Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » КАНАЛДАРДЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

КАНАЛДАРДЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Халық пен билік арасындағы ашық диалог жалғасуда. Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев одан әрі Жетес би ауылдық округінің Райым елді мекенінде есеп берді. Кездесуде әдеттегідей бірінші болып ауылдық округтің әкімі М.Жақсылық пен учаскелік полиция инспекторы баяндама жасап өтті.
Байқағанымыздай, өткен жылы ауылдық округ бойынша қолға алынып, жүзеге асқан жұмыстар баршылық. Соның ішіндегі қуантарлық жаңалық, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге және өзін-өзі басқарудың кіріс көздерінен бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында Райым-Водакачка жолындағы көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп және көгалдандыру жұмыстарына қажетті су айдау қондырғысы алынған.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша 5 ауыл тұрғыны оқытылып, мал басын асылдандыру және көбейту мақсатында "Жолмырзаев Ербол" ШҚ "Агро-бизнес" бағдарламасыменқаржыға қол жеткізген. Сонымен бірге, "Сыбаға" бағдарламасы арқылы 2 шаруа қожалық 2 бас бұқа алып, мал басын асылдандыру жұмыстарын нәтижелі жүргізіп, мемлекет тарапынан берілген субсидияға қол жеткізген.
Округтегі иесіз каналдар "Советжарма", "Тәуіпжарма" және "Сарыөзек" каналдарының құжаттарын рәсімдеу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылған. Нақтырақ айтқанда, канал құжаттарына қаржы бөлініп, жерге орналастыру, кадастрлық жұмыстар жасалынып, облыстық табиғат және табиғи ресурстарды реттеу басқармасына қарасты "Табиғат" кәсіпорынының теңгеріміне өткізілген. Сонымен бірге, 2019 жылы «Советжарма» каналының бойына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, су тоспа (шлюз) салынып, пайдалануға беріліп отыр.
Мінекей, жыл көлемінде ауылда біршама жұмыстар қолға алынып, шешімін тапқан. Жиын одан әрі аудан әкімінің есебіне ұласып, аудан басшысы М.Оразбаев тарих қойнауына еніп үлгірген доңыз жылындағы толағай табыстарды көрсетіп, атап өтті. Бұл игілікті істерге жергілікті жұртшылық дән риза.
Есепті кездесу соңында ауылдық ардагерлер Ескіұра елді мекеніндегі №218 негізгі мектебіне медициналық қызметкер штатын бөлу және шағын орталық ашу, Райым елді мекеніндегі № 72 орта мектебіне қосымша ғимарат, Ескіұра ауылына медициналық бекет салу қажеттігін атап өтті. Аталған мәселелер әкімдіктің де басты назарында екендігін жеткізген аудан әкімі халық сұранысына сәйкес жұмыстар атқарылатындығын айтты.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
24 қаңтар 2020 ж. 585 0