Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көнеден жалғасқан қазақ тілі

Көнеден жалғасқан қазақ тілі

Қазақ тілі – рухани құндылыққа толы. Сөз қадірін түсінген бабаларымыз бір ауыз сөзбен тоқтау салып, даудың басын шешті. Елдің тұтастығын сақтады. Қазақ басынан өткерген аумалы-төкпелі кезең тіліміздің де құндылығына әсер етпей қоймады. Тәуелсіздік алған отыз жылда өшкеніміз жаңғыра түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында еліміздің басты нышандарының бірі ретінде мемлекеттік тілді көрсетті.

– Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата Заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты, – деген болатын.
Ғылымдағы және техникадағы, өнер мен мәдениет, қоғамдық-әлеуметтік өмір мен әдебиет саласындағы жаналықтар лексикаға да үнемі ықпалын тигізіп отырады. Өткен дәуірлерде болған кейбір наным-сенімдер, әдет-ғұрыптар, ескі ұғымдар, үй мүлкі, шаруашылық бұйымдары халық тұрмысының дамуына байланысты азайып, қолданудан шығып қалды.
Соларға қатысты сөздер мен атаулар да ескіреді, яғни қолданудан шыға бастады. Бұлар белгілі бір дәуірдің, тарихи кезеңнің тілдік көрсеткіші ретінде жұмсалуы мүмкін. Олар көнерген сөздер деп аталады. Және олардың кейбірі жана ұғымдардың келуімен байланысты жаңарып қолданылуы да мүмкін.
Көнерген сөздері көбінесе әдеби кітаптар мен тарихи туындылардан, ақын-жазушыларының шығармаларынан кездестіріп жатамыз. Кейбір сөздердің мағынасын түсінбей қалып жататынымыз да жасырын емес.
Мәселен, М.Мақатаевтың «Қара өлең» атты өлеңінде ..Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып, өзіне қайтарамын... деген жолдар бар. Осындағы күпі, шекпен сөзі көпшілікке тансық. Бұл екеуі де сыртқы киім атауы. Күпі – матамен тысталып, ішіне түйенің, қойдың жабағы жүнін салып тігетін ұлттық сырт киім. Шекпен де осыған ұқсас. Тек бір ерекшелігі, таза түйенің жүнінен тоқылады. Сапасы жағынан суық өткізбейтін жылу сақтайтын төзімді сыртқы киім түрі.
Жазушы Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романында «Балық майына батырған білте шам иістеніп, түтеп жанып, аласа жерқазбаны ала көлеңкелеуге ғана жарап тұр» деген жол бар. Мұндағы білте шам мен жерқазба көнерген сөз. Қазіргі күні қолданыстан шығып қалды деуге де болады.
Ал бұған дейін малшылық пен егіншілікті басты кәсіп кеткен халықтың тұрмысында жиі айтылған күбі, келі, келсап, диірмен сөздері қолданыс аясының болмауынан көнерген сөздер қатарына ығысқан. Олардың орнын блендер, мясорубка сынды жаңа техникалар алмастырып жатыр.
Ғалымдар тілдегі сөздердің көнеріп, қолданыстан шығып қалуының себебін уақытпен байланыстырады. Алайда уақыт өте келе жанданатын сөздер де жоқ емес. Біз тілді тірі организм ретінде қарастыруымыз керек. Уақыт өте көнерген сөз қайтадан жаңғыруы ықтимал. 10 томдық түсіндірмелі сөздікті алып, «төраға» сөзінің мағынасын қарадым. Онда «төраға» көнерген сөз деп берілген. Себебі Кеңес уақытында бұл сөзді қолданған жоқпыз. Оны тек «председатель» деп қолдандық. Ал қазір төраға жиі қолданылатын сөздердің қатарына өтті.
Біз бұл дерек көздері арқылы қазақ тілінің айшықты сөз қолданысымен, халқымыздың өткен тарихы және мәдениетімен танысамыз. Мысалы, «талқыға салу» сөз тіркесін алайық. Бұл бір мәселені талқылау дегенді білдіреді. Ал шын мәнінде «талқы» сөзі ауыспалы мағына береді. Талқы – теріні өңдейтін арнайы құрал. Бұл – сөздің тура мағынасы.
Сондай-ақ қазақ тілінде кездесе бермейтін сөз тіркестерімен қосылып, бір мағына беретін сөздер де бар. Мәселен, бала-шаға, қатын-қалаш сөзіне тоқталатын болсақ. Алдымен бала-шаға сөзін қарастырып көрейік. Бала түсінікті, шаға деген кім деген сауалдың туатыны жасырын емес. Шаға сөзі көне түркі тілінен аударғанда "бала" деген мағынаны береді. Біздегі жаңа туған баланы шақалақ деп атауы жа сол шаға сөзінен алынса керек. Ал «Қатын-қалаш» дегендегі «қалаш» сөзіне тоқталайық. Бұл сөз қазақ тілінде жоқ. Сондықтан оның мағынасын түркі тілдес халықтардың сөздерінен іздейміз. Башқұрт, татар тілдерінде «қалаш» – жас келіншек дегенді білдіреді. Ал бұрынғы кезде «қатын» деп патшаның, ханның әйелін атаған. Ал бұл сөзді қазір біреуге айтсақ, ол ренжіп, шалқасынан түседі. Себебі «қатын» сөзінің мағынасы көнерген.
Көнерген сөздер көне дәуірге тән шындықты айнытпай қағаз бетіне түсіруге жәрдемдеседі. Бұл ретте көнерген сөздер көркем образ жасаудағы күшті құралдың бірі. Екіншіден, көнерген сөздер жалпы айтылатын ой түйінін білдіретін сөйлемді әуезді, екпінді ғып құруға көмектеседі. Көнерген сөздер мұндай мақсатқа арналғанда көтеріңкі стиль жасайды. Мұндай сөздерді саралап, талғап пайдалана білу нәтижесінде біз қазақ тілінің құндылығын ұрпақтан-ұрпаққа таза күйінде жеткізетін боламыз.

 Н. МАРАТҚЫЗЫ
10 ақпан 2021 ж. 669 0