Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тіл-халықтың рухы

Тіл-халықтың рухы

Ұлттық тіл қай халықтың болмасын, кешегі, бүгінгі ғана емес, ертеңгі де тағдыры. Адамдардың қарым-қатынасында өте маңызды қызмет атқаратын қуатты құрал. Тіл-түсіністік пен өзара қарым-қатынастың басты кілті. Тілдің негізгі құралы-сөз. Ал, сөздің негізі ой мен санада жатыр. Адамдар ойын сөз арқылы сыртқа шығарады. Тілдің көмегімен адамдар ынтымақтастыққа, достыққа, татулыққа, берекеге, бірлікке қол жеткізеді. Тіл-өте қызық, ғажайып сырға толы құпиялы дүние. Жер бетінде жеті мыңдай тіл бар дейді ғалымдар. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болу құрметіне 130 тіл ғана ие. Қазақ тілі де осындай құрметке ие болған санаулы тілдердің бірі. Қазақ тілі-Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі-еліміздің және жат жұртта жүрген қазақтардың ана тілі. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінен қазақ тілін «ана тілім»,-деп санайтындары қанщама?! Ана тіліміз-ата-бабаларымыздың бізге, ұрпақтарына қалдырған асыл мұрасы, қасиетті ардақты аманаты.
Ата-бабаларымыздың осы қасиетті ардақты аманаты қазіргі таңда өте өзекті мәселе болып тұр. Ана тіліміздің бүгіні мен болашағы жайлы әркім әр түрлі пікір айтады. «Жоғалып, өшіп кеткен тілдердің қайта тіріліп келмейтіні белгілі. Жаңадан тіл пайда болмайды. Тілдердің пайда болу дәуірі біткен. Сондықтан, қазіргі барымызды мәпелей білуіміз керек»,-дейді жазушы Ш. Айтматов. Ендігі уақытта өз тілімізді өгейсітіп алмай, кейінгі ұрпаққа қалдыру жолын қамдағанымыз жөн. Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйреніп жатқанда, біздің тіл мәселесіне немқұрайлы қарауымызға мүлдем болмайды.
Елбасымыз Н. Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі-қазақ тілі болғандықтан, тіл заңының орындалуы ең алдымен қазақтардың өзіне байланысты. Тілімізді құрметтеу үлгісін әрбір қазақ өзі көрсетпесе басқа ұлттарға өкпелеудің орыны жоқ»,-деген болатын. Сол себепті де Қазақстандықтардың 95 пайызы 8 жыл ішінде мемлекеттік тілді игеруі қажет деп 2012 жылы 27 қаңтар күнгі Қазақстан халқына арналған «Әлеуметтік-эканомикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын Жолдауында атап көрсетті. Міне, бүгінде аталмыш Жолдаудың жолданғанына да бақандай бес жыл өтті. Жолдауда тек тіл мамандары ғана емес «Қазақстандықтардың 95 пайызы» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Ата Заңда «Мемлекеттік тіл-қазақ тілі» деп анық та айқын жазылған. Қазіргі күні осы мақсатқа титтейде болса жақындай алдықпа?! Қазақша аудармасы бар, алайда, сол аударманы пайдаланбай күнделікті қолданып жүрген «ВКонтакте, WhatsApp, фейсбук, однокласники, агент және т.б.» сынды әлеуметтік желелердегі сөздерімізден бөлек, бүгінде сөз арасында пайдаланып жүрген «уже, вовсе, звонит, контакты, личка, трасса, сахар, телевизор, новый, оптом, активный, пассивный, баня, фото, очки бұдан да басқа» көптеген өзге тілден енген сөздер тілімізге сіңісіп, төл тілімізді шұбарлап бара жатқан жоқ па?! Тіл-халық қазынасы. Ал мұндай сөздердің тілімізге сіңісіп болашақта өз атауларын жоғалтуы ғажап емес. Жастарымыз ана тілінде айтылған тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын түсінбек түгілі, оны түсінуге талпынбайды да. Тіл-ұлттық тәрбиенің негізі. Туған тілдің тағдырын ойлағанда, ең бірінші көз алдымызға бүгінгі ана тілін дұрыс білмейтін жас ұрпақ елестейді. Туған тіліміз-халқымыздың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінгі жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелейтін ең басты қазынамыз. Әйтсе де біздер оны құрметтеп, қолдап, аялау керектігі жөнінде көп ой толғанған емеспіз.
Еліміз тәуеліздік жолының жиырма бесінші жылына қадам басқан тарихи шақта, басқа елдермен иығын тең тіресер кезеңде мені тіліміздің қазіргі жағдайы толғандырады. Әсіресе, жастар, өкінішке орай ана тіліне менсінбей қарауға әуес. Көшеде жүрген екі қазақтың бірі орыс тілінде сөйлейді, дүкенде де, қоғамдық орындарда жүрсек көретініміз сол. Жасы да, кәрісі де тілін бұрап орыс тілінде сөйлеп жатқаны. Өз тілімізде сөйлеуге неге арланамыз? Білмесек, үйренуге неге тырыспаймыз? Жолдауды орындаймыз деп тырысқан тіл мамандарына мұндай шұбарланған сөздер кері әсерін тигізбесе, ешқандай пайда әкеліп жатқан жоқ. Мектеп мұғалімдерінің мақсаты әлеуметтік жағынан дамыған, ұшқыр, ұтымды ойлап, белсенді қимылдайтын, өзгенің пікірін сыйлап, төзімділікпен тыңдай білетін жеткіншектерді тәрбиелей отырып, мемлекеттік тілді өгейсітпей, оның болашағына жанашырлықпен қарайтын саналы ұрпақ қалыптастыру. Бұған оқушыларымыздың мектептен тыс уақытта болатын ортасы, араласатын адамдары және тағы да басқа себептер кедергі жасап отыр.
Жалпы қай тәрбиенің де отбасынан басталатыны рас, патриоттық сезімде отбасынан қалыптасады. Тіл туралы айтылғандардың бәрі желге ұшып, қоқысқа айналмасын десек, әр қазақ өз шаңырағында ағарту ісімен айналысса деймін. Сонда ғана әр адамның санасында ұлттық намыс, патриоттық жігер оянар еді. Сөйтіп ол да ана тілін қадірлеуге, сыйлауға, ұмытпауға,патриоттық сезімнің оянуына ат салысар еді.
02 желтоқсан 2022 ж. 779 0