Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тал егеміз, көктеуі қалай?

Тал егеміз, көктеуі қалай?

Осы Арал қаласының өзіне жыл сайын мыңдаған түп тал егіледі. Туған жер жанашырлары жылына келетін бір науқанға бір кісідей-ақ атсалысты. Бұл үрдіс биыл да жалғасты. Аудан әкімі М.Оразбаев бастаған қызметкерлер республикалық «Таза табиғат» акциясы аясында бас-басына бір-бір көшеттен отырғызып, қаланың көркеюі үшін өз қолтаңбаларын қалдырды. Өткен айда ғана тәуелсіздік құрдастары да №220 орта мектеп жанындағы алаңға көшет отырғызып, рәтті іс жасады.

Хош... «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөзді әлі де жадыңыздан шығармаған боларсыз. Жапырағын жайған жасыл желектің саясында отырған талай шаңырақты білеміз. Көнекөздер, бәлкім, осы бір тәмсілдің шын мәнінде өміршең боларын біліп айтқан шығар. Мына қызыққа қараңыз. Франкфурт қаласының маңындағы 62 жасар неміс фермері Томас Клаус деген азамат 6 гектарлық орманды 19 жыл бойы өз қолымен өсіріпті. Сол орманды 34-тен астам құс, 40-тан астам жан-жануар түрлері мекен еткен. Керемет пе, әрине. Бір адамның еңбегі осындай нәтиже беріп жатса, маңдай тердің өтеуі қайтқаны. Жалпы, көпке үлгі болатын мұндай адамдар біздің елімізде де бар. Орман жасамаса да, кішігірім бақ жасап, оны жас ұрпақтың жайлы орнына айналдырып жататын жандар жоқ емес. Білсеңіз, ауданға қарасты Аманөткел ауылының кіреберісінде ауыл халқы «Шыңдалы бағы» деп атап кеткен бақ бар. Ауылдың ажарын ашып, сәнін келтіріп тұрған сол бақты кезінде сол елдің азаматы Шыңдалы ағамыз әкім боп тұрғанда күтіп-баптапты. Қазір сол маңда өсетін жеміс ағаштарымен қоса жергілікті жердің өсімдіктері бар. Шыңдалы ағамыздың есімімен аталып кеткен бақ қазіргі таңда аманөткелдіктердің мақтанышы, күн жылт еткенде таза ауа жұтып, серуендейтін көрікті жері. Біз келтірген осы мәліметтерге қарап, адамның қолымен ағаш егу былай тұрсын, бақ немесе орман жасауға болатынын бағамдап отырған боларсыз. Бәлкім, аталарымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөзді осындай нәтижелерге қарап айтқан шығар. Ал бізде ше?! Бақ тұрмақ, тал егу қиындап бара жатырғандай. Тал егуде кемтігіміз жоқ. Бірақ соны шығарып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жетуде кемшілік көп болып тұрған сияқты.
Жалпы, наурыз айында облыс әкімімен бекітілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі 2021 жылға арналған облыстық іс-шаралар жоспары негізінде «Көктемгі көшет» тал отырғызу, «Ауылым – алтын бесігім» атты ағаш отырғызу акциялары, сәуір айында «Мекенім – жасыл орманым» атты ағаш отырғызу күні, қыркүйек-қазан айлары аралығында «Таза ел, таза өлке» экологиялық акциясы, сондай-ақ жыл көлемінде «Таза табиғат» ұлттық жобасы аясында «Су – өмір нәрі», «Бұл – менің ағашым» және «Бірге таза Қазақстан» жалпы республикалық сенбіліктер ұйымдастырылады деп белгіленуде. Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жұмыстар ағымдағы жылы өткізілмек. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің статисі Арман Алдабергеновтің мәліметінше, аталған акциялар мен жобалар аясында 10 мыңдаған түп ағаштар отырғызу жоспарлануда.
– Жыл көлемінде өткізілетін акциялар барысында өсіп тұрған ағаш көшеттерін күтіп-баптау шараларын жүргізіп, жергілікті жерге бейімделген 10 580 түп түрлі ағашты аудан аумағына отырғызу жоспарымызда бар. Бүгінгі күнге аудан бойынша 6401 түп көшет (Сыр талы, қара тал, үйеңкі) отырғызылып, Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1 млн 800 мың түп сексеуіл егілді. Осылайша теңіз-ананың толғаулы тағдырына аудан азаматтары да өз үлестерін қоспақ. Бұл мәселе де таяқтың екі ұшы болатыны секілді, ел азаматтарының арасында табиғатқа жанашырлық танытпау жағдайлары да кездесіп жатады. Десе де өз жерімізді өзіміз гүлдендірмесек, бізге басқа жерден келіп ешкім істеп бермейтінін айтқым келеді. Сондықтан аудан тұрғындары бұл мәселеде тонның ішкі бауындай бірлесе іс қылумыз керек деп ойлаймын,  – дейді статист Арман Алдабергенов.
«Бір тал кессең, он тал ек». Осы бір тәмсіл көбіне қаперімізде болмайтыны өкінішті. Негізі, табиғат-ананың да адамға айтар назы бар. «Тал екпейміз» деп таусылатынымыз өз алдына, сол өскен талға күн бермейтін кесір азаматтар да өз арамызда жүр. Балалықпен жасалған іске дат айту орынсыз болар, алайда естияр азаматтардың қоршаған ортаның жасыл өскіндеріне жанашыр болуы былай тұрсын, істеген қиянатын көргенде іштей қынжыласың. Бәлкім, айналаның жайқалуына, қолға алған істің нәтиже беруіне осындай көше "кезбелерінің" кесір әрекеттері тосқауыл болып тұрған болар. Кейде күндіз-түні күзетіп жүрген жерлерді малдар мен ит-мысық сынды қаңғы хайуанаттар қиратып кетіп жатқан жайттарды жиі естіп жатамыз.
Түйін: «Жер-жер» деп шулағанда сондаймыз, бірақ күрек алып сол жерді өңдеуге, жасыл желекке бөлеуге келгенде көбіміздің құлқымыз жоқ. Ол өз алдына, айналасын таза ұстауға шамасы келмейтін азаматтардың бары қынжылтып жатады кейде. Жалпы, өсіп-өнген өлкені көркейту, таза ұстау жалғыз атқарушы биліктің ісі емес екенін түсінетін уақыт жеткен сияқты. Елге, жерге жаны ашитын азаматтардың сол жерге қызмет етуі керек деген ұсыныс айтар едім. Бүгіннен бастап біз егіп, гүлдендіре алмай жатқан жерлерді бірнеше азамат бірігіп қолға алатын болса, оған жергілікті биліктен лайықты қолдау болады деген ойдамын. Мәселе ағашты еге салуда емес, оны күтіп- баптап, жер астына суынан нәр аламын дегенше қарауда болып тұр. Сонда ғана біз сөз жүзінде айтатын көрсеткіштер бас-аяғы бірер жылда нәтиже береді дейміз.

А. БИСЕНОВ
18 мамыр 2021 ж. 642 0