Табиғатты қорғау отбасынан басталады
Табиғат пен адам егіз ұғым. Оларды бір бірінен бөле жауға келмейді. Табиғат өмір сүретін ортамыз. Қоршаған ортаның сәні де, мәні де жайқалған ағаштар мен гүлдер, түрлі жан жануарлар. Осы бір сұлу да сырбаз дүниені аялап баптау әрбір отбасынан бастау алатын, отбасылық тәрбиенің бір бөлшегі. Осы орайда өзім көзбен көріп, көңілмен сүйсініп жүрген Аманөткел ауылының тұрғындарын көпке үлгі болсын деп насихаттағым келеді.
Солардың бірі ауыл тұрғыны Жақсыкелді аға мен Гүлжаһан апамыздың шаңырағына тоқталғым келеді. Бұл отбасының кішкентай немерелерінен бастап еңбекке жақын болып өсуде. Олар қаршадайынан ағаш отырғызып, бау бақшаның жұмысымен айналысады. 1988-1989 жылдардан бастап аталған отбасы еңбегінің жемісін көріп отыр. 35 жылдан бері олардың ауласында өрік, алма, жүзім секілді көптеген жеміс ағаштары мен маусымында қызанақ, қияр, қауын, қарбыз секілді көкөністерге көмкерілген ауласы мәуелі баққа айналады. Бұл жұмыстың бәрі тынымсыз еңбектің арқасы. Әсіресе отбасындағы балаға берілген еңбекқорлық қасиеттің көрінісі дер едім. Қазіргі таңда Жақсыкелді аға 66 жастан асса да ауылдың гүлденуіне өз әсерін тигізіп, егіншілікпен айналысып отыр. Ал жұбайы Гүлжаһан апай талай жыл оқушыларды білім нәрімен сусындаған ардагер ұстаз. Апайымыздың қолымен отырғызылған жүзім ағаштары мен гүлдері жайқала өсіп, қоңыр күздің өзінде еркеше көрік беріп тұрады.
Күз келе бау бақшаны арам шөптерден тазартып, келесі ерте көктемге әзірлік жасайтын отбасы әр кез егіншілікм жұмыстан қол үзбейді.
Бүкіл отбасымен табиғатты құрмет тұтып, оған ерекше ықыласпен қарайтын Жақсыкелді аға мен Гүлжаһан ұстаз өз білгендерін өзгеге үйретуден жалыққан емес. Талай жылдан бері олар бақшаны баптаудың әдіс тәсілін де терең меңгерген. Қай жеміс ағашын қалай күту керектігін, көкөністерді, бақша дақылдарын қай уақытта егу қажеттігін де жақсы біледі. Табиғат да нәзік құбылыс қой. Дұрыс реттілікпен жасалған жұмыс зая кетпей жемісін беріп, жайқалған баққа айналғаны да соның нәтижесі деп ойлаймын.
Ауылдың көркеюіне үлес қосып, жастарды әдемілікті бағалай білуге, қоршаған ортаны құрмет тұтуға, табиғатты аялауға үйретіп жүрген отбасы Жер-ананы қадірлесең сыйынан құр қалмайтындықты дәлелдеп тұрғандай. Осы бір сыйластығы жарасқан отбасының бақыты ортаймасын деп тілейміз.
Мейрамкүл Рзамбетова,
№73 орта мектептің мұғалімі