Ғасыр тұзшысы

Комбинаттың күрделі құрылыс бөлімі базасының негізінде құрылыс-жөндеу цехы құрылды. (1999 жылы «Аралтұз» акционерлік қоғамында жөндеу жұмысы көлемінің азаюына байланысты цех таратылды). Комбинатта тұз кептіру бөлімшесі, тұз фабрикасы, қағаз, дайын өнім, тауарлар сақтайтын қоймалар, вагон депосы салынса, кеніш тұрғындары үшін мәдениет үйі мен мектеп салдырған С.Дәріқұлов жұмысшылардың да әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырмады. Тұзшыларға жаңадан үйлер, аурухана салдырды. Оған дәрігер алдырып, тұрғындардың медициналық көмек алуын қолжетімді етті.
Сағадин Дәріқұловтан кейін «Сульфат» пен «Сольтрест» қосылып, 1958 жылы «Аралсульфат» комбинаты құрылды. 1962 жылы Арал қаласына қоныс аударды. Қоныс аударғаннан кейін Сексеуіл стансасында бастауыш партия комитетінің төрағасы болды.
Еңбек ардагері 1980 жылы бұл фәнимен қош айтысты. «Ғасыр тұзшысы» атанған Сағадин Дәріқұловтың есімі 2018 жылы 12 маусымда Жақсықылыш кентіндегі көшеге беріліп, ескерткіш белгі орнатылды.
Тарихи тұлғаның тұяғы, медицина саласында қызмет жасаған зейнеткер, қызы Күләш Сұлтанова апамыз әкесі туралы естеліктермен бөлісіп, музей қорына ескі суреттері мен құжаттарын табыстады.
Осындай абзал жан, сала майталманының тұз өндіру саласындағы атқарған еселі еңбегі ұрпақтар жадында мәңгі сақталады.
Гүлнар Каримолдақызы,
Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері