Қос ардагерге құрмет
Биылғы қарттар күнін лайықты қарсы алып отырғандар қатарында ішкі істер қызметінің ардагерлері Әйтеке Жарымбетов пен Бақытжан Сүйеубаевты айтар едік.
Әйтеке Жарымбетов барлық еңбек жолын аудандық ішкі істер бөлімінде өткізіп, қызметтің барлық сатысына көтерілген сала үздігі. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы дәрежесінде зейнетке шыққан оның жүріп өткен жолы бүгінгі жас тәртіп сақшыларына үлгі-өнеге. Оған Әйтеке Жарымбетовтің кезінде көптеген ауыр қылмыстарды ашудағы іскерлік, қырағылық қызметтері жайлы жазған жерлес журналист Нұргүл Нұрбайқызының "Қар бетіндегі айғақ" атты деректі әңгімесі детектив шығармаларының республикалық байқауында үздік танылып, «Шытырман» детектив шығармалар жинағына енгізілуі айқын дәлел.
Ал Бақытжан Сүйеубаев болса аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі лауазымынан аудандық ішкі істер бөлімі бастығының кадр жөніндегі орынбасары қызметіне келіп, осы салада 22 жыл жемісті жұмыс істеді. Жеке құрамның кадрлық сапасын жақсарту, ішкі қоғамдық-саяси жұмыстарды жандандыруда Б.Сүйеубаевтың да өзіндік үздік үлесінің болғандығы айтуға тұрарлық. Соның нәтижесінде І-ІІ дәрежелі "Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметтері үшін" медальдарымен, "Үздік қызметі үшін" милиция үздігі омырау белгісімен, жоғарғы органдардың көптеген мақтау грамоталарымен марапатталды.
Қос ардагердің өмірлеріндегі биылғы жаңалық – ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық Кеңесі Президиумының қаулысымен "Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері" омырау белгісімен марапатталуы еді.
Бүгіндері қоғамдық тәртіптің жас сақшыларының ақылшы ұстазы атанған қос ардагерге құрметті атақтарыңмен бірге мерейлі мерекелерің де құтты болсын демекпіз.
Ж.ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