Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел байлығын қорғаушы

Ел байлығын қорғаушы

Ескіұра елді мекеніне жақындағанда киелі табиғаттың киесін сақтап жүрген табиғат жанашыры Баймағанбет Қойбағаровтың ұрпақтан ұрпаққа қалар игілікті істері бәрімізді қуантты. Сыр бойының екі жағы бір кездері тұнған тоғай болған деседі. Үлкендердің айтуы солай.Жанға жайлы жұмсақ ауасы, көк майса шөп, балығы тулаған, шағаласы шулаған сол күндер бүгінгі ұрпақ үшін ертегі сияқты болғанымен, біздің ата- бабаларымыз сол күндерде өмір сүрді. Тек кейінгі ұрпақ аталардың табиғатты аялау туралы өсиет сөздерін құлаққа ілмей, әп-әдемі табиғи көріністерімізден айырылып-ақ қалғанымыз өкінішті.Бұл өкініштің өзегі ішімізді өртеп жүргенде, аталар ісін жалғастырушы табиғат жанашырларын естіп қуаныпта қалдық. Райымнан шығып, көл жағалап келе жатырған машина Ескіұра елді мекеніне жақындағанда қалың нуға тап болып, қайда жүрерімізді білмедік. Айнала үйден биік өскен жуан түпті жыңғылдар ертелі көрініп келе жатқан Ескіұра елді мекенін бізден жасырғандай ештеңе көрінер емес. Табиғаттың мына көрінісіне таңдана келе жатып, ескі сүрлеу жолға түскен екенбіз. Машина есігін ашып, жан-жағына қараған жүргізуші жігіт:
– Баймағанбеттің орманы ғой, – дейді ризашылықпен.
– Қалай сонда?! Көмір жағатын мына ауыл іргесінде жатқан тегін отынды шаппайтын болғаны ма?
Біздің таңдана қойған сұрағымызға жымия қараған жігіт:
– Е, ағасы, бұл Баймағанбеттің жанайқайының арқасында аман қалып тұр ғой. Әйтпесе жұрт әлдеқашан-ақ тоз-тозын шығарар еді...
Баймағанбетті білеміз. Үнемі ат үстінде орманшының жасыл киімін киіп, дария жағалап жүретін оны бұл маңайда танымайтын адам кемде-кем шығар.
– Әне, аға, – дейді жүргізуші жігіт әлде де мақтанғысы келгендей, – сонау көл ортасындағы орманды көрдіңіз бе? Бұл да Баймағанбеттің сонау бір жылдары елді жұмылдырып, дария бойындағы қайыр талынан әкеліп еккен ағаштары. Бүгінде биіктеп, шағын орманға айналған.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы берік ұстанған Баймағанбеттің осынау игі істеріне біз де риза болдық. Кім білсін, күндердің күнінде ол жердің де Бамағанбет талына айналмасына. Өйткені Сыр бойында атақты әулие бабалардың атындағы талдар әлі күнге кездеседі. Сол жерлердің атауына ие болған Тілеулес ишан, Есепбай, Сәтбай, Оразымбет, Майданбай ишан, Жетес би сияқты киелі адамдардың ағаштары жан-жағына жайылып, шағын тоғайларға айналған. Жұртшылық қазір отынсыз қалса да, ол ағаштардың бұтағына да тимейді.
Сонау бір жылдары Арал экологиясы бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Міне, сол бір тоқсаныншы жылдардың басында Арал орман мелиоративтік станциясы құрылған. Біз әңгімелеп отырған кейіпкеріміз Баймағанбет Қойбағаров осы мекемеге сол кезде-ақ орман қорғаушы болып жұмысқа орналасты. Кейіннен бұл мекеме Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау болып құрылды да, орталығы Қамбаш елді мекеніне көшірілді.
