Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл тазалығына мән беріп жүрміз бе?

Тіл тазалығына мән беріп жүрміз бе?

Халқымыздың ерте кезден қазақ тіліне деген құрметі ерекше екені белгілі. Жалпы барлық дерлік ұлттың өз тіліне, салт-дәстүріне, сондай-ақ ұлттық құндылықтарына деген жауапкершілігі мол болары сөзсіз. Қай ұлттың болмасын өз тілі ертеңгі болашағына тікелей байланысты болып келеді. Бұл туралы Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры»-деген екен.
Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялаған соң қазақ тілімізге мән бере бастадық. Дегенмен бүгінде тіл тазалығы бұзылып, кей азаматтардың «шала қазақ» болып жүргені де жасырын емес. Иә, кей кездері көшеде өтіп бара жатып мектеп жасындағы оқушылардың сөздерін құлағымыз шалып жатады. Сонда мектеп оқушыларының ешқандай қиындықсыз орыс тілінде сайрап келе жатқандары көңілге қаяу салады. Сайып келгенде бұл әрекеттің барлығы өз тіліміздің тазалығына бей-жай қараудан басталады. Себебі кез келген халықтың тіліне деген құрметі таза әрі оны жақсы білуімен өлшенетіні белгілі. Осы тұста қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Өзінің ана тілін өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа таптайды» деген ұлағатты сөзі ойға оралады.
Ана тіліне құрметпен қарап, оны өзгелерге де үйрету жолында қызмет етіп жүрген жастарымыз жеткілікті. Соның бірі – Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы КММ-і Арал ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлзат Сағатқызы.
–Бүгінде тіл тазалығы мен оның қоғамдағы орыны түйіткілді мәселелердің біріне айналып отыр. Қоғамдық орындарда жастардың орыс тілінде сөйлеп, қойылған қазақша сұраққа да орысша жауап беріп жататыны өкінішті. Арал ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы болып қызмет атқарамын. Қазіргі кезде аудандағы мемлекеттік қызметкерлерге «Мемлекеттік тілді деңгейлік оқыту курсы» бойынша 40 сағат, яғни 14 күн, аптасына 5 реттен 2 сағаттық курс өкізіп келемін. Атап өтер болсам, мемлекеттік қызметкерлерге, бюджеттік сала, сонымен бірге әлеуметтік сала қызметкерлеріне қазақ тілді курс жүргіземін. Бұл курстың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тіл тазалығын сақтау және де сауаттылыққа үйрету. Тағы айта кетерлігі бізде қыркүйек айынан бастап жаңа «Сөйлеу мәдениеті» атты бағдарлама әзірленген болатын. Бұл курста мемлекеттік қызметкерлердің сөйлеу мәдениетімен қатар, адамгершілік, ұлттық болмысымызды жаңғырту сынды сабақтар өткізіліп келеді. Бүгінде жүргізіліп жатқан жарнама тілі, көрнекі ақпараттар тіліне байланысты 21-ші бапқа сәйкес түсіндірме жұмыстары жасалып жатыр. Ол жерде біз халықаралық қазақ тілі қоғамымен, сондай-ақ аудандық мәдениет және спорт бөлімінің мамандарымен ономастикаға байланысты бірігіп жұмыс жасаймыз,–деді Гүлзат Сағатқызы.
Айтуынша, «Қазақ тілді кәсіпкер» атты курстары да жүйелі жұмыс атқарып келеді екен. Онда жалпы кәсіпкерлікпен айналысатын сауда үйлерінде, көптеген кәсіптік қызметте жүрген мамандарға арналған курс. Мәселен, асхана қызметкерлерінің соның ішінде даяшылардың тамақтануға келген тұтынущылармен қарым-қатынасы, сонымен бірге сауда орталықтарындағы сатып алушылар мен сатушылардың сөйлеу мәдениетін үйрену деген секілді сабақтар өткізіліп келеді. Ас мәзірі және саудаға қатысты терминдерді қазақ тілінде жеткізуге үйрету секілді барлық дерлік қазақ тілге қатысты жұмыстар жасалуда.
Белгілі ақын Несіпбек Айт: «Сан ғасырлар бабалар, сары майдай сақтаған, асыл тілім қор болды, Табанында жаншылып, тасырлардың таптаған. Пақыр болса бір сәрі, Ана сүтін татпаған. Неткен сорлы ел едік, қара сирақ, ақ табан? Жасты көрсем қуанам, ана тілін сатпаған. Тілі шыққан қазақша, сәби көрсем шаттанам! Туған тілін білмесе, туған ұлым жат маған!»-деген екен. Иә, қазақ тілі әрбір қазақ үшін әрдайым биікте болуы шарт. Еліміздің келешегі жарқын болсын десек, ертеңгі бүлдіршін бойына өз ана тілін сіңіре білгеніміз жөн. Бізге тек ана тілінде сөйлеп, тәуелсіз еліміздің көк туын биік ұстайтын жастар ғана қажет.

А. НҰРЛАНОВА
24 маусым 2023 ж. 358 0