер саңырауқұлақтай көбейіп бара жатқаны рас. Осы себептен де қазіргі жасөспірімдер өз ойын нақты және ашып жеткізе алмай жатады. Тіпті кейбірінің сөйлеу қабілеті дамымай, түрлі маман иелеріне жүгініп жүр. «Елім» деген азаматқа ең алдымен ана тілінің қадірі қымбат емес пе?! Өз тілімізді өзіміз құртып жүрсек, болашағымыз не болмақ?! Ұлы Абай атамыз: «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан, сауық ойда жоқ, әуел баста-ақ»-демекші, адамзатқа пайдасы жоқ бос дүниемен уақытты зая кетірмей, ел болашағын ойласа дейді. Сонымен бірге Абай атамыз: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ, барды, ертегіні термек үшін. Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» -деп, келешек жас ұрпаққа тіл қасиетін жеткізу мақсатында жазылғаны көрініп-ақ тұр. Иә, Абай атамыздың ана тілімізге зор көңіл бөлгенін оның бүгінгі жастарға қалдырған шығармашылығынан аңғара беруімізге болады. Сол үшін мағынасыз сөздерді көбейтіп, өз тілімізді жоғалтып алмайық. Біздің күшіміз де осы – тілімізде екендігін ұмытпағанымыз дұрыс. Ендігі кезекте өскелең ұрпақ бойына тіл қасиетін түсіндіріп, оның болашағын сенімді тапсыра алуымыз қажет.
А.НҰРЛАНОВА
08 қараша 2022 ж. 717 0