Орманшы болу оңай кәсіп емес. Жаздың аптап ыстығына да, қыстың қытымыр аязына да қарамайсың. Астыңда дөңгелекті көлік те жоқ. Болғанда да ол дария бойының ну қалыңында жүре де алмас еді. Бар сенетінің – қолға үйретілген ақ боз ат. Соның арқасында талай табиғат байлығына зиян келтірушілерді ұстаған. Табиғат байлығын қорғаушылардың үздігі болған Баймағанбет осы кезге дейін көптеген басшымен жұмыстас болып, өзінің тынымсыздығы мен табиғатқа деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында басшылардан ылғи да мақтау естіп отырды. Алғашқы бастығы Ешмаханов Сақтаған, Есенбаев Аманкелді, Смағұлов Файзулла, қазіргі басшысы Емекешов Тілекбай да нағыз табиғат жанашырлары десек те болғандай.
Орман қорғаушылар жұмысы ылғи да тынымсыз тірліктерге толы. Қайсыбір жылдары теңіздің суалған табанына көптеген гектар жерге сексеуіл көшеттерін отырғызған. Ішінде Баймағанбет те бар орманшылар күн-түн демей еңбек етті. Міне, орман қорғаушылар табиғат байлығын қорғаумен бірге, оны өсіріп баптаумен де айналысады. Сонау Ақбай елді мекенінен өте берістегі жолдың екі жиегіндегі биік-биік өскен талдар да орманшылар еңбегінің жемісі. Онда да Баймағанбеттің қолтаңбасы бар.
Баптай білсең Жер-Ананың берері көп. Бау-бақша өсіріп, ауласын жасыл желекке айналдыруды жаны сүйетін Баймағанбет:
– Біздің жерлерді көпшілік жұрт "құнарсыз, ештеңе өспейді" деп даурығады. Күтіп-баптай білсең, қай жерде де қалаған жемістеріңді отырғыза беруге болады, – дейді.
Қазір Сыр бойындағы адамдар өрік, шие, алма, жүзім егумен айналыса бастады. Халықпен дұрыс түсінік жүргізудің арқасында орманшылар өсірген көшеттерге әр көктем сайын сұраныс та жоғарылап келеді.
Бір мекемеде отыз жылдан астам жұмыс істеген орман қорғаушының республикалық, облстық, аудандық мекемелерден алған мақтау қағаздары да жеткілікті. Әрбір мақтау қағаздарын қолымызға ұстай отырып, олардың әрқайсысының үлкен маңдай термен келгенін сездік.
Баймағанбет Қойбағаров жақында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Бәрінен де қуаныштысы – Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жұмысшысы Баймағанбет Қойбағаровтың ұзақ жылғы еңбегі мен іс-тәжірибесі ескеріліп, есімі Қазақстанның "Алтын кітабына" еніп отыр. Бұл – қарапайым еңбек адамы үшін үлкен мәртебе.
Ескіұра елді мекенінің тұрғыны Баймағанбет құдай қосқан жары Нина екеуі ұл-қыздарын ұясына қондырып, немере сүйіп отырған бақытты әке. Ақындықты жастайынан жанына серік еткен ұлы Алмат Қойбағаров – бүгінде облыс көлеміне танымал айтыскер ақын.
Дана халқымыз «Орман көп болса, олжаң да көп» демекші, жаныңа сая, қорыққанға пана болатын орманның бәріміз үшін де маңызы үлкен. Ал сол халық байлығын қорғаушы Баймағанбет Қойбағаровтың нағыз табиғат қорғаушы екенін сезіндік.
Әне, ол тағы да үстіне орманшының жасыл киімін киіп, ат үстінде дария бойын жағалап барады. Басқа жұрт мал іздесе, ол әрбір ағаштың бүлінген-бүлінбегенін қарап, талдарын түгеңдейді.
Киелі табиғаттың киесін сақтап жүрген осындай табиғат жанашырлары лайым көп болса екен.

Жақсыбай МУСАЕВ,
Қызылжар елді мекені
10 наурыз 2021 ж. 587 0