Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Маклюбе тағамының мәні Қазан төңкеру дұрыс па?

Маклюбе тағамының мәні Қазан төңкеру дұрыс па?

Әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен тағамы болады. Мәселен, қазақ халқының ұлттық тағамы – бешбармақ болса, өзбек халқы – палауды өзіндік дәстүрге айналдырған. Иә, әр астың дастарқан төрінде алар орны бөлек. Сонымен бүгінгі күні әлеуметтік желі беттерін ақтара қалсақ, қазан төңкеріп, оның үстін қасықпен ұрғылап жатқан бір топ адамды көреміз. Бұл қандай тағам? Қай елдің ұлттық тағамы? Жалпы қазан төңкеру дұрыс әрекет пе? Міне, осы сынды сауалдар көп көкейінде жүрген болар.

Маклюбе – арабтардың ұлттық тағамы. Бүгінгі күні дастарқанға қойылуы ерекше бұл астың тарихына назар аударар болсақ, сонау Ассирия жерінен тамырланады екен. Негізгі бөлігі – ет. Тағам түріне қосылатын көкөністер алдын ала қуырылып дайындалып алады. Мұнан кейін күріш қосып, қазанды араластырмай, төңкереді. Әр адам өз қалауынша айран секілді сүт өнімін араластырып, астан дәм тата береді. Яғни, маклюбе сөзінің түпкі мағынасы “төңкерілген” деген екен. Белгілі бір мақсатпен бас қосқан, яғни туған күн кешінде болсын 10-15 шақты адамның бір уақытта және бір жерде бір ыдыстан ырыс бөлісуіне негізгі себеп – маклюбе тағамы болып отыр.
Осы орайда ойға қазақ халқының қазан төңкеруі дұрыс па және қазанның шаңырақ басындағы маңызы қандай деген сауал келеді. «Қазан шайқалса, ырыс шамданады» дейтін сөздердің астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші. Яғни, бүкіл ұлттың ырысы, тіршілік нәрі қарапайым қара қазанда тұратыны, сондай-ақ ол шайқалса немесе төгілсе елдің ертеңі қараң екенін байқатады осы бір әспетті сөз. Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы Әлкей Марғұлан да қара қазан туралы өз пайымын бүгінге үлгі етіп қалдырған. Ғалым «Құламерген» жырының желісіне ерекше назар аудара отырып, қазан туралы: «Қазан мықты болса, ел де мықты. Қазан – шаңырақ сияқты, бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса, ел де құриды» деп жазады. Сонымен бірге қазан-ошақ төңкеріп қоюды ежелден жаман ырымға баланған екен. Мәселен, бүтін бір шаңырақта жан баласы қалмай, барлығы о дүниелік болса, сол үйдің қазанын төңкеріп қоятын болған. Бұл салттың мағынасы – шаңырақ басында енді түтін түтететін жан жоқ дегенді білдірген. Осы сынды қаза болған адамның тұқымы тоқтаусыз о дүниелік бола берсе, зиратына Құран оқытып, қазан төңкеретін болған.  Халқымызда тағы «ырысым өзге үйге кетіп қалады» деп қыз жасауына қазан қоспайды. Қалың көпшілік арасында «Қазаның төңкерілсін» деген жаман қарғыс та осы себепті айтылса керек. Сондай-ақ суға кеткен адамды іздейтін де ырым кездеседі. Көп жағдайларда қазан суға кеткен адамның тұсына қалқып барып, дөңгеленіп тұрып қалады екен.
Қазан – әрбір қазақтың шаңырағында алар орны өзіндік мәнге ие қасиетті ыдыс. Қазансыз отбасы да, ошақ та, үй де жоқ. Бірлік пен қонақжайлықтың нышаны болған қазан «құт» деген түсінік беретін символ десек қателеспеспіз.
Бүгінгі технология мен ақпарат ағымы жоғары дамыған қоғамда қазанның қадірі де кете бастаған сынды. Оның орнына түрлі металдан жасалған техникалық пеш ХХІ ғасыр келбеті болған секілді. Қалаған тағамымызды өзі дайындап, өзі қоятын пеш бізді дәстүр діңгегінен ажыратып жатқан жоқ па? Тіпті ауладағы қара қазанға от жағу әрекетін бүгінгі үйдегі газ алмастырғандай. Қай уақытта болмасын қазанның берер ырысы мол екенін естен шығармайық. Бүтін шаңырақтың басын қосып, береке кіргізетін қара қазанымыздың қадір-қасиетін түсініп, шетелден келген дәстүрге аса еліктемегеніміз жөн болар. Ертеңгі ұрпақ санасына да шаңырақ басындағы қазанның қадірін түсіндіріп, салтқа сай қолдану тәсілін де ескерте жүргеніміз дұрыс.

А. НҰРЛАНОВА
12 мамыр 2022 ж. 1 169 0