Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биологиялық белсенді қоспалардың дәрі-дәрмектен айырмашылығы неде?

Биологиялық белсенді қоспалардың дәрі-дәрмектен айырмашылығы неде?

Биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) - тамақпен бір мезгілде тұтынуға немесе тамақ өнімдерінің құрамына енгізуге арналған табиғи және (немесе) табиғиға ұқсас биологиялық белсенді заттар. ББҚ құрамына өсімдіктер, шөптер, минералдар, тағамдық талшықтар, ара өнімдері, теңіз өнімдері, балдырлар, пробиотиктер, ашытқылар және басқа да заттар кіруі мүмкін. Бірақ, дәріні олармен ауыстыруға, сондай-ақ, ауруды өз бетінше емдеуге болмайды.
Биологиялық қоспалардың дәрі-дәрмектерден айырмашылығы неде?
Негізгі айырмашылық - дәрі-дәрмектер асқынған аурудың белгілерін жою үшін қажет. ББҚ ферменттердің түзілуі үшін қажет. Олар ауруды жоймайды, өйткені олардың жұмысының механизмі мен принципі өзгеше. Олар ішкі ағзалардың негізгі жүйелерінің жұмысын қалпына келтіреді. ББҚ-ны өмір бойы қабылдауға болады, ал дәрі-дәрмектер тек белгілі бір емдеу курсына арналған. Егер құрамын салыстырар болсақ, дәрі-дәрмектер - химиялық синтезделген заттар болып табылады. ББҚ табиғи ингредиенттерден жасалған. Бұл - сіздің денеңіз әртүрлі ауруларға төтеп бере алуы үшін сау кезде қабылдауға ұсынылатын табиғи емдік қоспа.Жалпы биологиялық белсенді қоспалар адамды емдемейді, олар аурулардың алдын алу құралы болып табылады. Олар адам ағзасының тамақ арқылы алатын пайдалы заттар мен минералдардың жетіспеушілігін толтырады. Әсіресе, жүйке және дене жүктемелерінің жоғарылауы кезінде, сондай-ақ, адам аурудан кейін қалпына келгенде өте маңызды.
ББҚ-ны қолданудың артықшылықтары:
- құрамында тек табиғи өсімдік ингредиенттері;
- зат алмасу процесі және жалпы метаболизм тұрақтандырылады;
-қоспалардың құрамында дефициттің орнын толтыратын көптеген дәрумендер бар.
-ББҚ-ны дұрыс қабылдау адамның жалпы жағдайы мен денсаулығын жақсартуға көмектеседі.
Биологиялық белсенді қоспалар қандай жағдайда зиянды?
Мәселе барлық ББҚ үшін клиникалық зерттеулер жүргізілмеуінде. Көптеген компаниялар өндірісті үнемдеуге тырысып, қоспалардың құрамына күмәнді компоненттерді қосады. Олардың түрлі дәрі-дәрмектермен өзара әрекеттесуі де зерттелмеген. Сондықтан жағымсыз жағы да пайда болуы мүмкін:
- құтылу қиын психологиялық тәуелділік;
- қажетті әсердің болмауы;
- егер қоспа құрамында улы компоненттер болса, ауыр зардаптар туындауы мүмкін.
Сондықтан биологиялық белсенді қоспаларды дәрігердің кеңесінен кейін ғана қабылдаған жөн, өйткені мамандар тексерілген құрамдарды және оларды қалай дұрыс қабылдау керектігін біледі.

А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Сурет:  stopfake.kz 
18 қазан 2023 ж. 572 0