Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшет ектім, туған жер көркейсін деп...

Көшет ектім, туған жер көркейсін деп...

Қазақ кинотуындыларының қатарын толықтырған «Шабдалы» деген фильмді көргенсіз бе?! Көрмесеңіз көруге кеңес берер едім. Тәрбиелік мәні зор, ауыл өмірі мен шынайы болмысы айқын көрініс тапқан тамаша туынды. Сол кинода алып қашып кеткен қыздың қалыңмалына шабдалы дарағын сыйға тартады ғой. Алғашында мұны түсінбеген құдағай: «Мал емес, тал бергені несі» деп арланып, құдасына ашу шақырады. Алайда уақыт өте сол шабдалы дарағынан өсіп шыққан өнімдер әлгі қыздың анасын белді кәсіпкерге айналдырып, қалың малдың 10, тіпті 100 еселенген есесін шығарып береді ғой. Сонда барып «атадан мал емес, тал қалсын» деген даналы сөздің астарын түсінген ана байғұс өмір бойы құдасына ризашылығын білдірумен болады. Мұны неге айтып отырмыз? Қазір сол талдың қадірін білетіндер бар ма екен? Болса да онның бірі шығар. Оны отырғызу бөлек іс те, күтіп-баптау тіпті бөлек шаруа. Міне, сол машақаты көп шаруаны қиынсынып, «Аралға тал өспейді» деген жалаң сөзді желеу етіп жүргендер жеткілікті бізде. Жоқ, олай емес дер едім. Бабын тапсаң бұл жерден банан да, ананас пен шабдалыны да шығаруға болады. Тек уақытылы күтім мен қажетті жағдай жасалуы керек.
Жыл сайын осы Арал қаласының өзіне мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылады. Аудан әкімі бастап, қалғандары қоштап маусымның дәл осы кезінде қала бойынша Жер-Анаға қадалған қадау-қадау көшеттер самал желмен майысып, тербеліп тұрады. Алайда араға бірнеше ай салғанда әлгі бүр жарған көшеттер көктей солып, қу шыбыққа айналып қалып жатыр. Жылда солай. Тал егуден кенде емеспіз. Алайда оны күтіп-баптап шығаруға келгенде сөзден іске көшетіндер жоқтың қасы. Кіл құлықсыздар мен жалақыға жегіліп жүргендер біздің туған жерге деген жанашырлығымызды қайтсін?! Сондықтан бұл жұмыста да «бағбан» деген байыпты іске білек сыбана кірісетін, сол жұмысынан шынайы ләззат алатын жандарды іздеу керек. Жасырып қайтеміз, бұл іске келгенде жүрдім-бардым қарау бізде де бар. Күн жылынса көшет іздеп босқанда сондаймыз. Сол ісіміз арқылы ағаш егуді жаппай науқанға айналдырып жібердік.
Сөз барысында науқан деп қалдық қой. Бұл мезгілде ненің сұранысқа ие болатынын саудагерлер де біліп алған секілді. Базар жағаласаңыз саудада тұрған көшеттерден көп нәрсе жоқ. Дән керек десеңіз, оны да табасыз. Тал керек десеңіз мархабат, таңдай беріңіз. Қазір қандай өсімдік түрлері сұранысқа ие екенін білмек болып, халық көп жиналатын орталық базарды бетке алдық. Әдетте түрлі-түсті гүлдер сатып, романтиктер мен нәзік жандылардың танысына айналған гүл сатушы апай бұл жолы "Газель" автокөлігінің үстінде. Шаруасы қауырт. Келген алушыларға талдар мен дәндердің сұрыптары мен жасалуы керек бабын айтып әлек. Ол жерде кәдімгі қайың, терек, қара талдардан бөлек, жеміс беретін ағаштардың түр-түрі бар. Алма, жүзім, өрік, шие дейсіз бе барлығы бар. Тек оны еккен жағдайда бабын келістіріп, жеміс ала аласыз ба? Мәселе сонда. Мұндай кеңесті әлгі гүл сатушы да айтып қалды.
– Өсімдік атаулы көп жер талғай бермейді. Тропикалық өсімдіктер болмаса, алма, алмұрт, апельсин сынды жеміс ағаштары көп жерлерде өсе береді. Тек олардың барлығына арнайы бап керек. Сондықтан бұл жеміс ағаштарын қорықпай ала беруге кеңес берер едім. Біз көбіне бейнетінен қашып, өзі өсіп, өзі көктейтін қарапайым тал-теректерге үйірсек келеміз. Оларды отырғызғаннан кейін бірер-жыл суғарсаңыз қалған нәрін жерден ала береді. Жеміс ағаштары да сол секілді. Тек қарапайым талдарға қарағанда күтім жасайсыз. Есесіне бірер жылдан соң сол ағаштың саясында, «алма піс, аузыма түс» деп отыратын кез келеді. Сондықтан жеміс ағаштарын көпшілік тұрғынға алуға кеңес беремін. Бағбандар үшін бұл мәселе емес. Осы Аралдың өзінде жеміс ағаштарын жыл сайын көктетіп, жемісін жеп отырған қаншама тұрғын бар. Барлығы да өсімдіктердің бабын келістіріп отыр. Басқалары да өзге емес, өзі үшін солай етуі керек деп есептеймін, – дейді кәсіпкер келіншек Алмагүл.
Бағбан демекші, Аралда тұратын Қуаныш ағамыздың ауласына бас сұқсаңыз, оның шын мәнінде бағбан екеніне көз жеткізесіз. «Күтімді егін бітімді» демекші, дәннен дәнек, жасыл желектен жеміс алып отырған оның бүгінде өз ісіне деген сүйіспеншілігі шынайы еңбектің нәтижесін көрсетіп отыр. Шағын аулаға сан түрлі ағаш отырғызған бағбан қырыққа тарта жеміс ағаштарының жемісін жеп отыр. Әлгі «Аралға қара талдан басқа тал өспейді» деген қасаң қағиданы ол бағбан да жоққа шығарады. «Ол еріншектің әңгімесі» дейді бағбан. Расында сол еріншектігіміздің кесірі болар жер талғамайтын қара ағаштың өзін қарық қылып жатқанымыз шамалы. Сондықтан құр сылтаудың құрғақ уәдеден де қатты екенін естен шығармайық.
Айтпақшы, мен де әлгі тал сатушы апайдан көшет алдым. Оным Аралды гүлденсін дегенім еді. Ендігі ермегім сол талдар болмақ. Жеміс берсе, қане?!
09 сәуір 2023 ж. 323 0