Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарату ісі тынымсыз тіршілікті талап етеді

Тарату ісі тынымсыз тіршілікті талап етеді

Қоғамда кез келген кәсіп иесінің өзіндік орны бар. Әр саланың мамандары өздеріне тиесілі міндетті атқарған жағдайда ғана қоғам толықтай қамтылады. Бұл түсінікті жағдай. Ал біз сол мамандарға қаншалықты құрмет көрсете аламыз деген сауал әлем халқын ерте уақыттан бері толғандырғаны анық. Осы сауалдың негізінде түрлі кәсіби мерекелер қабылданып, әр саланың қызметкерлеріне бір күнді арнау, игі тілегі мен құттықтауларын жолдау оларға қуаныш, құштарлық сыйлайды. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз де – пошташылар.
Иә, 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні болып бекітілген. Тарихы ертеректен бастау алатын бұл атаулы күн жайында алғаш рет 1874 жылы Берн келісіміне 9 қазанда қол қойылды. Бұл жиырма екі елдің қатысуымен Швейцарияда болды. Келісім бойынша Бас пошта одағы құрылды. 4 жылдан кейін ол атауын Әлем деп өзгертті. Содан бері бұл мереке жыл сайын 9 қазанда атап өтіледі. Бүгінде Дүниежүзілік Одақ халықаралық пошта өзінің клиенттерінің 6800 тілінде «сөйлейді» деп мәлімдейді. Бұл тауарларды қауіпсіз, тиімді және үнемді тасымалдауға, пікір алмасуға және жақындарының ойларын әр түрлі қашықтыққа жеткізуге мүмкіндік береді.
Қиын-қыстау замандарда, тіпті соғыс уақыттарында хат тасып, жедел жеткізу міндеттерін мүлтіксіз атқарған азаматтарға қандай құрмет қылсақ та артық емес. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де осынау ауыр қызметтің бел ортасында жүрген жан – Дина Елеуова.
Жалпақ оқырманға белгілі 93 жылдық тарихы бар жергілікті "Толқын" газеті үзіліссіз оқырмандарға ақпарат жеткізіп отыр. Әдетте газет десе алдымен ойымызға журналистер қауымы оралады. Расында ақпаратты зерделеп, газет бетінде жарық көруіне олардың еңбегі зор. Бірақ сол құнды дүниені халыққа жеткізу таратушылардың еңбегі. Бүгінде осы газетті аудан тұрғындарына уақытылы әрі тұрақты түрде жеткізу қызметі де өздеріне тиесілі.
2016 жылдан бастап газет тасымалын жүргізу мүмкіндігіне ие болған медиа құрылымда тасымалдаушы ретінде еңбек етіп жүрген Дина Елеуованы қазірде Жаңаауыл аталатын мөлтек ауданның тұрғындары толықтай таниды десек болады. 7 жылдан бері ауданның жағымды жаңалығын жұртшылыққа жеткізіп, ақпарат көзімен сусындатып отырған кейіпкеріміз өз жұмысы жайлы былай дейді.
– Жұмыстың жеңілі жоқ дейді ғой. Шындығында солай. Әрбір қызметтің жауапкершілігі болады. Тек сол жауапкершілікті сезінген жағдайда ғана барлық қиындықты елемей жүре аласың. Сондай-ақ үлкендері "айналайын" деп батасын деп, кішілері сәлемін беріп, рақметін айтқанда, өзіңнің қоғамға қажетті жан екеніңді сезінгенде сенен бақытты адам болмайды, – дейді.
Расында өте жауапты әрі ауыр қызмет екені жасырын емес. Қыстың қақаған суығы мен бет қаратпас боранында, жаздың аңқа кептірер аптабында өзіне қарасты 20 көшені бастан-аяқ аралап, мерзімдік басылымды дер кезінде жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Одан қалды қабаған ит пен қаптаған көлік қозғалысы да өз кедергісін тигізетіні тағы бар.
Міне, осындай қиындықтарды бағындырып, аптасына 3 рет газетті оқырман қауымға жеткізіп жүрген апайымыз бүгінде бір отбасының ақылшысы. Қызметтің қиындығына қарамай немерелерінің де еркелігін қатар көтеріп жүрген жанға табысты еңбек тілейміз.
Міне, қоғам үшін маңызды мерекеде тасымалдаудан талмайтын жандарға біз қуаныш сыйлағымыз келді. Осы мақаламызды оқи отырып оқырмандар қауымы да пошта қызметкерлерінің баға жетпес үлесін түсінеді деп сенеміз. Сіздер де әрбір пошта қызметкеріне рақмет айта жүріңіз. Себебі әдемі сөздер, сіздің жылы лебізіңіз бен шынайылығыңыз пошта қызметкерлерін қуантады, оларға жағымды эмоциялар әкеледі.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
10 қазан 2023 ж. 178 0