Абысын тату болса, ас көп...

– Бұл жерде біздің де бірталай үлесіміз бар-ау, бұлар соны ескермеді ғой. Онда бір қызық жасайық, – деп жоспар құрады. Арада біраз уақыт өткенде, ет жеп отырған інісіне әйелі:
– Осы қайын ағам біздің балаларымызға үнемі артқы сирақты береді. Көрдің бе, өз балаларына адамдардың алды болсын деп алдыңғы сирақты беріп отыр, – деп сыбыр ете қалады. Мұны естіген күйеуінің көңіліне күдік ұялап, ойланып қалады. Осындай ұсақ-түйек дүниелер жинала келе, інісінің көңілінде ағасына деген ыза, кек пайда болады. Кез келген нәрсеге бола ілінісіп, үнемі керісіп жүреді. Ақыры араларына сызат түсіп, інісі басқа жаққа қоныс аударуға бекінеді. Ашуы тарқамаған күйі «үйді жығып қой» деп әйеліне тапсырма береді де, өзі ауылдастарынан үй көшіретін ат іздеп кетеді. Алайда ешкімнен жарамды ат таба алмай, кешке үйіне келсе, әйелі үйді жықпай отыр екен. «Жықпағаның дұрыс болыпты, ешкім ат бермей жатыр» дейді салы суға кетіп. Әйел: «олай болса, бір қойды сойып, кешкі астың қамын жасайық», – дейді де, малдың сирақтарын алып, «мынаның алдыңғы сирағы қайсы, артқы сирағы кайсы, айырып берші» дейді. Күйеуі ары қарап, бері қарап, ажырата алмаған соң ағасынан барып сұрайды. Ағасы да ажырата алмайды. Сонда әйелі:
– Алдыңғы сирақ пен артқы сирақты ешкім ажырата алмайды. Біз сіздердің сыйластықтарыңыздың қай жерге дейін жететінін сынамақ болып, осындай айлаға барған едік, – деп назданады. Сонда өзінің қателігін бірден түсінген інісі ыңғайсызданып:
– Етіңді көбірек сал, етіңді көбірек сал, менен бір қателік кеткен екен, –деп аға-жеңгесін қонаққа шақырып, кешірім сұраған деседі.
Міне, қазақ тұрмысындағы мұндай мысалдар бүгінгі жастарға сабақ болса деген ой ғой біздікі. Бірақ қазір заман басқа. Әлгіндей жағдайға түскен жандар жоқ та шығар. Себебі тынымсыз еңбекті қажет ететін қазіргі заман кей жандарды көре алмаушылыққа жетелеуде. Міне, осындай олқылықтардың салдарынан көп шаңырақтарда бой көтерген татулық туы жығылып жатады. Қазіргі заманның күйігі– сол.
Байқайсыз ба, бүгінгі таңда бір шаңырақтың астында тұрып жатқан ағалы-інілі бауырлар мен абысын-ажынды келіндерді көру қиынға соғып барады. Бұрын отбасында түсініспеушілік болған жағдайда, лезде ауыл-аймақтың назарына ілігіп, көпті көрген қариялардың бітімге келуі арқылы бір нәтиже шығарған.
Ата салтқа адал болған бабаларымыз өздерінің ықылас-ниеттері арқылы кенже баланы қолға ұстап, үлкендерді уақыты келгенде еншісін беріп, бөлек шығаратын болған. Тұрмыстағы қатаң тәртіпке бағынған әке балалары үйленіп отбасы болса да, ата-ананың ақ батасын алмай, бөлек шығуға талаптанбайтыны содан болар. Ал қазіргі таңда олай емес. Абысынмен сөзі жараспай, қайын інісінің әзілін көтере алмай қалған келіннің қыңырлығы осындай жайттардың туындауына себепші. Одан былайғы жерде енесінің екпініне шыдай алмай, қабақ шытатын келіндер қаншама? Барлығына бірдей жастарды кінәлаудан аулақпыз. Бәлкім, ата-ене де отбасы құндылығы жайлы ойлауы керек шығар...
А.ҚАРАСАЙ